Құдай берген талантын толық таныта алмай, ақпанның ақ боранымен алыса жығылған, мүрдесі көктемгі бәйшешекпен бірге қар астынан шыққан қыршын ақын Сағат Әбдуғалиевтің рухын іздеп тағы да «жолға шықтық», яғни қолға қалам алдық. Оған себеп — өмірден ерте кеткен аяулы да арда ақынның тірі жүрсе, биылм 75 жасқа толатындығы және алты Алаштың «Тайпақтың Мұқағалиы» атанған мұңлық шайырды әлі де біле түсуіне сеп болу деп біліңіз, патша көңілді оқырман!
Әлқисса, атамай кетуге болмайтын бір есім-сой бар. Ол – Сағат ақынның жиен қарындасы, бір кездегі «Тайпақ таңы» газетінің тілшісі, марқұм Гүлнәр Жұмабекова. Ана бір жылдар – аналарымыз ала қап арқалап, балаларымыз балық сатып, ел аралап кеткен алмағайып жылдар есі барлардың есінде шығар... «Өтпелі кезең» деп аталған сол бір сергелдең кездерде жанын жалдап жүріп, Сағат ақынның жырларын жарыққа шығарған дәл осы Гүлнәр Айсағалиқызы болатын! Өмірі өксікке толы шайырдың өз қолымен тапсырған қолжазбасын кітапқа айналдырған қыздың тірлігін аманатқа адалдық деп атап, ерлікке балаймын өз басым. Өйткені тоқсаныншы жылдардың басындағы жағдай, елдің жай-күйі өте ауыр еді. Кітап шығармақ түгіл, көже табу арман болғаны аян. Әділдік үшін сол кездегі Чапаев баспаханасының директоры Ақсан Құрманғалиев марқұмның да атын құрметпен атап кеткім келеді! Ақсан – Сағат ақынды көрген, жүзтаныс болған жігіт, жырларын биік бағалаған адам. Сондықтан да қанша қиналса да, бар көмегін аямаған. Бұл жайлы марқұм Гүлнәрдың өз ауызынан естігенмін. Сол себепті де «Сағаттануға» алғаш түрен салған Гүлнәр мен Ақсанның аруақтары риза болғай деп, дұғама қосып отырамын.
Сонымен, тілімізге тиек болған 1992 жылы Чапаев баспаханасынан жарық көрген қылыштың қырындай «Көзайым келешек» жыр жинағынан соң «Сағаттану» қандай дүниелермен толықты, аяулы ақын есімін мәңгі есте сақтау бағытында қандай игі жұмыстар атқарылды деген мәселелерге ойысалық. Осы орайда ойымызға оралатын, бірден есімізге түсе кететін бір есім бар. Ол – дәл қырықтың бесеуінде «ұйықтап кетіп, оянбай қалған» қазақтың тұңғыш бард-жырауы, Жайықтың жағасында жырымен жасын ойнатқан сал-серілердің сарқыты болған марқұм Табылды Досымов!
Өзі өскен өлкенің өнер тарихына бойлауға бек құмар Табылдының арманда кеткен, жастай бақилық болған ақын, жыршылардың тағдырын тереңірек білуге ұмтылғанына өзім куәмін. Бард ақын ініммен бірге жүрген жылдарда Маратпен (Отаралиев) және Сағатпен мықтап «ауырды». Марат өз жерлесі, ол жайлы деректерге қанық, ал Сағат туралы бізден індетіп сұрауын қоймады. Ақынның ағасы марқұм Аманкелді ағамен, Сағаттың ұлы Айқынмен кездесуіне сеп болдым. Бір күні менен «Көзайым келешектің» бір данасын аттай қалап алды да жоғалды. Сөйтсем, бірден Алматыдағы «Арыс» баспасына тартыпты. Ал ол атақты баспаның тізгіні арыстай азамат Ғарифолла Әнестің қолында! Өзі де арыстарды «тірілтуге» өлшеусіз үлес қосып жүрген Ғарекең ағалап келген інісінің меселін қайтаратын ба еді?! Сол жылы-ақ «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» деген атпен 500 дана кітапты «су тегін» шығарды да берді! Кітаптың соңынан табылған бірлі-жарым жырлармен толықтырылғанын ескерсек, бұл «Сағаттануға» қосылған өлшеусіз үлес болды. Ғарифолла Әнестей әмбебап інісіне ақын аруағы да риза шығар деп ойлаймын осы күнде.
Ал кітаптың атын қойған белгілі жазушы-драматург, сатирик жерлесіміз Есенжол Домбаев болатын. Ол оқиғаның қалай өрбігенін баяндай бастасақ, ұзаққа кетеміз, көлем көтермейді. Тек мұндай сөздің Сағат жырларында жоқ екенін, Есағамның есіл дарынды дәл бағалағанын ғана ескерте кетейін. Сағат шайырдың шығармалары жинақталған үшінші кітап «Жанымның жалғыз бұлбұлы» деп аталады. Бұл дүние «Ақ Жайық қаламгерлерінің кітапханасы» сериясымен 2009 жылы Оралдағы «Ағартушы» баспасынан жарық көрді. Жақсы жырдың жақтаушысы көп деген рас екен, бұл жерде де бір азаматтың атын атамай кетсек, ақиқатқа қиянат болар еді. Ол – Оралдың бүгінгі маңдайалды ақыны, Нарының нар ұлы Ғайсағали Сейтақ. Ғайсаның кезекті кітабы аталмыш сериямен «ел қатарлы» шығайын деп тұрады. Ал Сағат марқұмның қолда бар, жаңадан табылған өлеңдерімен толыққан жинағы «есепте жоқ», яғни серияға кірмеген болады. Сол кезде Ғ. Сейтақ шайыр саналы түрде санаттағы кітабының орнына Сағаттың кітабы шықсын деген дегдарлық қадамға барады. Сөйтіп, шерлі ақынның шығармалары оқырманға жол тартады. Міне, «Бірімізді біріміз көтерсек қана іріміз» дегенді құт дарыған бөкейлік шайыр осылай дәлелдейді! Алла да разы шығар саған, Ғайсағали ақын!
Бұл айтқандарымыз арманда кеткен қайран Сағаттың мұраларын түгелдеу, жинақтау, жариялау жолындағы жасалған жұмыстар, жалғаса беруге тиісті жұмыстар. Аз деңіз, көп деңіз, әзірге қолымыздан келгені осы ғана... Ал Қазақстан Жазушылар одағы қол ұшын созамыз десе, ләппай, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді марғасқа жырдың иесін мәңгі есте қалдыру жолында нендей қарекет жасалды дегенге келейік.
Бұл бағыттағы басты белгі – С. Әбдуғалиевтің туған жері Тайпақ (бұрынғы аудан орталығы) ауылының қақ ортасына орнатылған ақынның кеудемүсіні (бюст) дер едік. Оның орнатылуына Жұбан елі – Ақжайық ауданының басшысынан-қосшысына дейін мүдделі болғаны қуантты кезінде қалам ұстаған қауымды! Сол салтанатқа (Алматыны қоса алғанда), Астанадан жалғыз ғана Жанатжан (Әскербекқызы) жетті-ау! Еркекті жоқтатпайтын ер мінезді қарындасымның Жайыққа жалғыз аттанған Төлегендей жетіп келуі жанарыма жас үйірді. Айналайыным-ай, Сағат ағасының аруағы қолдап, аман жүрсе екен! Ал ақын атына көше беру, Сағат ақынға арнап республикалық мүшәйра өткізу, естеліктер жинағын шығару (Сағаттың көзін көргендер әлі де бар) секілді қабырғалы қарекеттер әлі «ашық» күйінде тұр, өкінішке қарай! Сағатты жоқтайтын жалғыз мен десем, күпірлік болар, ардасын аңсаған азаматтар баршылық. «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша тілшісі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қазыбек Құттымұратұлы, өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов, ақын Мәлік Берді Әлі секілді азаматтар ақын ғұмырнамасын зерттеуге көп еңбек сіңірді. Сағат шайыр қатардағы көп «өлеңшінің» бірі болса, «Оралдың ойсылқарасы» Жанғали Набиуллин, қара сөзден қаймақ алатын атақты Рақымжан Отарбаев жып-жылы естеліктерін жазар ма еді?! («Жанымның жалғыз бұлбұлы»). Бұған дана Қадырдың бағасы мен қабырғалы қаламгерлер – М. Қаназов, Ө. Күмісбаевтың әділ пікірлерін қоссақ, Сағаттың қандай ақын болғаны айқындала түседі деген ойдамыз. Тағы бір қуантарлығы, жоғарыда баяндалған азды-көпті әрекеттердің арқасы да шығар, Сағат жырына «ғашық» жас ақындар көбейіп келеді! Биыл 22 ақпан күні Сағат ақынның туғанына 75 жыл толады дедік. Соған орай алымды айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан, жерлес талантты ақындар – Асылан Тілеген, Шерхан Талап сынды «сұрапылдар» сұрау салып қояды. Жұбан елінің жас перілері өз алдына. Осының өзі Сағат ақынның екінші өмірінен елес береді...
Тағы бір аса жағымды жаңалық Алатау жақтан жетті. «Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақберен ақын Ақберен Елгезектің аузынан шықты» деген хабарда:
«Сағат ақын елеусіз қалмақ емес, биыл ақын атындағы республикалық жыр-мүшәйрасы ұйымдастырылып, басқа да шаралар бастау алады» депті «жоғарғы жақ». Бұл да қам көңілге бір медеу. Ал Ақжайығы Сағатын санасынан өшірмейді. Туған күніне орайлас кітапханалық шаралар жүйелі өтіп тұрады.
«Муза» шығармашыл оқырмандар отауының түлектері ақын туралы тыңдаған, оқығандарын шартарапқа шуақтай шашыратуға пейілді. Биылғы туған күнін де туған жері – Тайпақ топырағында атап өтпекке талпынып жатыр... «Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей, жүрегінде қалу керек халықтың» деп кесіп айтқан Сағат, «Тірінің санатында жоқ де мені, Жүректен ақындығым өшкен күні» деп өзіне үлкен талап қойған Сағат, «Тұлпардан туған тұяқтар, Есек болмайды ешқашан!» деп батыл айтқан Сағат, «Туған тіл – түсінгенге терең білік» деп сол кезде-ақ сезіп айтқан Сағат – бүгінгі көдедей көп «өлеңшілерден» мойыны озық, көші ілгері, қасиет дарыған дара шайыр. Поэзиясын талдау – білімсізге алдырмас асу, кеңкелестерге кілтін ашпас қойма. Бұл – бөлек тақырып, басқа әңгіме. Ежелден «Ең соңынан сөнетін үміт шамы» деген тәмсіл бар. Сол шамға май тамызып тұратын тектілер сиремегей. Фәни жалғаннан «Ер тұрманы бүтінделмей» (Мұқағали) өткен, «келместің кемесіне» мезгілсіз мініп кеткен жалынды жыршыны еске алғанда, ойға оралған тәммәт осымен тәмәм, патшакөңілді оқырман! «Біз де сіздей болғанбыз, Сіз де біздей боларсыз» дегеннің дәргейіне жығылып, «Талантты қадірлейік тірісінде» деген дана Қадырдың қадірлі сөзімен баянымызға нүкте қойдық әзірге.
Сағынтай Бисенғалиев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы