Кезекті есепті кездесу Көпжасар ауылында басталып, Бірлік ауылдық округінде жалғасын тапты.
Мал шаруашылығындағы ауылдың басты мәселесі - көл суы
Көпжасар округіндегі жиынға аудан әкімі Дархан Закарин, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева, жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Асылан Оразалиев, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Берік Шорманов және көпжасарлық тұрғындар қатысты. Халық алдында есеп беру жиынында ауыл әкімі Нұрбол Бектлеу ауылшаруашылығы, малшаруашылығы, денсаулық, білім беру, жұмыспен қамту салаларына тоқталды. Саралжын, Салтанат елді мекеніне газ тартылатынын және алда атқарылатын жұмыстарға да тоқтала өтті. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Д.Әмірханұлы ауылдың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру үшін кәсіпкерлер мен шаруақожалықтарының жұмыс көрсеткішін көтеріп, жұмысшыларды заңды түрде еңбек биржасы арқылы жұмысқа алуды тапсырды.
Сондай-ақ ауылшаруашылығы кооперативін ашу керектігін жеткізіп, ауылдағы шешімін таппай отырған бірқатар мәселелерге тоқталды. Әрі қарай жиын сұрақ-жауап форматына ауысты. Жергілікті халық арасынан Мардан Фазылов, Қапсиық Қайыров, Абай Нәсіпқалиев, Сидағали Қойшығалиев, Сағидолла Рысқалиев жауыр болған кірме жол мәселесіне және тіршіліктің басты көзі малшаруашылығындағы ауылда техникалық су жоқ екеніне наразылықтарын білдірді. Бекболсын Қожахметов несие алу үшін кепілге қойылатын үй жөнінде ақпараттанса, Жасқайрат Исмагулов көпшілік жастарда несие алу үшін кепілге қоятын үй-жай жоқ екенін жеткізді.
Болат Жантөре орталықтан мал терісі мен жүнін алатын орталық ашуды сұрады. Бейбіт Гумаров су тапшылығына байланысты құдық қазуды ұсынды, ал Бегелдин Ерғалиев ауылдағы бұралқы иттердің көбейіп кеткенін айтып, шара қолдануды сұрады. Кездесу соңы аудан әкімі мен мекеме басшыларының жеке қабылдауымен аяқталды.
Бірлігі мықты Бірлік тұрғындарының басты базынасы – жол
Бірлік ауылындағы іс-шараға Көпжасардағы жиынға қатысқан мекеме басшылары және білім беру бөлімінің басшысы Руслан Ғұмар, аудандық аурухана басшысы Ербол Сәрсенғалиев қатынасты. Ауыл әкімі Ерболат Жакашев баяндамасында 2022 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, биылғы жылы жоспарда тұрған жұмыстармен бөлісті. Атап айтсақ, ауылдың кірме жолына және ауылішілік жолдарға жобалық-сметалық құжаттар жасақтау, транформаторларды қоршау және күн тәртібінен түспейтін ауыл тазалығы.
Аудан әкімі Д.Закарин жол құрылысына қажетті шақпа тастың (шибен) облысымызға тасымалы қиындық тудырып тұрса да, жол салу құрылысы тоқтап қалмай, жаңа технологиялар арқылы жалғасатынын жеткізді. Халықтың ұсыныс-пікірлері, сұрақ-жауабы барысында Үкібай Камалов, Бекболат Ибатов, Әділбек Сұлтанғалиев кірме жолдың әлегін, Ақбалшықтың жолы қардан тазаланбайтынын және ауыз суының жоқтығын, мектеп күрделі жөндеуді қажет ететінін, электр бағаналарының тозығы жеткенін айтып қынжылды. Алтынай Атауова және І топ мүгедегі Қуаныш Мәмбетов медициналық бөлімшенің жұмысына ризашылығын білдіріп, тек дәрі-дәрмек тапшылығын қолға алуды өтінді. Сондай-ақ аурухана басшысына тіс дәрігері апта сайын ауылға келіп, тұрғындарды қарау туралы ұсынысын айтып, қанағаттанарлық жауап алды.
Өтепберген Ихсанов жаңа жедел жәрдем көлігі қажет десе, Нұржан Боранбаев ауылды жайлап кеткен бұралқы иттердің иесіне өкпесін айтты. Жиын соңында бірнеше ауыл тұрғындары жеке қабылдауға қалды. Барлығының өтініші ортақ – жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесі.
Осылай ауданымыздың барлық ауылдық округтеріне ат басын бұрып, халықтың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін тыңдадық. Қорыта келе, атқарылған жұмыстар айтарлықтай көп болса да, алда тұрған міндеттер де аз емес екен.
Нұргүл Елтайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz