13.03.2023, 9:46
Оқылды: 64

Жағдай күрделі, бірақ бақылауда

Өткен апта соңында, нақтылап айтқанда, жұма күні ауа райының күрт жылынуына байланысты Бәйтерек ауданында да су тасқынына қатысты күрделі жағдай орын алды. Соған орай жергілікті атқарушы және төтенше жағдайлар құрылымдарымен су басу қаупін алдын алу бағытында қажет шаралар қолға алынды.   

baiterek (3)

    Ресми мәліметке қарағанда, 13 наурыздағы жағдай бойынша аудан көлемінде бір тәулік ішінде 43, ал жалпы 7 445 текше метр қар шығарылып, 81 225 текше метр қар суы сорылды. Бұл іске 378 адам мен 97 бірлік техника тартылды. Соның ішінде 27 су сору техникасы бар. Өзен-көлдерде 2 345 ойық жасалып, 487 метр мұз кесілді. Су басу қаупі бар жерлерге 11 234 қапшық салынды. Су ағатын 94 құбыр және 6 782 метр арық пен арна тазартылды.

- Қазіргі таңда Переметный, Зеленов, Мичурин, Достық, Шалғай ауылдық округтарында күрделі жағдай туындап отыр. Мәселен, Зеленый ауылы маңынан өтетін Деркөл өзенінің арнасы күрт көтеріліп, қауіпті деңгейге жақындауда. Соған байланысты 1 «КамАЗ», 1 трактор, 1 тиеуіш (погрузчик), «Кунг», «Трэкол» арнайы техникалары, УАЗ көлігі, 4 мотопомпа сынды техникалар, 160-қа жуық адам күші тартылып, тиісті іс-шаралар жүргізілді. Өзен жағалауына құм салынған 5000 қап қойылды. Сондай-ақ Верный өзені де көтеріліп, Переметный-Шалғай бағытындағы жолдың 28-ші шақырымдағы бөлігін шайып кетті. Дегенмен де Шалғай ауылымен қатынас үзілген жоқ, көліктер айналма жол арқылы қатынауда. Переметный ауылында еріген қар сулары кейбір көше жолдарын басты. Мәселен, Әуезов көшесінде осындай ахуал қалыптасты. 3 су сору техникасы, 1 автоцистерна, 1 мотопомпа секілді техникалардың көмегімен қауіптің беті қайтарылды. Өзгелермен салыстырғанда Мичуриндегі жағдай сәл қиындау. Себебі бұл ауылының орналасқан жерін қазан шұңқыр секілді. Еріген қар сулары ауылға қарай ағуда. Мұнда 9 ассенизатор мен 13 мотопомпа күні-түні жұмыс істеп жатқанымен, мотопомпаға деген қажеттілік бар. Негізі жаңа мотопомпалар алынды, әлеуетті мердігер болып танылған шымкенттік компания оларды әлі жеткізген жоқ. Жалпы алғанда бүгінгі таңда су тасқынына қарсы күрес үшін техника, адам күші жеткілікті, тиісті іс-шаралар уақтылы әрі жүйелі түрде жүзеге асуда, жағдай толық бақылауда, - деді аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғау бойынша бас инспекторы Амантай Жұмақұлов.

baiterek (2)

Айта кетейік, 23 ақпанда аудандық төтенше жағдай жөніндегі комиссияның шешімімен су тасқынына қарсы аудандық жедел штаб құрылған еді. 10 наурыздан бастап аталмыш штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Штаб өкілдерінің айтуынша, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері жедел штабқа ауыл тұрғындарынан 350-дей өтінім түскен. Олар негізінен көшеге немесе аулаға су жиналуға қатысты, алайда жеке тұрғын үйлерді су басу қаупі орын алған жоқ. Аудан аумағындағы 4 жеке тұрғын үйге (2-уі Переметныйда, қалғаны Мичуринде) су кіру дерегі тіркелді. Оған үйлердің іргетасының аласа болуы, аулалардан қар уақтылы шығарылмауы себеп болған. Аудандық коммуналдық қызметпен көшелердегі қарды шығару жұмыстары мүмкіндігінше қарқынды түрде жүргізілуде. Алайда топырақ қабатындағы тоң әлі қалың болуы себепті ақпанның соңында түскен мол жауын-шашын жерге сіңе алмай жатқан көрінеді. Жеке тұрғын үй аулаларынан шығарылмай қалған қар күн жылынғанда еруі себепті ылди жерлерде орналасқан үйлер мен ғимараттардың айналасына су жиналуда. Жалпы жеке тұрғын үй иелерінен түскен өтінімдерге сәйкес су басу қаупін алдын алу бағытында тиісті іс-шаралар алынуда.

baiterek (1) baiterek (4) baiterek (5)

c03b94a5-c8d3-4914-bfa3-f4315d266cb3

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале