8.02.2023, 10:30
Оқылды: 49

Еңбекке жол ашқан «Жастар тәжірибесі»

Қазіргі таңда оқу орнын бітіріп, диплом алған түлектердің көпшілігі өз мамандығы бойынша бірден жұмысқа орналаса алмайды. Кейбірі алған білімдері бойынша емес, басқа бағытта еңбек етуге мәжбүр. Осыған орай мемлекет тарапынан «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» сынды бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асуда. Бұл жобалар NEET санатындағы жастар үшін де өте қолайлы.

 «Жастар тәжірибесі» – еңбек жолын жаңадан бастаған жастарға таптырмас мүмкіндік. Жауапты мамандардың айтуынша, бағдарламаға қатысушылардың көбі өздерін жақсы маман ретінде көрсетіп, жолдама алған жеріне тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Теректі ауданында да бұл бағдарлама бойынша жұмыспен қамтылған жастар бар.

Жоспарда – 160 адам

Жұмыссыз жастар туралы сұрағымызға аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Жанаргүл Жақия толықтай жауап берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 150 жас жұмыссыз көрінеді.

- «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының мерзімі - бір жыл. Жалақысы 103500 теңгені құрайды. Жұмысқа өтініш жасау үшін жеке басты куәландыратын құжат, мамандығын растайтын диплом және банктегі шоты қажет. Жалпы, жобаға ауданда 198 720 млн бөлінген болатын. Былтыр бағдарламаға 101 адам қатысып, оның 27-сі тұрақты жұмысқа қабылданды. Ал 62 адам әлі  тәжірибеден өтуде. 2021 жылы 94 адамның 25-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл 160 адам тәжірибеден өтеді деп жоспарлануда, - деді Жанаргүл Жақсылыққызы.

«Асыл тұқымды мал өсіремін»

«Жастар  тәжірибесінің» арқасында «екі қолға бір күрек» тапқан жандардың бірі- Қыдырәлі Ғұбайдуллаев. Ол кәсіптік білімді аяқтап, қолына дипломын алған бойда Теректі аудандық жұмыспен қамту орталығына өтініш тастапты.

- Теректі ауданына қарасты Аңқаты ауылында дүниеге келдім.  2021 жылы Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебін аяқтап, «Теректі» колледжіне оқуға түстім. Үйдің үлкені болғандықтан, үй шаруасына ерте араласып, еңбек етуге бейімделдім. Өзімнің сүйікті мамандығым - ветеринария саласында қызмет ету арманым болатын, - деген Қыдырәлі Әмірұлы «Жастар тәжірибесі» туралы ауылындағы жастар жетекшісі Айару Кеңесқызынан естігенін айтты.

95902a37-c0ac-410b-aa7a-97af86d3ee3a

Аңқатылық Қыдырәлінің айтуынша, мемлекеттік жоба еңбек өтілімі жоқ, жақында ғана оқу бітірген жастарға жұмысқа тұруға, мамандығының қыр-сырын үйренуге үлкен мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар жалақысы да былтырғыға қарағанда екі есе көбейген.

- Аңқаты ауылының тұрғындары Кеңес үкіметі кезінен мал шаруашылығымен, соның ішінде ақбас сиырларды өсірумен айналысады. «Жастар практикасы» аяқталған соң,  жоғары оқу орнында білім алып, туған жерімде жұмыс істеймін деген жоспарым бар. Тәжірибе жинақтап жүріп, ауылдағы мал дәрігері Нұрғали Арыстанов ағамыздан малға тексеріс жасау, егуді үйрендім, - дейді жас маман.

Тиімді тұсы өте көп

Подстепныйлық Артур Әділгерей өзі алғаш әріп танып, білім алған мектебінде мұғалім қызметін атқарып жүр.

IMG-20230207-WA0101

2018 жылы 9-сыныпты аяқтаған Артур Орал гуманитарлық-техникалық колледжіне оқуға түседі. Колледж қабырғасында белсенді студенттердің қатарында болған ол түрлі сайыстарға, форум-семинарларға қатысып жүріп, аталмыш бағдарлама жайында хабардар болыпты. Қолына дипломы тиген соң, жұмыспен қамту орталығына жүгініп, өзін түлетіп ұшырған білім ордасы - Подстепный мектебіне жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

- Өзің оқыған мектепке оқушы емес, жас ұстаз ретінде келу - ерекше сезім. Білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыммен әріптес болудың өзі бір бақыт. Енді саған емес, сен басқаға үйретесің, үлгі боласың.

Оқуын жаңа ғана бітірген, қолында дипломы бар, бірақ тәжірибесі жоқ маманды ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Кем дегенде үш жылдық тәжірибе сұрайды. Ал жас маманда ол қайдан болсын? Сондықтан да  «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының тиімді тұстары өте көп. Әрі жақсы өзгерістер де енгізілген. Мәселен, бұрын тек жарты жыл жұмыс жасаған жастар қыстың қақ ортасында жұмыссыздар қатарын толықтырушы еді. Қайтадан жұмыс іздеп, әуре-сарсаңға түсетін. Қазір мерзімін 1 жылға ұзартты. Яғни, 12 айдың ішінде  ұжыммен етене араласып, тіл табысуға мүмкіндік зор. Оған қоса салаң бойынша көп нәрсені меңгеріп, өзіңді жан-жақты көрсетуге де уақыт бар, - дейді Артур Бақытжанұлы.

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале