24.02.2023, 12:30
Оқылды: 22

Жосын жан еді Жәнібек...

Жәнібек досымыздың бақилыққа аттанғанына да ширек ғасырға жуықтап қалыпты-ау. Бір ауылда өсіп, бірге ержеткен досымыз туралы өткен шақпен әңгімелеу бізге оңай емес. Бірақ тағдырдың жазуына не шара?! Енді жарық дүниеден тым ерте көшкен Дәулетов Жәнібек деген досымыз кім болған, қандай қызмет атқарған соған келейік.

InShot_20230224_095526407

Ол Шыңғырлау ауданы, Шілік ауылында 1948 жылы, 26 ақпанда дүниеге келген еді. Біз бір мектепте, орыс сыныбында бірге оқыдық. Мектептен кейін де еңбек жолдарымызды аутокөлік жүргізушісі болып,  бірге бастадық. Ол кезде шаруашылықта 70-тің үстінде аутожүргізуші еңбек ететін. Біз Жәнібек екеуміз жас болсақ та, озаттардың қатарынан көріндік. Бара-бара екеумізді алыс рейстерге – Уфа, Самара, Орынбор, Ақтөбе, Орал қалаларына жұмсайтын болды. Егін ору науқаны кезінде Жәнібек комбайн штурваліне отырып, комбайншы ретінде көзге түсті.

даулетов 001

Медальмен марапатталатыны да осы жылдар. Содан күндердің күнінде Жәнібекті жұмысшылар кооперациясының төрағасы етіп тағайындады. Осы қызметін ол алты жыл абыроймен атқарды. Одан әрі Приурал аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметін дөңгелетті. Жәнібекті облыстық партия комитеті әрі қарай жоғарылатып, облыстық тұтынушылар қоғамының сауда базасына директор етіп тағайындады. Қарапайым шопырдан осындай жауапты жұмыстарға Жәнібек тамыр-таныстық арқылы емес, өзінің жанкешті еңбегінің арқасында жеткен еді. Қандай қызметте болса да, өзінің адалдығымен, адамдармен өте тіл таба білгендігімен, тазалығымен, әділдігімен көзге түсті. Ешкімге дауыс көтеріп ұрыспайтын, намысына тимейтін. Алдына ашу көтеріп келген адаммен барынша мәдениетті, өзіне тарта сөйлесетін. Әңгімені әріден бастап, келген жанның бойынан қандай да болса, бір жақсы қасиетін жазбай танып, сол төңіректен сөз бастап, сәлден кейін ол жанды өзіне қаратып алатын. Тілі майда, мінезі жайлы жан, кіммен сөйлессе де, мәдениетті жоғары қоятын. Өзін тыңдата білетін, сендіре білетін.  Бұл қасиетін қарапайым еңбек адамдары жоғары бағалайтын, жоғары орындарда отырғандар оған үлкен сенім артатын.

Жәнібек досымыздың адамдарға, достарына  ылғи да көмектескісі келіп тұратын ерекше қасиеті болатын. Володия Асанов, Аманкелді Баянов, Хамзат Хатуев, Мұңайтпас Медеуұлы,  Тілек Имашев, Кәрім Мұсаев, Жарқын Серікұлы сияқты азаматтар менің бұл сөзімді растай алады. Сауда базасынан кейін Жәнібек Әбуұлын облыстық тұтынушылар қоғамы төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындады. Міне, осы кезде елде жекешелендіру басталып, нарықтық қатынас орнады. Бұрынғыдай жоспармен жұмыс істеу, белгілі бір тәртіппен тауар жеткізу дегендер келмеске кетті. Зауыт-фабрика дегендер тұралады. Жабайы алыс-беріс, бартер-айырбас қаһарына мінді. Халық тұтынатын күнделікті тауарлардың өзін табу қиынға түсті. Бұл өзгерістер елге, әсіресе, қарапайым халыққа оңай тиген жоқ. Сол кезде Орал қаласында ежелден жұмыс істеп келе жатқан кондитер фабрикасы болушы еді. Ол да жұмысын тоқтатты. Міне, осы өліара шақта Жәнібекті кондитер фабрикасына директор етіп, қызметке жолдады. Оның сол кездегі қатты қиналғанын қасында жүрген біздер өз көзімізбен көрдік. Орасан зор қиындықтарға қарамастан, Жәнібек кәсіпорынды мүлдем құрып кетуден сақтап қалды. Ол үшін өзі күні-түні ойға да шапты, қырға да шапты, тыным таппады. Сонау Мәскеу, Самара барып, іскер жандармен қарым-қатынас орнатты. Фабрикаға ең қажетті шикізатты солар арқылы тауып, Оралға жеткізіп отырды. Кәсіпорын біртіндеп тіріліп, өнім шығара бастады. Осы кезде Жәнібекке тұрмыстан қысылған адамдар көп келетін. Досымыз оларға қайтсе де, көмектесуге жанын салатын. Туған ауданы Шыңғырлау десе, Жәкеңнің шығарға жаны жоқ еді. Кейін Оралда қызметте жүрген кездерінде ауданына, ауылына, оның халқына ылғи көмектесіп тұрды. Тағы да айта кететіні, Жәнібек өзінің ата-анасын, бауырларын, тума-туыстарын да қамқорлауды ұмытқан жоқ. Оларды Орал қаласына көшіріп алып, көмектесіп тұрды. Менің бір таңғалатыным, Жәнібекті іздеп, Алматы, Мәскеу, Самарадан адамдар келіп жататын. Оларға да қолынан келген көмегін аямады. Тіпті, өмірдің кейбір тұстарында жол таба алмай абдырап қалған жандар да Жәнібекке ақыл-кеңес сұрай келгеніне біз достары  талай  куә  болдық.

Орал кондитер фабрикасы жұмыс істеп кеткесін, Жәнібекті тағы да бір тоқтап қалған кәсіпорын – арақ-шарап зауытына қызметке жолдады. Бұл кәсіпорынды да досымыз толыққанды өндіріс ошағына айналдырды. Ол зауыт облыс бюджетіне кіріс түсіре бастады. Осы кездерде Жағыпар Түбетов, Володия Асанов, Роберт Сүйербаев, Жарқын Серікұлы, Жұмабай Айтуев,  сынды достарымен де қоян-қолтық еңбек етіп, қатты сыйласып жүрді.

Айтып-айтпай не керек, осынау жосын жан біз үшін мақтанышымыз, сырласымыз, қамқоршымыз өмірден ерте кетті. Бар-жоғы 51 жасында 1999 жы-лы 19 шілде күні аяқ астынан қайтпас сапарға аттанып кете барды. Досымыздың қазасына біз қатты қайғырдық. Біз Жәнібекті өзіміз жер басып жүргенде ұмытпаймыз. Марқұмның қайтыс болғанына бес жыл болғанда, он жыл болғанда оны еске алу шараларын өткіздік. Осы мақалада есімдері аталған азаматтар оған қаржылай қолдау көрсетті. Онжылдық еске алу шарасында (2009 жылы) Жұмабай Айтуев екеуміз ақылдаса келе, жоғарыдағы азаматтар бар, бәріміз қосылып, аутокөлік тігіп, күрестен турнир өткіздік. «Бибігүл» мейрамханасында асын бердік. Ал кешінде «Динамо» стадионында әнші Мәдина Сәдуақасованың қатысуымен (біз оны арнайы шақыртқанбыз) көпшілікке концерт ұсынылды.

Осы ақпанның 26-сында Жәнібек досымыз тірі болғанда,  75-ке келер еді. Бірақ тағдыр оған жазбады. Біз осы күні досымызды бәріміз жиналып, еске алмақшымыз. Жаның жәннаттың  төрінде  болсын,  Жәнібек!

Сағынбай Имашев,

бала күнгі досы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале