Ақпан айының 24-26 жұлдызында Астана қаласында дзюдо күресінен 2010-2011, 2012-2013, 2014-2015 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасында “JUDO LEAGUE” турнирі өткен болатын.
Турнирге Батыс Қазақстан облысынан бөлек Солтүстік Қазақстан, Ерейментау, Қарағанды, Ақмола, Алматы, Жетісу секілді бірқатар облыстан 30-ға жуық команда, 2600-дей дзюдошылар қатысты.
Бірнеше күнге созылған турнир нәтижесінде командалық есеп бойынша Сырым ауданының Асқар Шайхиев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мықтылары І орын иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жекелеген жас сырымдық боз кілем шеберлерінен ІІІ орынды Абай Жанәділ, Алихан Мұратов, Ерболат Габдукаримов, Мансур Аманқос қанағат тұтса, ІІ орын Ердәулет Мұратқа, Нұртас Ізімғалиге, Әділ Нұржігітұлына бұйырды.
Белдескеннің белін үзерлік 30 команданың палуандары арасынан жүлделі І орынды Рахман Нұрболат, Жандәулет Тұран, Мәдениет Жұмабай, Амирлан Мұратов, Батырхан Әлбеков секілді жас дзюдошылар аудан, облыс намысын асқақтата түсті.
Аталған боз кілем шеберлерін баптап, шыңдаған Бауыржан Ихсанов басқарып отырған А.Шайхиев атындағы Сырым ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Ержан Чукуров, Айбол Оразғалиев, Мәулет Қожахметов, Темірлан Наурызбай, Ерген Рамазан сияқты бірақатар бапкерлердің еңбегінің еленгенін айта кету керек.
Астанадан алтынды да, күмісті де, қоланы да арқалап келген дзюдошылар мен бапкерлеріне алдағы уақытта да жеңісті күндер тілейміз!
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz