- Бексұлтан Базарбайұлы, күні кеше шәкірттеріңіз облыстық байқаудан жүлделі орын алуымен құттықтаймын. Қандай байқау, кімдер жүлделі орын алды?
- Бұл облыстық «Техно-Stand» көрме-байқауы болатын. Байқауға бұрын оқушы кезімде қатысып, жүлдегер атанған едім. Араға жылдар салып қайта өткізілген көрме-байқауда шәкіртім Өмірзақ Әлішер жүлделі ІІ орынға ие болып, нәтижелі көрсеткіш көрсетті. Бұл байқаудың ерекшелігі кеме, әуе, зымыран, ғарыштық секілді технологиялардың сызбасына сай жасақтау қажет. Шәкіртім Әлішер бұл байқауға да алғаш рет қатысып, облыстық деңгейде жүлдегер атанғанына қуанып жатыр. Әлішердің көркем еңбек сабағында сызба жасау, жобалауға икемі барын байқап, арнайы дайындаған едім. Өзім жетекшілік ететін «Робототехника» үйірмесінің белсенді оқушысы.
- Робототехникаға қызығушылық, алғашқы қадамдарыңыз қандай еді? Бағыт-бағдар берген кімдер?
- Мен өзім қазіргі Ақтау «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінде білім алып, 2014 жылы Орал қаласындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің «Технология және бейнелеу өнері, сызу» факультетін тәмәмдадым. Алғашқы еңбек жолымды Тасқала ауданының екінші Шежін ауылында бастап, кейіннен аудан орталығына оралып, мектептен тыс жұмыс орталығында қызмет жасап, 2018 жылдан бүгінге дейін «Сәулет» мектеп-лицейіне көркем еңбек пәнінің мұғалімімін. Осы оқу ордасына дейін робототехника бойынша ештеңе білмейтін едім. Бұл лицейдегі оқушылар робот бойынша жақсы деңгейде білім игерген, күрделі бағдарламалар жасап, түрлі жарыстарға қатысып жүр екен. Менің көркем еңбек сыныбым «Робототехника» үйірмесі өтетін сыныппен жапсарлас еді. Оқушылар үйірмеге келіп жүргенде мен сырттай оларды бақылап қызығып жүретінмін. Сол кездегі үйірме жетекшісі, облыс, республика деңгейде нағыз робототехниканың маманы Мақсот Марс оқушыларды роботқа жоғары деңгейде меңгеруге тәрбиеледі. Мен сол кезде көркем еңбек пәнінің мұғалімімін, үнемі жарыстар тек сурет, қолөнер бойынша келетін. Содан мен көркем еңбек пәнін басқаша бағытта, роботпен байланыстыруды ойлап, Марс Мәулетұлынан үйрене бастадым. Алғашқы кезде қиынға соққанмен, үйренуге жеңіл әрі қызықты болғасын тез бейімделіп, бір-екі жылда роботтан шәкірт тәрбиелейтін маманға айналдым. Кейіннен робот бойынша Орал қаласында арнайы «Робототехника, Ардуин. 3Д принтер» курсынан өтіп, қызығушылығым арта түсті. Кейіннен Марс Мәулетұлының басқа қызметке ауысуына байланысты «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі болдым.
- Сіздің мамандығыңыз көркем еңбек пәнінің мұғалімі, робототехникамен байланысыңыз қандай?
- Жоғарыда атап өткендей көркем еңбек пәнінің мүмкіншілігі дәстүрлі бағытта негізделген. Бірақ заман ағымы өзгеріп, технологиялық мүмкіндік артуына байланысты, пәнімді түрлендіре отырып, оқушыларға қосымша білім беруді көздедім. Оқушылармен бірге жасаған түрлі жоба макеттерді, құрылыс макеттерін роботпен байланыстырып, оған «жан бітіріп», дамыту алғашқы әрекеттерімнің бірі. Басқа пәндердің ғылыми зерттеу, жобалар жарысы болғанда, көркем еңбек пәні тысқары қалып жататын. Бұл мәселе мені ойландырды. Сосын мен көркем еңбекті жақсы меңгерген бір оқушыны және роботты жақсы білетін бір оқушыны қосып, топтық жобалар жасақтай бастадым. Кейіннен бұл топтық бағыттарым биология, химия, математика, физика пәндерімен ұштасып, одан әрмен білімімді жетілдірдім. Соның негізінде 2019 жылдан бастап облыс, республика, халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдегер атана бастадым. Бұл әрекеттерімнің бәрі пәнімді өзге пәндермен ұштастыра отырып, дамыту болып табылады.
- «Сәулет» мектеп-лицейінің білім беру бағыты робототехникамен ұштасып жатыр. Оқушылардың деңгейі қандай? Жетістіктеріңізге тоқталсаңыз...
- Облысымызға танымал ауданымыздағы іргелі білім беру ұйымы «Сәулет» мектеп-лицейінің оқушыларының робототехника бойынша білім деңгейі жоғары. Бұған осы бағытта жоғары деңгейде жұмыс жасаған педагогтардың еңбегін атап өткен жөн. Оқушылардың жетістігі көңіл қуантарлық. Атап өтер болсақ, алғашқы шәкірттерімнің бірі Мұхамбетов Данияр республикалық «Ұлы өнертапқышқа алғашқы қадам» иновациялық идеялар байқауы «Топжарған» номинациясының жеңімпазы, облыстық «Құрылыс облысындағы жобалар» құрылыс секциясы бойынша І орын, облыстық «Roboland – 2020» роботтық техника бойынша фестивалінде І орын, Макимова Диляра республикалық «Әл -Фараби» атындағы ғылыми жобалар байқауында ІІІ орын, Республикалық «CosmosStars» жас зерттеушілер байқауында ІІ орынға ие болды. Сол байқауда Құрмантай Айдос пен Сүйіндікова Анель І орын, Мұхамбетжанов Батырхан мен Саркенова Ақбаян ІІІ орын, Орынғали Арыстан мен Мамышова Аружан ІІІ орын алды. Облыстық «Ғылым әлемін ашамыз» көрме-байқауында Толыбаев Сәкен ІІ орын, Орынғали Арыстан мен Макимова Дилляра ІІІ орын, Өтешқали Әли мен Макимова Диляра ІІ орын, Сүйіндікова Анель ІІ орын, Мухтарова Дана І орын жеңімпазы. Тасқала ауданында өткен облыстық «Roboland – 2020» роботтық техника бойынша фестивалінде Базарбай Рауан ІІ орын, Орынғали Арыстан мен Құрмантай Айдос ІІІ орын алып, еңбегіміз еленді. Сонымен қатар дәстүрлі түрде өтетін республикалық жалпы пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауының аудандық кезенінде Мамышова Аружан мен Орынғали Арыстан ІІІ орын, Мұхамбетжанов Батырхан мен Саркенова Ақбаян ІІ орын, Құрмантаев Айдос пен Сүйіндікова Анель І орынды иеленді. Бұл жетістіктер тізбегі тынымсыз еңбек пен талапшыл жұмысымыздың оң көрсеткіші. Алдағы уақытта жетістіктер жалғасын тауып, жоғары деңгейде көріну жоспарлануда.
- Роботехниканың болашағы, біздің жас шәкірттерге әсері қандай?
-Біздің мектеп-лицейге келген әр ата-ана, қонақтар мен білім саласының мамандары біздің роботтарды көруге асығады. Бұл дегеніміз ел болашығының жарқын көрінісіне оң көзқарасты көрсетеді. Облыс, республикадан келген арнайы қонақтардың ауызынан біздің мектептегі роботтың деңгейі, жобаларымыздың бар екендігін естіп жатамын. Бұл біз үшін қуантарлық жетістік. Шәкірттерге әсеріне келер болсақ, роботты меңгерген оқушының болашақта еліміздің іргелі саласында қызмет жасайтынына сенімім мол. Себебі болашақ еншісі цифрлық сауаттылыққа әкеледі. Құр айқай мен бос жүріс елді дамытпасы белгілі ғой. Біз оқушыларға тек қана роботты емес, қосымша ұлттық бағытта тәлім-тәрбие беруді көздейміз. Алдағы уақытта «Смарт киіз үй» жобасын қолға алуымыз, түрлі ұлттық спорттық ойындарымызды тереңірек меңгертуіміз сөзіміздің дәлелі. Маған барлық бағыт робототехникамен байланысты секілді көрінеді.
- «Робототехника» деген пән жоқ, оқушыларға білімді қалай үйретесіздер?
- Оныңыз рас, «робототехника» деген арнайы міндетті пән жоқ. Деседе бұл бағыттар информатика пәнімен бірлесе оқытылуда, яғни бағдарламалау. Арнайы міндетті пәні болмағасын тереңірек меңгеру қиынға соғады. Бірақ біздер қарап отырмай түрлі семинар, ақылы курстар, әлеуметтік желі мен ютуб арналардан білімімізді жетілдіреміз. Қытай, Америкада еліндегі сайттардан ізденеміз. Америкада 1-4 сынып аралығында арнайы «Робототехника» үйірмесі үйретіледі. Бізде ол 5-9 сынып аралығында жүргізілуі, біздегі роботтың деңгейінің кешуілдеп қалғанын көрсетеді. Біздер жарысқа қатысып, жеңіліс тапсақ, келгеннен кейін қателескен жерімізді, бағдарламамызды қайта қарап, ізденіп, қайта жасақтаймыз. Білмеген жерімізді білікті мамандардан сұраймыз. Біздің мектепте арнайы «Робототехника» бөлмесі жасақталу жоспарлуда. Іске асып әр оқушыға жететін робот, бағдарламалық қажетіліктер болса, ауқымы кең роботтар алынса білім деңгейіміз арта түсері анық.
- Сіз оқушылармен бірге жобаларды жасап жүрсіздер. Алдағы уақытта кәсіпкерлерге, түрлі бағыттарға ұсынып көру жоспарда бар ма?
- Орынды сұрақ. Алдағы уақытта түрлі бизнес жоба байқауларына жобаларымызды ұсыну жоспарлануда. Өзіңіз көріп тұрғандай көрмедегі түрлі дайын көшпелі жобаларымыз көпшілікті қызықтырады. Роботтық басқаруда арнайы мал басына жем-шөп, су беретін автоматтандырылған құрылғылар, ірі қараны далада ұстағасын энергия көзін желден алу, жылу беретін газ өнімін ірі қараның қалдығынан алу, қант өнімін өндіруді тамшылатып суармалы негізде жылыжай салу секілді жобаларымыз бар. Ауданымыздағы бір-екі тұрғындар жобаларымызға қызушылығын білдіріп, алып жұмыстанып көрді. Оң нәтижесін бергендер де бар. Қызушылығын нәтижеге бағыттап іске асырса біздің тараптан қолдау болып, жәрдем етеріміз анық. Бұнын барлығы ел болашағы мен өскелең ұрпақтың игілігі үшін жасалынып жатқан жұмысымыз.
- Алға қойған мақсат-міндеттеріңіз қандай?
- «Біздің негізгі мақсат – өскелең ұрпаққа заман ағымына сай білімді игерту. Олардың кейін еліміздің дамуы жолында аянбай қызмет жасауға тәрбиелеу. Алдағы күнге қойған жоспарымыз шәкірттеріміздің «KazRobotics», «NatRoboCom» секілді жоғары деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атану. Жеңімпаз атанса шәкірттерімізге білімі жоғары оқу орындарына тегін жолдама беріледі. Бүгінгі таңда сондай жоғары деңгейдегі жарыстарға дайындық үстіндеміз, үнемі ізденіп, өткен уақыттарда кеткен кемшіліктеріміздің орынын толтырып, жұмыстанудамыз».
Сұхбаттасқан
Меңдібек Нұрболатұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz