Бодандық бұғауынан босап, ел іргесін енді ғана бекітіп үлгерген, ал заманның нағыз өршіген алабөтен тауқыметтері кезінде «тәй-тәй» басқан «Жайық Пресс» ЖШС-ға 20 жыл болып қалыпты.
Қас-қағым мезет... Бірақ сол шақтағы ескі де жаңа проблемаларды еңсеру үшін үлкен ұйымның жансебіл арпалысқанын, сөйтіп небір сынақтан сүрінбегенін, толайым табыстарын ескерсек, бұл – шырайлы шежіреге бай кезең.
Басында облыстық коммуналдық кәсіпорын болып құрылып, құрамына «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері кірген «Жайық Преске» алдағы кезде аудандық басылымдарды да тарту жайында әңгімелене бастаған-ды. Бұрын облыс ауқымындағы жауапты жұмыстарда шыңдалған, «Дастан» баспа-полиграфия корпорациясында лауазымды қызметтер атқарған, бүгінде марқұм Қаршыға Қосанов «Жайық Пресс» кәсіпорнының директорлығына тағайындалғаннан аудандық газеттердің жағдайын егжей-тегжей зерттегеніне куәміз. Жағдай демекші, аудандардағы баспаханалар қорғасын дәуірмен қоштасып, жабылып, редакцияларда штат қысқартылған кездегі халіміздің несін айтасың. Талай нәрсе жадымызда бұлдыр тартады, күйбең тірліктің тасасында қалады ғой, ал газет бастыру үшін заманауи жабдықтарға қол жеткізе бастаған Оралдағы баспаханалармен арадағы шабыс, сосын басылымды ауылға жеткізудегі (көлігі жоқтар жол-жөнекей көлікпен, жолаушылар аутобосымен) қиындықтар естен шыға ма? Облыстық кәсіп-
орын бізді қанатының астына алатын күнге сондай күйде жеттік. 2005 жылдың жазында аудандардағы қызметкерлерді электрондық құралдарды игеруге оқытып, алдымен сегіз аудан редакциясына жаңа компьютер жиынтығын берді. Әрине, алғашқыда газетті облыс орталығында бастыру үшін аяқтай барып жүруге тура келді. Қазіргідей ауылдың өзінде отырып, бір түймені баса салып, баспаханаға жөнелтетін кезге дейін уақыт қажет еді. 2008 жылдың көктемінен біздің аудандық «Жайық таңы» газеті екі түспен, ал күз ортасынан түрлі-түсті шыға бастағанда, жұртымыз қолдарына мүлдем шыт жаңа газет ұстап, разы болғаны да ұмытылар ма?!
Одан кейін «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры қызметтерінде болған республикаға есімдері белгілі журналистер Николай Жоров, Шыңғыс Мұқан ақпаратты ұтымды беруге байланысты бастамаларымен, әріптес-жұмыстастармен шынайы адами қарым-қатынастарымен қошеметке бөленді.
Мезгіл мінезі басылымдардың тың тынысы, соны мазмұны, дизайны жөнінде де барған сайын жаңа талапты алдымызға көлденең тартты. Қоғамдық ой-пікір туындатып, үнқосулар әкелген жарияланымдарды апта сайын әйгілеу, әр кезекті нөмірге шолу, қызметкерлердің ізде-ністерін ынталандыру Жантас Сафуллиннің басшылығы кезінде серпінді сипат алды. Серіктестіктегі еңбегін аға менеджерліктен бастап, бас директорлыққа көтерілген оның жетекшілігімен өңіріміздегі баспасөз тарихын зерттеу ісі айтулы жемісін берді. Ұлтымыздың жоғы десе, тарих десе, қашанда табанынан таусылып, түн қатып, түс қашып жүруге дайын әріптестерімен бірге ойға-қырға шауып, Ресей мұрағаттарындағы сарғайған дүниелерді табандап отырып қопарды. Сөйтіп, кезінде халқымыз үшін мәдени-ағартушылық қызметтерімен танылған, тұңғыш газеттер шығарған, өкінішке қарай, Кеңес одағы дәуірінде әдейі тасада қалдырылған, «жау, қауіпті элемент» деп есімдерін атаудың өзіне тыйым салынған зиялыларымыз хақында тың деректер табылды. «Инемен құдық қазғандай» бейнеттің және бір зейнеті – республикамыздағы алғашқы басылымның бірі болып табылатын «Қазақ-стан» газетінің (1911-1913 ж. ж.) барлық саны түгенделді. Оған редакторлық жасаған әйгілі арысымыз Ғұмар Қараштың, жазылым жұмыстарын ұйымдастырушы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің, жұртының санасын оятуға жан-тәнімен атсалысқан басқа да айбоздарымыздың еңбегі жаңғырып, кітаптар жарық көрді. Зор тағы бір олжа – «Орал өңірі» мен «Приуральенің» шыға бастағаны бұрында негізге алынғандай, 1918 жылғы 17 қарашада емес, одан әрі де болуының анықталуы. Яғни бұлардың түп атасы әуелде саналып келгендей, «Известия» – «Хабар» емес, 1917 жылғы 28 шілдеде алғашқы саны шыққан «Ұран» газеті екені тайға таңба басқандай дәлелденді. Мұның бәрі бүкіл байтағымыздың өткен ғасыр қойнауында қалған тарихын, баспасөз тарихын түгендеуге сүбелі үлес екені анық.
Осылайша, қалам иелерінің өз еліне, бұқараға жанашырлығынан, әлбетте, мысал жетіп артылады. Мұны әманда бағалап, әр ауыл, әр еңбек ұжымы дәстүрлі медиасаламен байланысты тығыз ұстаса, ортақ пайда деген сол. Осы орайда серіктестік ұжымының 2018 жылы аудандарда ұйымдастырған «Туған жер» этномәдени жобасы да көпшілікке ой салды, қозғау салды. Сол ауқымды шаралар барысында еңбеккерлермен, үлкен-кіші тұрғындармен дидарласуларда бай салт-дәстүрімізді, күллі құндылығымызды бағалау, әрбір елді мекеннің өткеніне тереңірек үңілу, тұрмыс-тірлікте қордаланған мәселелерді шешу жолдары жайында ықыласты әңгіме өрбіді. Дәстүрлі медиа өнімінің мазмұнындағы оң өзгерістерге ризашылықпен бірге көпшілік журналистердің қай тақырыптарды әлі де тереңірек қаузауы қажеттігін атап-атап көрсетті. Медиахолдингтің сол кездегі бас директоры Рауан Сәбитовпен жастардың мектеп оқушыларының жүздесулерінен олардың журналистикаға, сөз өнеріне құштарлығы, мамандық таңдауға ұмтылысы леп берді. Қалам иесі болуға талаптанып жүрген мектеп шәкірттері арасында сол жылы ұйымдастырылған «Ғажайып өлке» атты шығарма байқауының аудандарға сапар барысында қорытындыланып, жүлдегерлердің көтермеленуі де
әдемі, әсерлі сәтке айналды. Аталған жоба әлеуметтің баспасөзбен байланысы өркениетке өріс екенін жан-жақты көрсетті. Әрине, «Жайық Пресс» түрлі басқа да тәлімді шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді, тұрғындардың, мекеме-кәсіпорындардың шақыруымен де барып тұрады. Әр жерде «төртінші билікпен» осындай байланысты «суытып» алмауды ауыл-ауылдағы, мекемелердегі басшы-қосшы азаматтарымыз естен шығармаса, нұр үстіне нұр. Өйткені шынайы ақпарат көзіне, салмақты сараптамаға деген ортақ мүдделілік – мына жаңа дәуіріміздің өткір тұрған бір талабы. Ғаламтордағы бас-көз жоқ ағыл-тегіл ақпараттан гөрі, тасқа басылған сөздің жөні бөлек екені іргелі мемлекеттерде, өзімізде де айтылып жүргені тағы мәлім.
Тасқа басылған сөз демекші, медиахолдинг тынысынан бүгінде бәсекелестікке қабілетті шыңдап, ақпарат құралдарының қоғамдық санаға әсерін айшықтау мақсатындағы ізденісті көзі қарақты әр оқырман байқайды. Иә, жауапкершілігі жоғары БАҚ болмаса, қоғамда демократияландыруды тереңдетіп, қанаттандыру мүмкін емес. Ақпараттық қауіпсіздігімізде, идеологиялық дербестігімізде де мерзімді басылымдардың орны орасан. Осыған қатысты серіктестіктің бас директоры Табылғали Сапаровтың «Орал өңіріне» «Мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды» атты сұхбатына (№7, 24 қаңтар, 2023 жыл) көп нәрсеге қанықтық. Оның «...Әрбір қоғамдық саяси газет әр отбасына – қоғамның әрбір ұясына жетуі керек. Халық бұл дағдарыс кезеңінен өтеді, түсінеді, сөйтіп газеттің бағы қайта жанады. Өйткені дәл осы басылымдар мемлекеттің, оның халқының дамуына игі әсерін тигізетін ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарға, тарихқа деген көзқарасты қалыптастырады. Мемлекет мүддесі қашанда бәрінен жоғары тұратын ұлттық элитаның көзқарасы да газет арқылы көрініс табуы керек. Міне, идеология осылай қалыптасады, мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды», – деген тұжырымын баршамызға құлаққағыс, ақпарат құралдарының ауадай қажет екенін қаперімізге салу деп есептеймін өз басым. Сұхбатта оқырмандардың түрлі әлеуметтік тобына, қоғамның кәсіби құрамына назар аударып, олардың мұң-мұқтажын көрсетуге қатысты жаңа жоспар, міндеттер де қамтылған.
Жиырма жыл. Қас-қағым мезет... Бірақ қос құрлықты қатар жайлаған өлкеміздің өмірінен ойып тұрып орын алған медиахолдингтің атын алысқа әйгілеген жоталы, қадау-қадау жетістіктер жетіп артылады. Ақпарат айдынында майдан салған жиырма жыл «Жайық Престің» жұлдызы әрдайым жоғарыда жарқырап тұратынына әбден кепіл. Оның есімі бүкіл елімізге белгілі майталмандарын, еңбегі мемлекеттік марапаттармен қошеметтелген өкілдерін, ақпараттық кеңістікке қарымды қолтаңбаларын қосып жүрген қоғамдық ауторларын, ұйымшыл ұжымды біз, сала ардагерлері, риясыз мақтан тұтамыз. Алдыңғы аға-апаларының ізімен толғауы тоқсан тіршілікті тасқа басу үшін шығармашылық ширақтықпен тақым суытпайтын жас әріптестеріміз үшін марқаямыз.
Болат Есқалиев,
Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің 1994-2019 жылдардағы редакторы