14.02.2023, 16:00
Оқылды: 106

Қайтарымсыз грант: нәтиже қандай?

Елдегі шағын және орта кәсіпкерліктің өркен жаюы – ел экономикасын алға ілгерілетудің нақты шарты екені белгілі. Сол себепті де мемлекет халықтың кәсіпкерлікпен айналысу үшін бар мүмкіндікті туғызып, әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асырып келеді.

«2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында да халықтың әл-ауқатын көтеру және бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін  қайтарымсыз гранттар беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өткен 2022 жылы Казталов ауданында қайтарымсыз грант алу үшін  бизнес идеяларын ұсынған 136 адамның ішінде 46 адамның жобасы арнайы құрылған комиссияның шешімімен мақұлданып, қайтарымсыз гранттарды иеленген болатын. Мемлекет тарапынан берілген қаражаттың желге ұшпай, мақсатты жұмсалуын қадағалау мақсатында жыл басынан бері аудан орталығындағы және шалғай ауылдардағы кәсіп бастаған бірқатар  азаматқа барып, жаңа кәсібінің жай-жапсарымен танысып қайтқан болатынбыз. Осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген отбасы Есенболат Сейтболатұлының қайтарымсыз грантқа ие болып дөңгелек жөндеу цехын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырғандығы туралы алдыңғы газеттеріміздің бірінде арнайы тоқталып жазған едік.

Осы мақалада Казталов, Нұрсай және Әжібай ауылында кәсіп бастаған тұрғындардың бизнесінің бүгінгі тынысы жайында баян етпекпіз.

Аз қамтылған отбасы санатына жататын Маржан Есжанова бизнесін қолға алмас бұрын аудандық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде есепте тұратын. Түрлі тәттілер мен кондитерлік өнімдерді дайындауға ептілігі бар ол былтыр қайтарымсыз грант алуға «Кондитерлік өнімдер цехын ашу» бизнес жобасы арқылы қатысып, қазан айында 918 900 теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Алынған қаражатқа кондитерлік өнімдер дайындайтын арнайы пеш, тоңазытқыш және түрлі қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған.

«Бүгінде көптеген қыз-келіншектер жұмысбасты болғандықтан, қонақтықтар мен той-домалақтарға арнап түрлі тәттілерді қолдан дайындауға уақыттары тапшы болып жатады. Сондай уақытта өздеріне керекті мөлшерде тапсырыс беріп түрлі тәттілерді пісіртіп жатады. Аудан орталығы үлкен болғасын шығар, тапсырыстар да көп. Кәсібім алға басып келеді. Бұрыннан кондитерлік өнімдерді пісіру қолымнан келсе де, құрал-жабдықтың жоқтығына қиналып қалатынмын. Дайындаған тәттілерім кейде көңілімнен шықпай қалып жататын. Бүгінде барлық қажетті нәрселеріме қол жеткізіп, өзімінің сүйікті ісім арқылы табыс тауып отырмын», - дейді Маржан Есжанова.

Қайтарымсыз грант алып кәсіптің көзін тапқан тағы бір келіншек Нұрсай ауылының тұрғыны Жадыра Бабасова. Мүгедек баласын тәрбиелеп үйде отырған жас ана бос қарап отырмай кәсіп бастауды жөн көріп «Фото түсірілім және фотомагниттер шығару қызметі» атты бизнес жобасы арқылы комиссия шешімімен 918 900 теңге грантқа ие болды. Аталған бизнеске қажетті ноутбук, кәсіби фотоаппарат, түрлі-түсті принтер және тағы басқа ұсақ-түйек дүниелерді сатып алып бүгінде мұғалімдерге қажетті түрлі көрнекіліктер шығарып табыс табуда. Кейіпкеріміз  үйден фотоға түсіру, мерейтойларға шақырту қағаздары, кәдесый қорапшаларын дайындау секілді түрлі тапсырыстардың түсетінін жасырмады. Мемлекеттің жан-жақты қолдауына ризашылығын білдірген Жадыра Бабасова, шағын ауылдағы шағын кәсіпкерлігінің алға басарына сенімі мол.

Бірік ауылының тұрғыны, жұмыссыз жастар санаты бойынша қайтарымсыз грантқа қатысып «Автокөлік қызметі және дөңгелек жөндеу» бағыты бойынша 1 225 200 теңге қаражатқа ие болған жас кәсіпкер – Қанат Ерсұлтанов. Өз үйінің алдындағы гараждың маңдайшасына «Шиномонтаж» деп жазуды іліп қойып, дөңгелек жөндеуді қолға алған Қанат біз барған уақытта қызу жұмыс жасап жатыр екен.

qaztalov (2)

«Жас адамның үкіметке қарап қол жайып, кәсіп жасамай бос жатуын өз басым өте үлкен әбестік деп санаймын. Ал жұмыс жасап, бизнес бастауға ниетті жастар үшін мемлекеттің осындай қолдауы қажет-ақ. «Балық берме, қармақ бер» деген сөз бар ғой. Сол айтпақшы мемлекет біздей талапты жастарға, адал табыс табу үшін қолымызға қармақ берді. Енді осы қолға алған кәсібімді жандандырып, жақсылап жүргізу менің басты міндетім» дейді жас кәсіп иесі өз сөзінде. Дөңгелек жөндеу мен автокөліктерге сервистік қызмет көрсету мақсатында кұрал-жабдықтарын сатып алған Қанаттың кәсібі одан ары  қанат жаюына тілекшіміз.

Бірік ауылында Қанаттан өзге екі жас кәсіпкердің де бизнесі өркендеп келеді. Екі жас кәсіпкердің де есімдері Гүлнұр.  Оның бірі тігіншілікті қолға алған Гүлнұр Келбатырова болса, екіншісі наубайхана қызметін бастап жатқан Гүлнұр Дүйсенова. Қос кәсіпкер де кәсібінің бағыт-бағдарымен, барысымен таныстық.

qaztalov (3)

Озық үлгідегі ақылды (смарт) тігін машинасын, ноутбукты, арнайы ою бастыратын үтік сатып алған Гүлнұр Келбатырова тапсырыспен сүлгілерге, жастықтарға, киімдерге жазулар мен ою-өрнектер бастырып, тігетіндігін айтты. Тек Бірік ауылынан ғана емес, аудан көлеміндегі басқа да ауылдардан instagram желісі арқылы тапсырыстар түседі деген ол өзі жасаған көз тартарлық бұйымдарын көрсетті. Шебер қолдарға шапшаң машина көмекке келген соң, Гүлнұрдың қолынан шыққан бұйымдар шынында сұранысқа ие екеніне талас тудыра алмадық. Нан өнімдерін пісіруді қолға алған Гүлнұр Дүйсенова берілген қаражатқа бір уақытта 24 нан сыятын үлкен пеш және нан қамырын илейтін арнайы машина сатып алған. Бүгінде нанды тек ауыл ішінде емес, аудандағы дүкендерде де сатып отыр.

qaztalov (1)

Бизнес идеяларды қаржыландыруға берілетін қайтарымсыз гранттар туралы, өңірге қажетті бизнес идеялар жөнінде  Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының Казталов ауданындағы филиал директоры Аманжол Ғалымжанұлы Нигметовтың пікірін білген едік:

«Аудан тұрғындарының көпшілігі қайтарымсыз грантты малдану бағытындағы бизнес идеяларға алғысы келеді. Онсызда басым көпшілік тұрғындары мал шаруашылығымен айналысып отырған аудан үшін бұл бизнес идеяларды қаржыландыру тиімсіз. Біздің ауданымызға сервистік бағыттағы кәсіпкерлік идеялар жоқтың қасы. Оның ішінде теледидар, тоңазытқыш, тұрмыстық техникаларды жөндеу орындары сияқты қызмет көрсету бағытындағы бизнес идеялар мүлдем жоқ. Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысқанымен, сүт өндірісі қолға алынбаған. Сүтті, айранды, ірімшікті барлығын қаладан тасып ішіп отырмыз. Мысалы, құрылыс саласындағы заттар, өрнектастар өндіретін бизнес қолға алынса, өз ауылдарымыз бен көршілес аудандар сатып алатын жақсы кәсіп көзі болар еді. Ауданда сабын шығаратын цехтар, көкөністер өсіретін жылыжайлар ашылса халық сұранысының мол боларына сенімім мол.  Қайтарымсыз гранттарды алғысы келетін азаматтарға айтар кеңесім, ауданда жоқ, бұрын соңды қолға алынбаған идеяларды ұсынсаңыздар грантты иеленуге мүмкіндігіңізде жоғарылайды, бәсекелес аз болғаннан соң тауарыңыздыңда өтімділігі жақсы болып, кәсібіңіз өрге басады», - дейді.

 

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале