ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылым жерді қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осыған орай «AMANAT» партиясының жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, комиссия жұмысының нәтижесінде бүгінде мемлекет меншігіне еліміз бойынша 293,2 мың гектар жайылым жер қайтарылса, Жәнібек ауданы бойынша 7482 гектар жер қайтарылды.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев, «AMANAT» партиясы Жәнібек аудандық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері: аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев, «Shopan ATA» қауымдастығы Жәнібек филалының төрағасы Бауыржан Сабанов, аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Гүлзара Төреғалиева, аудандық ветеринариялық стансаның директоры Біржан Ғұбашев, аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асылбек Қамашев Талов, Жақсыбай және Борсы ауылдық округтеріне барып, жергілікті шаруа қожалық басшыларымен кездесті.
-Биыл мемлекетке 17 мың 500 гектар жер қайтарылу керек. Қазіргі кезде мал шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі - жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі. Бұл әрине, шаруашылық құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылық иелігіндегі мал басы санының жыл санап артуына байланысты екендігі сөзсіз. Мал тіркелмей, жер шабылмаса, жер пайдаланылмаған деп саналады. Жер кодексінің 38-бабында өзінің жерін басқа біреуге жалға беруге болмайды деп анық жазылған. Жерді игере алмасаң, оны кері тапсыру керек. Біздің міндет - жерді тартып алу емес. Пайдасына жаратпай отырғандардың жерлерін түсінік жұмыстары арқылы қайтару болып табылады. Жерді пайдаланбаған адамға Салық кодексінде өзгерістер бар. Бұрын 10 пайыз еді, қазір ол 20 пайызға дейін айыппұл төлейді. Қысқасы, жерді алып еңбек етпесең, өз-өзіңе сор тілеп алдым деп есепте, - деді Нұрболат Зұлыпқарұлы өз сөзінде.
Сонымен қатар Бауыржан Қанатұлы да өз ойымен бөлісті.
«Жерді қайтару мәселесі Жаңақала ауданында басталды. Шаруа қожалықтардың арасында бәсеке болды. Жер жетіспеді. Бұлардың әрекеті қандай болды? Аталмыш ауданның шаруалары жиналып, кімнің жұмыс істеп жатқанын, кімнің істемей жатқандығын ортаға салды. Ауызбіршіліктің арқасында, өз еріктерімен біраз жер мемлекетке қайтарылды. Енді "қайтарылған жерді кімге береміз?" деген сұрақ туындады. Шаруалар қайтадан жиналып, жердің кімге қажет екендігін конкурсқа дейін шешіп алып, соларды ғана жердің конкурсына қатыстырды. Сөйтіп, бірліктің арқасында жердің дауы шешілді.
Құрметті қожалық иелері, осындай ұйымшылдық пен ауызбіршілік бізде әзірге жоқ. Сол ұйымшылдықты өзіміздің ауданда қалыптастыру үшін шұғылдануымыз керек. Жастар өсіп келе жатыр. Жердің конкурсында шаруаларын жаңадан бастағандарға ешқандай жеңілдіктер жоқ. Ол туралы ұсыныстарды беріп келеміз. Дегенмен, ол ұсыныстар жүзеге асқанша, біздер өзара ақылдасып, конкурсқа шығарылған жерлерге осы жастарды қатыстырсақ, ешқандай дау болмайды. Мысал ретінде айта кетейін. «Shopan ATA» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбай 1500 гектар жерде 15 мың бас ірі қара ұстайды. Яғни, ол - жерді тиімді пайдаланып отыр деген сөз. Аз жерден көпті табуға тырысып, үйренуіміз керек. Экстенсивті әдістен интенсивті әдіске көшуіміз керек. Саннан сапаға көшу керек», - деді ол.
Аталмыш тақырыптан бөлек Асхат Хамитұлы, «Ауыл аманаты» жобасын, төмен пайызбен берілетін несиелер, қайтарымсыз грант, жұмысшыларды тіркеу хақында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды.
Атап өтейік, комиссияның мақсаты – пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жеке меншікке өткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл тұрғындарына ұсыну, әділ үлестіру болып табылады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz