14.02.2023, 17:30
Оқылды: 23

Біздің бөрлілік балғындар

Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы-Бурлинскиевести» қоғамдық-саяси газеті қашанда тың бастамалардың басында жүреді. Аудан айнасының биыл «Бөрлілік балғындар» деген атаумен  жаңа айдармен ұсынады. Бұл жобада қызығушылығы мен арман-мақсаттары сан түрлі, соған қол созу үшін өздерін барлық жағынан дамытып, республикалық, облыстық сайыстарда аудан намысын қорғап, қандай сында да алғырлығын танытып жүрген оқушылармен сұхбат жүргізіледі. 

8fd71da2-8bfb-4dd8-88f6-76fab8822fac

Біздің алғашқы сұхбатымыздың кейіпкерлері Ақсай қалалық №7 ЖОББМ оқушылары.

Бірінші кейіпкер Нұрсұлтан Айсағали – облыстық, аудандық дебат турнирлерінің жүлдегері, облыста тұңғыш рет өткізілген «Bilim high» жобасының жеңімпазы, өз ойын дәлелдеуден алдына жан салмайтын үздік оқушы, мектептің үздік оқырманы.

-Дебат деген не? Ол саған не берді, басқаларға не бермек?

- Маған дебат дегенде алдымен Ресей думасының депутаты Владимир Жириновский есіме түседі. Менің оның сөз сөйлеуін, басқалармен үнемі ұрыс тудыруын дебат деп түсініп жүрдім. Кейін дебатқа келіп, ойын барысын көрген кезде ол мен ойлағаннан басқаша екенін түсіндім. Дебат алдымен ұрыссыз өз ойыңды нақты фактілермен дәлелдеу. Сонымен қатар басқаның пікіріне құрметпен қарау. Дебат менің өмірімді жаңа деңгейге өзгертті десем артық емес. Өйткені мен осыған дейін тек мектепішілік, аудандық пәндік олимпиадаларға ғана қатыстым.  Басқалай мектеп жұмысынан тыс жүрдім. Алайда  дабатқа келу арқылы мен өзімнің жаңа қырымды аштым. Осыған дейін жиған білім мен ақпараттарымды тиімді пайдаланып, ой ойымды ортаға салуды үйрендім. Содан бастап менің жетістіктерім көбейе бастады. Бір жылдың ішінде жаңа белестерді бағыдырып, өзім ойламаған жеңістерге қол жеткізе алдым. Бұрынғы өзім мен қазіргі кездегі өзімді салыстыратын болсам, арасы жер мен көктей деп айта аламын. Бұл дебаттың маған берген пайдасының әсері екені анық.

Дебат меңгеру әрине ол қиындық турдырмауы мүмкін. Алайда егер өз-өзіңді дамытар болсаң сені көп жетістіктерге жеткізетіні рас. Мысалы дайындық барысындағы қандай да болмасын қарарға өзің ақпарат жинап, жан-жақты ізденбесең сол дейгейде қала бересің. Сондықтан күнде қалмай дайындыққа келу бір бөлек, ізденіп өзіңді жаңа қырыңнан тану басқа нәрсе. Меніңше дебатқа жетістікке жету үшін алдымен өзіңді қамшылау керек. Яғни форматты үйреніп қана қоймай, үнемі сөздік қорыңды толықтырып, саяси біліміңді жетілдіп, күнделікті ақпаратты біліп, оған анализ жасай алу шарт. Сонда ғана дебаттың берері мол болатынына сенімдімін. Әрине қай жере болмасын ең бірінші еңбек қажеттігі анық. Дебатта да дәл солай.

Сенің өзіңді қай салдан көресің? Балаға мамандық таңдауда ата-ананың рөлі қандай?

- Өзімді нақты қай салада елестететінім өзім үшін де беймәлім. Алайда өзімнің жоспарым бойынша білім саласында қызмет еткім келеді. Алдағы жоспарымның бәрін дебатпен байланыстырамын. Бүгінгі күні оқушылар лигасында жетістікке жетіп жүрмін. Мектеп бітіріп, студент аттанғаннан кейін, дебатты тастамай студенттік лигада да жетістікке жетсем деген мақсатым бар. Дебат саласында бүгінгі аз тәжірибемді онда әрі толықтырсам деймін. Сөйтіп дебаттың шыңына жетсем екен. Сосын өзім жинаған сол білімнің бәрін оқушылармен бөлісіп, дебат қозғалысын одан әрі дамытамын деген ойдамын. Өзімді білім саласынан көремін. Бір жағы дебат, ал мамандық жағын әзір нақты айта алмаймын.

Нұрсұлтан болашақта еліне не бере алады?

-Бұл сұраққа жауап беру мен үшін өте қиын. Өйткені оған бір жауап айту тек құр сөзге болып қала ма деген қорқыныш бар. Сондықтан жауап бермеймін. Егер біраз уақыт өтіп, маман ретінде қызмет бастап, белгілі бір белестерге жетіп жатсақ сол кезде бұл сұрақты маған қайта қойсаңыз сонда жауап беруге тырысамын.

Екінші кейіпкер Гүлім Сариева - аудандық жыр-мүшәйралардың жүлдегері, жанынан туған жырлары көптің көңілінен шығып жүрген, ауданға аты таныс жас ақын.

299be443-6eb2-4b84-b5c2-74117a208940

Өлең жазуды қашан бастадың? Өлең жазу қаншалықты қиын?

-Өлеңді 12-13 жасымнан бастап жазамын. Әлі ақынмын дей алмасам да, өлең жазудың ауыртпалығын түсінемін. Әрине өлеңді жазу оңай емес. Алдымен бұл Тәңірдің адамға берген дарыны. Екіншіден оған үлкен ізденіс пен оқу қажет. Өйткені қай сала үшін де алдымен білім маңызды. Сол секілді ақынға да білім мен ізденіс ауадай қажет. Тақырып таңдауды былай қойғанда шабыт келуі, буын мен мағына үйлесімділігі тағы бар.Оның бәрі математикадағы формула секілді өзіндік орны бар дүниелер.

Болашақта қандай саланы меңгергің келеді?

-Мен өз саламды таңдап қойдым. Меніңше адам таңдау жасауда өзінің қарым-қабілетіне назар салу керек. Кейін мамандықты меңгеріп шыққан кезде, онымен жұмыс жасағым келмейді деген проблемаға тап болмайсыз. Мен болашақта филология факультетіне оқуға түскім келеді. Негізгі арманым журналист болу. Өз ойымша бұл мамандық қай уақытта болсын қажеттігін жоймайды деп есептеймін.

Арманыңа қаншалықты сенесің?

-Жеке пікірім бойынша арман адамды адастырмайды деген ойдамын. Мысалы сіз қараңғы түнде шам болмаса жолыңыздан адасасыз. Арман деген сіздің жол көрсетуші шырағыңыз. Сіз оны сөндіріп алмауыңыз керек. Сол кезде адаспайсыз. Сондықтан арманыңыздың үнемі маздап тұруын ойлау қажет. Мен өз арманыма 70% сенімдімін. Қазір ең маңыздысы ҰБТ-дан жеткілікті балл жинасам, университетке түссем 100% арманыма жететініме сенімді болар едім. Бүгінгі ойым үмітті ақтау. Сол жолда өзімше еңбектеніп жатырмын.

Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале