24.02.2023, 10:30
Оқылды: 137

Жайықта жанған бір жұлдыз

«Құрмет» орденінің иегері, белгілі дирижер-композитор  Еркін Нұрымбетов – Батыс  Қазақстан облысының көрнекті тұлғаларының бірі. ҚР Композиторлар одағының  басқарма мүшесі, композитор, ғалым-ұстаз, зерттеуші-фольклоршы ретінде еліміздің  рухани  қазынасына зор үлес қосуда. 

нурымбетов

Дирижер-композитор 1973 жылы  24 ақпан күні  Қызылорда қаласында дүниеге келді. Осындағы №212 орта мектепте және балалар музыка мектебінің домбыра сыныбында білім алды. Домбырадан алғашқы сабақты консерваториялық білімі бар ұстаз М. Мәмбетназаровтан алады. Мектеп кезінен бастап ол шәкіртін домбырамен қатар, теориялық пәндерді терең меңгеруге жетеледі. Ұстазы шәкіртін Қызылордадағы музыка учили-щесіне түсуге бағыттап, мұнда Е. Нұрымбетов негізгі мамандығымен қатар, фортепиано, музыкалық-теория пәндеріне қызығушылық танытады. Кейін П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесіне ауысып, 1992 жылы аталмыш оқу орнын үздік бітіргеннен кейін, сол жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияға домбыра мамандығы бойынша оқуға түсті. Е. Нұрымбетов консерваторияда ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – А. Жайымов (домбыра), Б. Жұманиязов (аспаптану), К. Күмісбеков (аспаптандыру), Ж. Бегендиков (жалпы дирижерлау) секілді өнер тарландарынан білім алды. Консерваторияның негізгі курсын үздік тәмамдады. 2003 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ассистентура-стажировкасын (ҚР еңбегі сіңірген өнер қайраткері, халықаралық Герберт фон Караян атындағы конкурстың лауреаты, ҚР мемлекеттік симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, профессор Төлепберген Абдрашевтың сыныбы) дирижерлік мамандығы бойынша үздік бітірді. Кейін оның барлық шығармашылық, ғылыми-педагогикалық еңбегі Ақ Жайық өңірінде өркен жайды.

Оралда Е. Нұрымбетовтың еңбек жолы М. Өтемісов  атындағы Батыс Қазақстан университеті, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжі секілді ұйымдармен тығыз байланысты. Дирижер ретінде жетекшілік еткен бірнеше ансамбль мен оркестрлердің сахналық тағдыры жемісті болды. 2003 жылы университетте Е. Нұрымбетовтың жетекшілігімен құрылған «Бапас сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі аз уақыт ішінде Астана қаласында өткен V «Шабыт» халықаралық конкурста лауреат атанып, кейін Ялта қаласындағы, Польша еліндегі  халықаралық фестивальдерде мол жетістіктерге ие болды. 2006-2012 жылдары Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияның «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне басшылық етті. Аталмыш ұжым Орал қаласымен қатар, Түркия, Ватикан, Италия, Германия елдерінде ұлттық өнерді асқан шеберлікпен насихаттады. Дирижер-композитор қалалық жастар мәдениет үйі жанынан «Оралым» фольклорлық-этнографиялық ансамблін  құрды.

Өлкенің бай тарихы, мәңгілікке бағытталған рухани құндылықтары, жеке басының өміріне қатысты қуанышты сәттер «Оралым – асыл қалам» әнінде, «Ақжайық» күй-поэмасында жарқын көрініс тапты. 2003 жылы домбырашы-ұстаз Н. Сертеков, музыкатанушы С. Мәулетовамен бірлесе орындаған  «Ақ Жайық өңірінің музыкалық фольклоры» еңбегі, 2005 жылы «Сыр сүлейі – Әлшекей» атты күйлер жинағы жарық көрді.

2009 жылы Е.  Нұрымбетов Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметіне тағайындалды. Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің  репертуар қоры негізінен Қ. Қажымов (1947-2020) және Е. Нұрымбетов қа-ламынан шыққан партитуралармен қамтамасыз етілген.  Қазіргі кезде оркестрдің қоржынында 700-ден астам туынды бар. Шығармашылық ұжым шетел дирижерлерімен тығыз байланыс орнатып, Германия, Италия,  Ватикан, Түркия елдерінде, РФ-ның Батыс Қазақстан облысымен көршілес қалаларында бірнеше рет өнер көрсетті. Дирижер Е. Нұрымбетовтың бойындағы кәсіби шеберлігін айқындайтын қасиеттердің бірі – оркестрге арналған партитура жазу. Бүгінгі таңда ол – 300-ге жақын  партитураның, 80-нен аса күй, ән, аспаптық музыка, халық аспаптар оркестріне арналған музыка жанрларында жазылған шығармалардың ауторы.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, дирижер Еркін Нұрымбетов – қазіргі заманғы Қазақстанның жас және болашағы зор дирижер-композиторларының бірі. Композитордың есімі  Қазақстанмен қатар, көптеген шетел мәдениетіне таныс. Кіндік қаны Сыр елінде тамғанымен, «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, өнердегі бақ жұлдызы Жайықта жанған, бүгінде «ердің жасы – елуге» келген Еркін Шаяхметұлының әлі талай асуды бағындырып, еліміздің музыкалық қорын байыта  түсетініне  сенімдіміз.

Айгүл Ерғалиева,

М. Өтемісов  атындағы  Батыс  Қазақстан университеті, өнертану кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале