Бүгін «Қадыр жолымен...» жобасы аясында «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы Бәйтерек ауданына қарасты Трекин ауылына барды. Ең әуелі сол ауылда орналасқан Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің ұжымы өнерпаздарды құшақ жая қарсы алып, мектептің тыныс-тіршілігі жөнінде аз-кем мағлұмат айтты.
«Дала дидарының» әдеби-сазды концерті Трекин ауылдық мәдениет үйінде өтті. Іс-шара барысында көрермендер өнерпаздарды қолдап-қошеметтеп отырды.
– Екі жыл бұрын Трекин ауылындағы мектепке Қадыр Мырза Әлінің есімі берілгенде бөркімізді аспанда атып, қуанған едік. Қадыр – қадау талант, қайталанбас тұлға. Ол тірісінде абызға, өлгеннен соң аңызға айналды. Одан том-том мұра қалды. Рухани азық, әдеби байлықты, қазынаны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – ақын атындағы орталық пен мектептерге жүктелген міндет-парыз. Бүгінге дейін осы бағытта біраз жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта да осы жердегі мектеп ұжымымен тығыз қарым-қатынас орнатып, жоба-жоспарларымызды жүзеге асырамыз деген ойдамын. Ұсынысымызды құп алып, осындай концерт өткізуге мүмкіндік сыйлаған жандарға мың алғыс! – деген Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Талғат Жұмабекұлы аталмыш мектеп директоры Нұрсәуле Жандарбекқызына алғыс хат табыстады.
Қадыр ақынның афоризмдері және қазақтың қонақжайлығы, ақ адал ниеті туралы орамды ойлары оқылды. Қаламгердің сөзіне жазылған әндер мен қағытпа қалжыңдар көрермен көңілін жайнатты.
Көшпелі өнер ұжымының мүшелері, өңірімізге белгілі өнер иелері Альберт Ғазизжанов, Расим Жұмағалиев, Мәди Сабыров және «Інжу», «BatysStar» топтары Қадыр ақынның сөзіне жазылған «Тамаша», «Өмірің өз қолыңда», «Жол жыры», «Әже туралы ән», «Орал – әнім сенсің шалқыған», «Өз елім», «Атамекен» секілді әндерді орындады. Ал Қадыр орталығының қызметкерлері Асылан Ислямов, Әділ Ахметов, Ақмоншақ Есетова болса, ақын өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды.
Өз кезегінде Трекин ауылының тұрғыны Махамбет Ерниязов, білім саласының ардагері Қуаныш Таубай қаламы қарымды қаламгердің ерекше қасиеттері жайында әңгімеледі.
– Өнерпаздар көрермендерді толғандырды. Ән-жыр тыңдап, керемет әсерге бөлендік. Қадыр орталығындағы мамандармен жиі тәжірибе алмасып тұрамыз. Оқушыларымызды шығармашылыққа баулып келеміз. Олардың ақын өлеңдерін оқуға деген ынта-ықыласын ояту үшін жүйелі жүмыс жүргізіп жүрміз. Осындай кештер жиі өтсе, ұл-қыздарымыздың сүйікті шайырының шығармашылығын тереңірек зерттеуге, біле түсуге ұмтылатыны айдан анық, – деген Нұрсәуле Жандарбекқызы өнер ұжымына алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.
Іс-шара аяқталған соң көшпелі өнер ұжымы Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы білім беретін қазақ орта мектебін аралады. Мектеп оқуға қажет заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Қабырғаларында Қадыр ақынның өлеңдері, қанатты сөздері және өміріне, шығармашылығына қатысты мәліметтер ілінген.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz