23.02.2023, 10:30
Оқылды: 90

Жыр жаңбырша жауған күн

Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылында ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сағат Әбдуғалиевтің туғанына 75 жыл толуына орай «Жайықта жауған жыр-жаңбыр» атты әдеби шара өтті.

1 (4)

Шараға Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Абуов, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы мен Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Халиолла, ақын-журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қазыбек Құттымұратұлы, өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов, Атырау облысы Индер аудандық «Дендер» газетінің редакторы Жанай Амантурлин, атыраулық ардагер журналист Сүйеу Халықов, ақын Әбдіхан Есенғалиев және Сағат ақынның Айқын, Фарида, Махмуда есімді ұл-қыздары, тума-туыстары қатысты.

1 (6)

Ең әуелі ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Еңбек ардагері Ғинолла Садиров сөз алып, тағдырлы тұлғаның өміріне, шығармашылығына қатысты біраз мағлұмат айтты. Ескерткішке гүл шоғын қою Бақберген Талғатұлы, Бауыржан Ергенұлы, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Дәулетжан Жақсыбаев және Айқын Сағатұлына ұсынылды. Тайпақ ауылдық мешітінде қаламгер рухына Құран бағышталды.

1 (3)

Бұдан соң Тайпақ ауылдық мәдениет үйінде бастау алған кешті ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев жүргізді. Ақжайық ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Тілес Жазықбай «Сағаттың сағаты соқса дедік…», М. Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі (Чапаев ауылы) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалампыр Есеналиева «Өлеңнен алтын азап арқалаған», Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебі (Тайпақ ауылы) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қамажай Ілиясова «Сағат өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері» тақырыптарында баяндама оқыды. Баяндамашылар қаламы қарымды қаламгердің шығармашылығындағы ерекшеліктерге тоқталды. Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла Сағаттың қоғамның шеңберіне сыймаған ақын екенін айтты.

1 (2)

Қазыбек Құттымұратұлы мен Сүйеу Халықов, өлкетанушы, еңбек ардагері Болат Дошаев және Сағат ақынның замандасы Сейілхан Зейнетов небары отыз алты жасында қыршынынан қиылған шайырдың ерекше қасиеттері жөнінде сөз қозғады. Ақын Әбдіхан Есенғалиев әуелете ән шырқады. Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Абуов ақын мұрасын насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет екенін тілге тиек ете келе, ақынның ұл-қыздарына естелік сыйлық табыстады. Өз кезегінде ақын перзенттері іс-шара ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді.

1 (1)

Сонымен қатар жыр жаңбырша жауған кеш барысында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкері Айнабек Бисенғалиев Табылды Досымовтың «Қыршын ақынға» атты өлеңін оқып берді. Бекболат Қаленов, Абылайхан Мақсұтов секілді жас ақындар Тайпақта туған талантқа арналған жырларын оқыды. Сағаттың сөзіне жазылған Табылды Досымовтың «Ақын дауысы», «Тәтті мұң» атты әндері шырқалды. Осылайша ақын шығармашылығы алдағы уақытта да насихаттала бермек.

1 (7)

 

Марлен Ғилымхан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале