24.02.2023, 17:15
Оқылды: 35

«Ауыл аманаты» тұрғындарға жаңа мүмкіндік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру жөніндегі тапсырмасына орай ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие алуға, кооператив құру және техниканы лизингке рәсімдеу кезінде көмек алуға мүмкіндік пайда болды. Осы бағдарлама аясында «Аманат» партиясы үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда.

 

baiterek qystaq (3)

Аталмыш жоба  2019 жылы Жамбыл облысында пилоттық  жоба түрінде бастау алып, бүгінгі күнде ол өз нәтижесін көрсетіп отыр.

«Аманат» партиясының «Ауыл аманаты» жобасын таныстыру үшін ауданда біраз жұмыс жүргізілді. Тұрғындармен кездесіп, бағдарлама туралы түсіндірілді. Округ әкімдері өз ауылдары бойынша халықпен жұмыстануда. Соның нәтижесі болар қазірдің өзінде оған қатысам деушілердің қатары артып келеді. Бағдарлама жөнінде толық мағлұмат алу үшін  аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы  бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіровке жолықтық.

-Тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында  ауданда «Ауыл аманаты» пилоттық бағдарламасы енгізілді. Алдын ала жүргізілген талдау нәтижесіне орай  жобаны енгізу критерийлеріне Мерей және Мереке ауылдық округтері сәйкес келді. Аталған екі ауылдық округте 574 аула орналасқан. Тұрғындар саны 2 448-ді құрайды. Түсіндіру жұмыстарының  нәтижесінде қазіргі таңда екі ауылдық округтен 64 тұрғын жалпы сомасы 345 млн тенгенің несиесін алуға ниет білдіріп отыр. Олардың ішінде сүтті мал шаруашылығымен айналысуға - 26 өтінім, жалпы қаражаты 113 млн теңге, қой шаруашылығымен айналысуға - 28 өтінім,  жалпы қаражаты 132,2 млн теңге, құс шаруашылығымен айналысуға - 2 өтінім, жалпы қаражаты 7,8 млн теңге, бау-бақша егуге - 4 өтінім, жалпы қаражаты 32 млн теңге, ауылда бизнесті дамытуға 4 өтінім, жалпы қаражаты 60 млн теңгенің жобалары бар. Ниет білдіріп отырған тұрғындардың  ішінде 10 жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар -25, тіркелмеген жұмыссыздар 13, табысы аз азаматтар 15 және 1АӘК алушы бар. Пилоттық жобаға енген ауылдық округтерде жоба іске асқан жағдайда жұмыссыздар саны 25 адамға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 51 адамға азаяды деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ 40 жаңа жұмыс орыны құрылып, АӘК алушы отбасы саны 5-ден 1 отбасыға дейін кемімек. Жаңадан  64 жеке кәсіпкер тіркеледі. Мал және құс ұстайтын аула сандары артады. Жобаға қатысушы ауылдық округтерде 1 сүтті, 1 етті бағыттағы кооперативтер құрылады. Бау-бақша өнімдері көбейеді. Ауылдық елдімекендегі бизнес жобаларын қаржыландыру нәтижесінде сүт өңдеу цехы мен наубайхана және жылыжай құрылысы салынбақ.  Бұдан басқа пилоттық жобаға енбеген ауылдық округтерде бағдарламаға қатысамыз деген мақсатпен өз өтінімдерін беруде. Қазірдің өзінде 767,3 млн теңгені құрайтын қаржыға 102 өтінім түсіп отыр.

Жалпы ауданда 166 өтініш тіркелді. Ол - 1112,3 млн теңгені құрайды. Соның ішінде 356,6 млн теңгені құрайтын сүтті мал шаруашылығы бойынша 545 жоба, қымыз өндірісі бойынша жалпы сомасы 8 млн теңге болатын 1 жоба, балық шаруашылығы бойынша 16 млн теңгені құрайтын 2 жоба, ауыл шаруашылық техникаларын сатып алу бойынша 93 млн теңгеге 4 жоба қарастырылған. Ендігі мақсат осы аталған жұмыстарды біртіндеп іске қосу. Бұл тақырып бойынша біраз жұмыс жүргізілді. Несие мерзімі  2,5 пайызбен 5 жылға, ал  мал шаруашылығы және ауылшаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша  7 жылға каникулымен беріледі. Мұның мақсаты сол ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге  жан-жақты қолдау көрсету, ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне  қатысты  мәселелерді шешу, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Сондықтан, тұрғындар осы жеңілдіктерді пайдаланып қалса деген ой бізде, - дейді  Самиғолла Рахметоллаұлы.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале