Жауһар шығармалар жанымызға жақын. Көбінесе кеңестік кезеңдегі тәрбиелік-танымдық мазмұнға бай шығармаларды сүйсініп тыңдап, көріп оқимыз. Бәрін емес, әрине, талғамнан шығатындарын ғана. Баспасөзге, әлеуметтік желілерге сол дәуірдегі інжу-маржан туындыларды барынша жазып жүрміз. Жасы өзіммен шамалас, біраз кішілігі бар, сондай-ақ менен де үлкен оқырмандардың бұл тірлігімді құптайтынын байқаймын.
Фото: mir24.tv
Әсіресе фейсбук желісінде оқырмандардың пікірі көзбе-көз, бетпе-бет болғасын айқын байқалады ғой, мұндай жазбаларымызға қолдау білдіріп жатады. Қоштап, мақұлдайтындардың ішінде жастар да бар. Енді біреулердің (ондайлар да арагідік кездеседі): «Мұның қажеті не, басқа елдің музыкасы, әндері ғой, өзіңіз орысшыл емессіз бе?..» деп қырын қабақ танытатынын да аңғарамыз. Оларға: «Мәдениет пен өнер әлемінде адамдарды бөліп тұратын шекара болмайды. Қай халықтың болмасын жауһар туындылары – адамзатқа ортақ қазына. Ондай туындылар жан дүниені байытып, өмірге іңкәрлікті арттырады» деген уәж айтамын...
Сонымен, бүгін тағы да кеңестік кезеңде жауһар туындыларды, шедевр шығармаларды жазған тамаша композитор туралы айтпақпыз. Есімі аға және орта толқынға жақсы таныс Александра Николаевна Пахмутова 1929 жылғы 9 қарашада бұрынғы Сталинград (қазіргі Волгоград облысы) түбіндегі Бекетовка поселкесінде туған. Әкесі партия қызметкері болған. Қолы бос уақытында фортепиано, балалайка, скрипка, арфада ойнауды өз бетінше үйренген. Бірде анасы үш жастағы қызының жаңа ғана әкесінің орындауында естіген әуенді пианиноға салып, тартып отырғанын көреді. Содан бастап жас қыздың музыкаға деген аңсары ауады. Бес жасында өзінің алғашқы фортепианолық пьесасын жазады. Өнерге құштар жас қыз Сталинградтағы музыкалық мектепте оқиды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Пахмутова Мәскеу мемлекеттік консерваториясының жанындағы орталық музыкалық мектебіне қабылданады. 1956 жылы аспирантураны бітіргесін оның өнердегі өсу жолы басталады. Алғашқыда ол ылғи симфониялық шығармалар жазумен айналысады. Симфониялық оркестрге арнап увертюра, кантата жазып, көпшілікке танылады. Жылдар өте келе жас композитор эстрадалық әндер мен кинофильмдерге музыка жазуға бет бұрады. Композитордың «Девчата», «Три тополя на Плющихе», «Моя любовь на третьем курсе», «Полынь-трава горькая», «О спорт, ты – мир!», «Битва за Москву» сынды фильмдерге жазған музыкалары мен әндерін жұртшылық әлі күнге сүйсіне тыңдайды. Жалпы, Александра Пахмутова 400-ге жуық ән жазған екен. Оның әндерін Мүсілім Магомаев, Иосиф Кобзон, Лев Лещенко, Валентина Толкунова, Эдита Пьеха, Александр Градский, Эдуард Хиль, Людмила Сенчина тәрізді әншілер әр жылдарда орындады. Сол сияқты Пахмутованың әндері «Песняры», «Самоцветы», «Верасы», «Сябры», «Пламя» секілді вокалды-аспапты ансамбльдердің орындауында шырқалды. Композитордың әндеріне көбіне-көп Лев Ошанин, Михаил Матусовский, Евгений Долматовский, Роберт Рождественский, Римма Казакова сынды көрнекті ақындар өлең жазды. Десек те, оның жұбайы, ақын Николай Добронравовпен бірлескен шығармашылық одағы нәтижелі, жемісті әрі табысты болды.
Ақын әрі Мәскеудегі жас көрермендер театрының актері Николай Добронравов болашақ жарымен 1956 жылы танысады. Екеуіне балалар радиосының редакциясы тарапынан балалардың жазғы демалысына арнап «Лодочка моторная» атты ән шығару туралы өтініш түседі. «Сол моторлы қайыққа отырып алып, Аля екеуміз болашақ өмірдің айдынына қарай жүздік», - деп кейін әзілдеп еске алады Николай Добронравов.
Міне, содан бергі 60 жылдан астам уақыт олар жұбы жазылмай өмір сүруде. Ерінің жазған өлеңіне зайыбы ән шығарады. Олардың бірлесіп шығарған әндерінің түгелге жуығы хит болып, халықтың игілігіне айналды. Ерлі-зайыптылардың ел мен халықтың тағдыры, Ұлы Отан соғысы және ғарышты игеру, ұшқыштар мен құрылысшылардың ерлігі, саяхатшылар мен комсомолдардың романтикасы, сондай-ақ мәңгілік тақырып – мейірімділік пен жауыздық, махаббат пен жек көрушілік туралы жазған әндері өзіндік өрнекпен өрілген. Кеңес өкіметінің нағыз шарықтаған кезеңінде өмір сүріп, көптеген әнін Ленин, партия, комсомол тақырыбына арнаса да, олар коммунистік партия мүшесі қатарында ешқашан болмапты. «Коммунистік идеология үшін көпшілік жанын беріп, елі мен жерін жаудан сақтап қалды. Ал енді біреулер солардың арқасында тасасында бұқпантайлап, жағдайын жақсартты, өзгенің қолымен салтанатты саяжайлар тұрғызып алды. Осыны көре тұрып, партия қатарына өтуге ұстанымым жібермеді», – дейді Александра «Советский экран» журналына берген сұхбатында.
Кеңестік заманда А. Пахмутованың әндерінің бәрі де сол уақыттың басты хит-мейкері болды. Қазір дәуір өзгерген кезеңде де «Старый клен», «Мелодия», «Как молоды мы были», «До свидания, Москва!», «Надежда», «Нежность», «Команда молодости нашей», «Трус не играет в хоккей!», «Я не могу иначе» туындылары алтын қорға берік еніп отыр. Алайда тыңдармандарының сүйіспеншілігіне және музыкадағы шүбәсіз беделіне қарамастан, кеңестік кезеңнен бастап бүгінге дейін Пахмутованың атына кейде сын айтылып жатады. Мысалы, өткен ғасырдың 70-ші жылдары композитордың «Песня о Ленине» атты хорға арналып жазған әнін «Ильич прощается с Москвой...» деген жолдарға бола жарамсыз деп тауыпты. Сол сияқты 1980 жылы жазғы XXII Мәскеу олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалғанда жұбайы Николай Добронравов екеуіне «До свидания, Москва, здравствуй, Лос-Анджелес!» деп аталатын тақырыпта ән жазуға тапсырыс беріледі. Алайда Ауғанстандағы соғысқа байланысты Америка өкіметі Мәскеу олимпиадасына бойкот жариялағандықтан, ерлі-зайыптыларға Мәскеумен, олимпиадамен қоштасу туралы қарапайым ғана лирикалық ән жазу ұсынылады. – «Мосфильм» киностудиясында Александра Николаевна маған әнді жай және бар ықыласыммен, аздап мұңдылау айтуымды сұрады. Сол кезде бұл әнді олимпиаданың жабылу салтанатында қай әншінің айтатынын білмедік. Өйткені әнді орындауға менімен қатар Татьяна Анциферова және «Самоцветы» ансамблі де байқауға қатысты. Мұның бәрі өте қатаң құпияда ұсталды. Тек олимпиаданың жабылуы кезінде диктор аты-жөнімді айтып хабарлағанда ғана әнді шырқайтынымды білдім», – дейді Лев Лещенко өз естелігінде.
«Три тополя на Плющихе» кинофильміндегі «Нежность» әнін әлі күнге дейін бүкіл ел жатқа біледі. Дейтұрғанмен осы әннің де шығуы қызық. Алғашында Пахмутова: «Базарға ет сатуға ауылдан келген қайдағы бір «апатайға» әнім шығын» деп фильмге музыка жазудан бас тартады. Аталған фильмнің режиссері Татьяна Лиознова композиторды туындыны көруге көндіреді. Фильмді көріп шыққан композитор: «Егер бұл киноға музыка жазатын болсам, тек актер Олег Ефремовты үлкейтіп түсіру үшін ғана жазамын» деп киностудиядан шығып, такси аялдамасына жеткенше фильмдегі әуенді іштей шығарып та үлгереді. Бір қызығы, осы «Нежность» әнін Одақтар Үйінің колонналы залында алғаш орындаған Майя Кристалинскаяға көрермендер шашыраңқы ғана қол соғып, әнші сахнадан толық тыныштықта шығып кетіпті. Сондай-ақ арнайы Магомаевтің орындауына лайықтап шығарылған композитордың «Мелодия» әнін Мүсілім сол шақта Милан қаласындағы әйгілі «Ла Скалада» сынақ мерзімінде жүрген жұбайы Тамара Синявскаяға алғаш рет телефон арқылы орындап беріпті. «Беловежская пуща» әні 1975 жылы жарық көріп, аты мәлім табиғи қорықтың нағыз хиті мен гимні болды. 1991 жылғы Беловеж келісімінен соң Пахмутованың бұл туындысы гимннен Кеңес одағының мұңды музыкалық шығармасына айналды. Ал енді «Надежда» әнін композитор «Ер адам айтатын ән» деп Иосиф Кобзонның орындауына бергісі келеді. Бірақ әнші оны айтудан бас тартады. Бұдан соң да бұл әнді бірнеше әншіге орындауға жолдайды. Ақырында, әннің Анна Германның орындауында бағы жанып, нағыз інжу-маржанға айналды. Бүгінде бұл туындыны ғарышкерлердің ғарышқа ұшар алдында тыңдауы берік дәстүрге енген.
Нұрымбек Жапақов,
«Орал өңірі»