2.03.2023, 7:17
Оқылды: 28

Гендер той бітіп, дембель той шықты ма?

Бүгінгі заманға сай жас жұбайлар болашақ баласының жынысын анықтау үшін «гендер той» өткізетініне құлағымыз үйреніп кеткен еді.
Енді әскерден келген жігітке де арнап той жасайтын үрдіс қалыптасыпты. Еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған той орын алуда. Әлеуметтік желіде өзіміздің қазақтар әскери киім киген ұлдарын бар сән-салтанатымен қонақтардың алдынан өткізіп, ұлан-асыр той жасағанын көрдік. Желі қолданушыларының арасынан мұндайды қоштайтындары табылмады.
WhatsApp Image 2023-03-02 at 05.44.51
Дембель келді ортаға
Әдетте әке мен ананың ұл-қызының тойын жасап, қызды немесе келінді ән-би шоулармен қарсылап, шығарып салғанды көріп жүрміз. Алайда әскерге аттанғалы отырған ұлының амандығын тілеп, Құран оқытып, үлкендердің бата-батиқасын алса, аман-есен оралған бауыр етін теміржол вокзалынан ағайын-туыс болып күтіп алатын бұқара бүгінде ұлан-асыр той жасайды. Әрине, «дембель» болуға дайындалған, аузынан ана сүті кетпеген кей ұлдар Отан алдындағы борышын ақтауға өз еркімен барса, көбін арнайы шақыртумен алып кетеді. Денсаулығы жарамды болса да, зіңгіттей жігіттердің әскерге барудан қашатыны жасырын емес.
Осы орайда бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұрған «дембель той» жайлы Сырым ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы,
подполковник Мұрат Сәрсеевтің пікірін білдік.
– Бұрын жігіттердің көбі «Нағыз азамат боламыз», «Әкеміз, ағаларымыз сияқты тұлғалы азамат боламыз» деп, әрбірі өзінше батыр болуға тырысатын. Бүгінгінің бозбаласы әскерге мүлде қызықпайды, бәрі әскерден қашады дегеніміз жөн болмас. Аудан орталығы - Жымпитының өзінен Есет Есмағұлов, Азат Амансүгіров, Жалғас Рақымжан, Тұрлыхан Хами, Жәнібек Мүтиғолла, Елтай ауылдық округінен Темір Макар, Әмір Макар, жетікөлдік Оралбек Сапар, Шынболат Асқар, бұландық Мират Молдашев, алғабастық Бекзат Жұмазов, Меңтай Габдуллиев, көгерістік Мирлан Бергенбай былтыр күзде өз еркімен әскерге аттанғанын мақтанышпен айтқым келеді.
Ал енді бүгінгі таңда әлеуметтік желіден көргеніміздей, әскерден келген ұлына мейрамханада той жасап шашылу артық деп ойлаймын. Ағайын-туыстың ортасында қара шаңырақта бас қосса да жеткілікті болар еді, – дейді Мұрат Түймебекұлы.
Аман кел, ұлым, аман кел...
Иә, таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді жағдайға бір жақты қарап, өзімізше шешім шығара салуға болмайды, әскерден ұлының аман келгені ата-ана үшін үлкен қуаныш па деп қаламыз кейде. Олай дейтініміз, бүгінгі қоғамда құлаққа түрпідей тиетін оқиғалар орын алып, талай ата-ана әскерге дін-аман жіберген баласын тағатсыздана күтіп жүргенде суыт хабар келіп, баласының сүйегін құшақтап қалып жатыр. Не болмаса, аяқ-қолы балғадай баласы мүгедек болып оралып жатқаны қаншама. Сонда әскер Отан алдындағы борышты өтейтін жер емес, жұрттың баласын мазаққа айналдырып, олардың тағдырымен ойнайтын «Отан» болып кеткені ме?
Түйін:
Хош, қандай той жасаса да, несиесіз, қарызсыз той болса ғажап қой. «Той – халықтың қазынасы» демекші, жақсылықты тойлайтын күндерміз таусылмай, қонақжай халқымыздан қонақ арылмағай. Әйтсе де дәстүрдің озығы мен тозығы деп салыстырмай, ата-бабамыз салған сара жолды сақтап қалуымыз керек-ақ. Ұлттық менталитетімізге сай жастардың қыз ұзату тойы, келін түсіру тойы, ұрын той секілді тойларды тойласақ та әдемі, қазақы болмысқа жарасымды болар еді.
Ең бастысы, ұлдарымыз ұлықты, қыздарымыз қылықты болып өссін.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале