Орал қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай «Өр рухты – Махамбет» атты әдеби кеш өтті.
Кеш барысында қаһарман ақынның өмір жолы туралы қызықты ақпараттар баяндалып, сарбаздарға ақын туралы бейнеүзік көрсетілді.
Сонымен қатар сарбаздар ақынның рухты, алмастай өткір жалынды жырлары «Қызғыш құс», «Ереуіл атқа ер салмай», «Мен, мен едім, мен едім» өлеңдерін жарыса оқып, кешті жандандырды.
Облыстық Ж.Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы маманы «Ереуіл атқа ер салмай» жылжымалы кітап көрмесіне шолу жасады.
Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының азаттығы, теңдігі жолында, ақ найзасымен, азаткер асқақ жырымен, қасық қаны қалғанша күрескен тіпті сол жолда құрбан болған әрі батыр, әрі, ақын. Ол XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақтатқан аса талантты тұлға.
Майор Алмагүл Жұмабекова
ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы