Бүгін Сырым ауданы, Жетікөл ауылдық округінің тұрғыны, 109 жастағы Хамида әже өзінің өміріндегі 49-ыншы сайлауына қатысты. Қос ғасырдың куәгерінің дауысын алу үшін №301 сайлау учаскесіндегі комиссия мүшелері кейуананың үйіне барды.
- Біздің көргеніміз көп. Заманның ауысқанын, дәуірлердің тоғысқанын көрдім. Соғысты еске алғым келмейді. Ұлынан айырылып күңіренген ананың, жарынан айырылып аңыраған жеңгейдің зары әлі құлағымда. Туған жердің топырағын сүйіп қоштасып, көшкенді де көргенбіз. Жүзден асқан жасымда бір-ақ нәрсенің нағыз байлық, несібе екенін білемін. Ол - тыныштық! Бүгін сайлауға қатыстым. Мен дауысымды қазақ елінің тыныштығы, амандығы үшін бердім!, - дейді көнекөз қария.
Хамида ананың топырақ сүйіп қоштасып, көшкенді көргенбіз дегенінде тарихи шындық жатыр. Әженің өмірнамасын бетіндегі қалың қатпарлы әжімінен оқып алуға болатындай.
Ол 1914 жылы қазіргі Атырау облысының аумағындағы Айбас ауылында дүниеге келді. Жастық шағы аштық және соғыспен тұстасты. Белін буып, еңбекке ерте араласты. Елмен бірге заманының ауыртпалығын арқаласты. Рыс Несіпов атты азаматпен сөзі жарасып, отау құрды.. 1952 жылы Капустин Яр полигоны ашылды. Тұлпарлар тұяғының дүбірі тұнған қазақтың күнбатыс беттегі даласы тарсылдаған бомбаның астында қалды.
Аспаннан алау ұшып жатқасын, Бөкей Ордасы, Ресейдің Астрахань және Атырау облысының кей ауылдарының тұрғындары еліміздің өзге өңіріне көшірілді. Сол кезде Хамида әжейдің отбасы да депортацияға ілікті. Көшкен жұрттың жолай тартқан зардабы жетерлік. Айбастан көшкен 60 түтіннің жартысы Орал өңірінде қалды. Міне, тағдыр желі айдауымен Хамида ананың әулеті біздің жаққа осылай келген.
Еңбекқор жан зейнетке шыққанға дейін ауылшаруашылығы саласында жемісті еңбек етті.
Жолдасы Рыс екеуі 5 ұл, 3 қыз сүйді. Олардан 11 жиен, 19 немере, 52 шөбере тарады. 100-ден астам шөпшегі бар әжей өзін бақытты жан санайды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz