"Облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаевтың төрағалығымен көктемгі далалық жұмыстарға дайындық барысы туралы кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімдерінің орынбасарлары, құзырлы мекеме басшылары, шаруа қожалықтары мен агроқұрылым басшылары қатысты", - деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі.
Облыс әкімінің орынбасарына егіс жұмыстарына қажетті тұқым мен техниканың дайындығы, арзандатылған жанар-жағар маймен қамтамасыз етілу жөнінде ақпараттар баяндалып, кеңес сұрақ-жауап форматында жалғасты.
Барлық туындаған сұрақтар бойынша тиісті түсінік беріліп, ұсыныстар тыңдалды.
Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 299 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 2021 жылдың сәйкесті кезеңінің деңгейіне 113,2%-ды құрады.
Биыл жоспарға сәйкес барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 600 мың га құрайды, соның ішінде дәнді дақылдар алқабы 238,4 мың га, майлы дақылдар 163,5 мың га болады деп күтілсе, картоп, көкөніс-бақша дақылдары 9600 га егу жоспарлануда, оның ішінде картоп - 4200 га, көкөніс – 3900 га және бақша дақылдары – 1500 га.
Мал азығы дақылдардың егісі 188,5 мың га құрауы тиіс, оның ішінде біржылдық шөптер – 20,4 мың га, сүрлемдік дақылдар – 1,5 мың га, көпжылдық шөптер – 12,6 мың га және өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптердің алқабы 154,0 мың га.
Кеңес қортындысында облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаев аудан, қала әкімдіктеріне алдағы егіс егу жұмыстарына дайындықты назарда ұстауды, агроқұрылымдармен бірлесіп қажетті шараларды уақытылы қабылдауды тапсырды.