17.02.2023, 13:00
Оқылды: 169

Тарих тамырынан нәр алған жазушы

Сырым аудандық мәдениет үйінде Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұжымының ұйымдастыруымен жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Мұқадес Есламғалиұлының шығармашылығына арналған «Тарих тамырынан нәр алған жазушы» атты әдеби-сазды еске  алу кеші өтті.

1676619421130

Аталмыш әдеби-сазды кешке аудан әкімі Төлеген Төреғалиев,  жазушының  бажасы Шәкір мен балдызы Ұмсындық Төлегенова, балдызы Нәбиолла Ихсанғалиев, сыныптасы Махамбет Қожамұратов, інісі Айдархан Есламғалиев, зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары, оқырмандар қатысты.

Әдеби-сазды кештің өткізіліп отырған негізгі мақсаты жазушының  шығармашылығына   терең бойлап,  оны өскелең ұрпаққа кеңінен  таныстыру болатын.

Жазушы М.Есламғалиұлының туған күніне орайластырып өткізілген еске алу шарасында  аудан әкімі Төлеген Төреғалиев алғы сөз сөйлеп, дарынды жазушының қаламынан туындаған шығармаларға кеңінен тоқталды.

– Сырым елі Мұқадестей қаламгермен мақтанады, марқаяды.  Ұлылардың ұлағатын ұмытпау, данасы мен дараларын ұлықтау халықтың тарих алдындағы парызы. Мұндай тағылымды шаралар келешекте де жалғасын таба бермек, - деді Төлеген Серікқалиұлы.

Кеш барысында экраннан  жазушының шығармашылығына  арналған  «Өтелген парыз» атты бейнефильм көрсетіліп, демалыс орталығының әншілері әндер  шырқады. Сондай-ақ,  жерлес  ақындардың жазушыға арнаған  арнау өлеңдерін де кітапхана  оқырмандары  нақышына келтіре оқып берді.

Қарымды қаламгерге арналған  кеште  Ж.Досмұхамедов  атындағы   мектептің ұстазы Алмажай Сүлейменова қазақ әдебеиетінде айшықты із қалдырған жазушының шығармаларын зерттеп, шәкірттерін осы бағытта баулып, жүргендігіне тоқталса, шәкірті, аталмыш  мектептің оқушысы  Жанна Қазбек жазушы  жөнінде  толғамды ойымен бөлісті.

Әдеби-сазды кеште жазушының көзін көре қалған сыныптасы  Махамбет Қожамұратов, бажасы Шәкір Төлегенов, інісі Айдархан Есламғалиев қамшының сабындай қысқа ғұмырында Мұқадестің қазақ әдебиетінде өшпестей із қалдыра білгендігін, әдебиетке жастайынан  зеректілігін, талантты да дарынды  қаламгерлермен тығыз байланыста  болған ғұмырнама күндерін  еске алып, толғамды ойларын  ортаға салды.

Кеш әдебиетке құмар  оқырмандарды ерекше әсерге бөледі.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале