Мектепте өтетін ата-аналар жиналысына негізінен аналар келеді. Полиция қызметкерлерімен әкімшілік құқық бұзушылық бағытында хаттамалар көбіне баланың анасына толтырылады. Осыдан-ақ бала өміріндегі әкенің рөлін көруге болатындай...
Бұл туралы Переметный ауылында өткен «Әкеге қарап ұл өсер» деген атаумен әкелер форумында кеңінен сөз болды.
Кеш жүргізушісі, жас педагог, аудандық музейдің қызметкері Ерназар Амангелдіұлы атап өткендей, бүгінгі қоғамда жәй әке де бар, осынау ардақты атқа сай әке де бар. Әке ұрпақ тәрбиесінде қандай дүниелерге назар аударып, ал қандай құндылықтарға мән бермей жүр? Форум көпшіліктің жанын ауыртып, жүрегін сыздатқан осынау мәселеге жауап іздеуді мақсат тұтты. Сол себепті бұл іс-шарада тамашадан гөрі, тағылымға, әнімен, сәнінен гөрі, мәселенің мән-маңызына көңіл бөлінді.
– Біле білгенге әкенің мойнында ауыр жүк бар. Ер-азаматтарымыз өзіне жүктелген міндетті түсініп, соны орындаулары керек. Отағасының, әкенің мәртебесін көтеретін бұл – сүйген жары. Өздеріңіз білесіздер, бұрын БҚО әкімінің орынбасары болып қызмет атқардым. Сол кезде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы болдым. Осынау кезеңде жас жұбайлардың айырылысуы белең алып тұрды. Бұл мәселені талдап қарағанда, әйел билеген отбасынан шыққан қыз ер адам жетекшілік ететін шаңыраққа сыйса алмайтынын білдік. Ес білгелі үйде анасының әмір жүргенін көріп өскен қыз қанша жерден күйеуін сүйсе де әке беделі артық отбасында тұра алмайды екен. Осынау мәселе әлі де өзекті. Сондықтан ойланайық, қателікке, өкінішке ұрынбайық. Әкелердің мәртебесінің артуына жағдай жасайық, - деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Жиында бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі жөнінде баяндаған аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция лейтенанты Альфия Асауп Бәйтеректе полиция есебінде 14 жайсыз отбасы тіркелгенін айтты. Ол жанұяларда 27 бала тәрбиеленуде.
Форумның қызықты тұсы – қамқор, ұстаз, бапкер, көпбалалы, жас әке деген атауға лайық деп танылған отағасылардың сахна төріне шығуы болды. Мәселен, «Қамқор әке» медалінің иегері Мырзағали Дүйсембаев кезінде қызы ауырғанда ота жасатып, өзінің бір бүйрегін берген. Соның нәтижесінде қызы сауығып кетті. Өзі де аман-есен жүріп жатыр. Ал көшімдік Қанат Сәрсенғалиев отыз жылдан бері Өркен ауылындағы мектепте мұғалім. «Әкем малшы болған еді. Ата кәсіптен біз де қол үзген жоқпыз. Екі ұлымның үлкені елордада қызметте болса, кішісі қолымызда, мал шаруашылығымен айналысып отыр, - деді ол. – Әкем бізді адалдыққа тәрбиеледі, біз де ұрпақтарымыздың бойына соны егудеміз».
Достық ауылдық округіндегі Чувашин мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Асхат Маймақов төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Рафхат атты ұлы өзі секілді спортқа жақын. Жеңіл атлетикадан облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Ол балалардың спортпен айналысуына көп көңіл бөлу керектігі турасында ойымен бөлісті. Жиналғандарды әкеге деген сағынышымен тәнті екен қайнарлық Марат Меңдіғазиев те төрт қыз бен бір ұлдың әкесі. «Біз үлкен жанұяда өсіп-өндік. Әкемнің жолын жалғап, көпбалалы әке атанғаныма қуаныштымын, - деді Марат Мұратұлы. – Мына форумның атауына сай «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, бірінші кезекті біз, яғни әкелер өз-өзімізді тәрбиелей білуіміз керек деп ойлаймын».
Үш ұлы бар трекиндік жас әке Алтынбек Кенжеғалиев отбасындағы, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік туралы пікірлерін ортаға салды. Бұл спикерлердің бәріне Махамбет ауылындағы мектептің мұғалімі Ғалымжан Қиясов өз туындаларын тару етті.
Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған іс-шарада саз мектебінің педагогтары мен тәрбиеленушілері ән шырқап, би билеп, кеш шырайын келтірді.
Сәкен Мұратұлы
Бәйтерек ауданы