Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу еркін сауал - жауап рәуішіне көшпес бұрын Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ауданның 2022 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.
Аудан экономикасының негізін ауылшаруашылық саласы құрайды. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 20,3% өскен.
Сырым ауданы өңірдің ауылшаруашылық жобасы - "Сүт белдеуінің" көшбасшысы болуға ниетті.
«Сүт белдеуін» құру арқылы өндірілетін жергілікті өнім көлемін ұлғайту мақсатында өткен жылы Бұлан ауылдық округінің "Берекет" шаруа қожалығы Беларусь Республикасынан 120 бас, Қособа ауылдық округіне қарасты «Сырым» шаруа қожалығы 40 бас голштейн тұқымды аналық ірі қара малдарын сатып алды. Биыл 4 шаруашылық 140 басқа дейін асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара мал алып келуді жоспарлап отыр.
Былтыр облыс әкімімен кездесуде 16 мәселе көтерілген. Бірқатары шешілген. Бұлдырты ауылынан спорт кешені салынған. Бұлан мен Жамбылға интернет байланысы жеткен. Электр желілерін жөндеу, Бұланға су тарту, аурухана, мектеп және балабақшалардағы асханалардың тамақ мәзіріндегі қажетті азық-түлік түрлерін жергілікті өнімдермен қамту шаруалары жүзеге асу үстінде. Биылғы жылдың басты жаңалығы - Жымпитыдан жаңа мектеп салынады.
- Мемлекеттің 1000 мектеп салу тапсырмасына сәйкес, ауданнан шыққан кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен аудан орталығынан 300 орынға арналған мектеп-лицей мен 100 орынға арналған жатақхана салу жоспарланып, қазіргі уақытта құрылыс орны белгіленіп, құжаттары рәсімделуде. Құрылыс биыл басталады. - дейді аудан әкімі. Сондай-ақ Жырақұдық және Құспанкөл ауылдарынан 60 оқушыға арналған білім ошағын тұрғызу жоспарлануда.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, биыл облыста да мектеп салу ісі ілгерілейді. Нақтырақ айтқанда, өңірде 24 медициналық нысан және 16 мектеп бой көтереді. "Жайлы мектеп" бағдарламасы да өз игілігін бермек.
- Мемлекеттік басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс әкімдеріне қойған талабы қатаң. Себебі - қазір билік әділетті Қазақстанды құру процесінде.
Батыс Қазақстан облысының жолдарының 46% - ы - қанағаттанарлық қана деңгейде. Қалғаны ол деңгейден де төмен. Биыл ҚР Үкіметі біздің облысқа жол мәселесін шешу үшін 72 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат 545 км жолды асфальттауға мүмкіндік береді. 2022 жылы өңірде ауылшаруашылық саласы үшін айрықша серпіліс болады. "Ауыл аманаты" жобасы бойынша 6,4 млрд қаражат, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында 1,2 млрд теңге ұсынылып отыр. Ал көпбалалы, мүгедектер мен мүгедек балаларды асыраушы жанұялар үшін 850 млн теңге қайтарымсыз грант берілмек. Бұл игіліктерді тұтынуға облыстың тұрғындары тұтынуы тиіс. Қазір - атаулы әлеуметтік көмек сұрайтын емес, кәсіп бастап, еңбек ететін заман, - деді Нариман Төреғалиев.
Облыстың ішкі жалпы өнімінің 50% - ын мұнай-газ саласы толтырып тұр. Ал ауылшаруашылық саласы ішкі өнімге 3 - 4 % ғана пайда түсіріп тұр. Байқағандарыңыздай, өңдеу өнеркәсібі мен ауылшаруашылықты дамыту керек. Кооператив құру арқылы шаруашылықтарды ірілендіріп жатырмыз ғой. Енді екпешөп мәдениетіне "жан бітіру" қажет. Себебі, ауа райына тәуелді етіп отыра беруге болмайды, - деп өз ұсынысын айтты облыс басшысы.
Жиында сырымдықтар жергілікті маңызы бар бірқатар мәселелерді көтерді. Бұлан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі С. Зиятов кооперация нәтижелілігіне күмән көп екенін, мемлекеттік деңгейде ауылшаруашылық құрылым құру қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, Бұлан ауылына су тарту жұмыстарын тиянақтау, Жымпитыдан жаңа күрес залын, жаңа кітапхана, көпбейінді аурухана салу, Қ. Мырзалиев атындағы мектептің жанындағы авто ісі сабағын ашу, Бұлдырты ауылынан ауылішілік жолдар төсеу жайы назарға ұсынылды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина