9.02.2023, 11:30
Оқылды: 17

«Қаражат көп бөлінуде, бірақ нәтиже аз»

«Жақында Достық үйінде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты мониторингілеу және  бағалау» тақырыбында жиын өтті. Отырысқа облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқармалар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. 

 фото Мади Губайдуллин (13)

«Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы аясында «Еуразия» қоры өкілдігінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысында іске асырылып жатқан соңғы үш жылдағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша мониторинг жұмысын жүргізіп келеді. Осы мақсатта қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар арасында мониторинг нәтижесі талқыланды. Іс-шараны облыстық қоғамдық келісім кеңесі және Евразия қорының қолдауымен  «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Аталмыш қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Гүлбаршын Мұштанованың айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты өткізудің ереже бойынша іске асыру сатысы қарастырылған.

– Өкінішке қарай, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бағыттарын қалыптастыру процесіне тартуға қатысты үдеріс формальды түрде жүргізілуде. Бірақ оның тиімділігі мен нәтижелілігі төмен деңгейде деген қорытынды жасауға болады. Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру үшін бөлінген қаржыландыру көлемі айтарлықтай жоғары, бірақ нәтиже мардымсыз. Қандай да бір лот құнын есептеу тәртібі мен әдістемесі белгісіз, түсініксіз. Лоттардың құнын есептеуде үкіметтік емес ұйымдар қаржылық тұрғыдан қорғалмаған, смета өткен жылдардың сомалары мен бағалары негізінде жасалады. Алдымен, жобаның тиімділігін қоғаммен талқылап, сауалнама, зерттеу жүргізу қажет. ҮЕҰ мен мемлекеттік құрылымдардың бір бөлігі әлі күнге дейін мемлекеттік қызмет көрсетудің мәнін түсінбейді. Бұл – үкіметтік емес ұйымдарды қолдау емес, әлеуметтік мәселелерді шешу құралы. Осыған мән беру керек, – дейді Гүлбаршын Мұштанова.

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің заңгері, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Зәки goszakup.gov.kz порталында жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды зерделеп, талдау жасады.

– 2020-2022 жылдарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа барлығы 2 852 407 100 теңге бөлінген (2020 жылға – 1 197 211 000 теңге, 2021 жылға – 660 219 900 теңге,  2022 жылға – 994 207 мың теңге).  2022 жылы «Діни экстремизмнің алдын алу» және «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру» бойынша 360 778 640 теңге бөлініпті.  Яғни бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жалпы құнының 36,2 пайызын құрайды. Бұл бағыттар бойынша уәкілетті құрылымдар – облыстық дін істері басқармасы және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы болып табылады. Облыстық дін істері басқармасы алты жыл қатарынан «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беріп келеді. Оның ішінде «Аманат – Жайық» қоғамдық қорымен бес рет 278 063 771 теңгеге шарт жасалған. Бес жыл ішінде «Аманат – Жайық» ҚҚ «Діни экстремизмнің алдын алуға» бюджеттен 278 млн теңге алған. 2017 жылы – 42,6 млн, 2019 жылы – 38 млн, 2020 жылы – 44,5 млн, 2021 жылы – 46,8 млн және 2022 жылы – 106 млн (келісімшарттар 49, 1 млн және 56,8 млн). Соңғы үш жылда бір көзден сатып алынған, тапсырыс берушінің бәсекеге қабілетті әдістерді таңдауға деген ұмтылысы байқалмайды, – деп атап өтті заңгер Бауыржан Ахметжанұлы.

Отырыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыру бағытындағы тапсырыс берушілер мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы пікірлердің сәйкес келмеуі, ортақ ережелердің орындалмауы секілді мәселелер талқыланды.

 

Гүлжамал Кенжеғалиева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале