28.03.2023, 17:14
Оқылды: 53

Талдыбұлақтың Америкадағы Айданасы

«Сырым ел» газеті жыл сайын төл мерекеміз Наурыз тойында шетелдегі жерлестермен сұхбат жариялап тұрады. Биыл Талдыбұлақтың Америкадағы Айданасымен әңгімелестік. 

Айдана Америкада

​Тананың ұрпағы Айдана Тынышқалидың кіндік қаны тамған жері Сырым ауданының Талдыбұлақ ауылы. Бүгінде instagram-да 117 мың оқырманы бар кейіпкеріміз Abl.aidan аккаунтымен қазақстандықтарға жақсы таныс.

Даярлық сыныбын туған жерінде бастап оқып, одан әрі нағашыларында Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында, кейін Ақсай қаласында білім алған. Мектепті Бөрлі ауданының Қызылтал ауылында 2012 жылы тәмамдаған.

 

Білім іздеген бойжеткен

 

​Мектепті бітіре сала 2012 жылы Алматының Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетіне түсіп, 2014-2015 жылдары жарты жыл Лондонның LAMS университетінен білім алады.  2016 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінен диплом алып шығады.

2016-2017 жылдары магистратураны өзі оқыған Алматыдағы университеттен оқып, 2017-2018 жылдары Американың MVSU университетінде оқып, қос елден магистратураның дипломын алды.

«Болашақ» стипендиясын жеңіп алған Айдана 2020-2022 жылдары АҚШ-тың Таллахасси қаласында FSU университетінде білім алды. Бүгінгі таңда Лос Анджелеске найманның баласы, жұбайы Абылаймен қоныс аударды. Мүмкіндік болғанда елге де ат басын бұрып тұрады екен.

 

Айдананың америкадағы өмірі

31acb8e2-2e8a-43eb-9271-71d6998f6555

​Бүгінде Лос Анжелесте тұрып жатқанымен, қазақы дәстүрді әрдайым жадында ұстайтын жас отбасы «QAZAQ COMMUNITY» қандастар ұйымының құрамында.

​-​Америкадағы қазақтар болып жиі бас қосып тұрамыз. Ұлтымыздың кез келген мерекесінде ұйым мүшелері, өзіміздің қазақстандықтар шағын концерттер, мерекелік кештер ұйымдастырады. Әсіресе, жаңа жылымыз саналатын Наурыз тойын ерекше тойлаймыз, жыл сайын тағатсыздана күтеміз. Екі елдің Наурыз тойының айырмашылығы аса көп емес. Бір әттеген-айы Америкада ұлттық тағамдарды әзірлеп, дастархан басына жиналсақ,  Қазақстандағы Наурыз тойын жерлестеріміз кең көлемде, кең далада, ашық аспан астында тойлайтыны ұнайды, - дейді кейіпкеріміз.

 

Шетелдегі қазақ салты

 

​Иә, қазір шетел асып білім алып немесе жұмыс жасап жүрген кейбір қандастарымыздың ішінде шет тілінде сұңқылдап, қанына сіңген қазақылықтан алшақтап кеткендері жасырын емес.

Ал Абылай мен Айдананың шаңырағында қазақы болмыс, дәстүр ұмытылған емес.

-​2022 жылы қызымыз Айша дүниеге келді. Америкада кішігірім болса да, қырқынан шығарып, бесікке салып сәби туғанда жасалатын жөн жоралғыларды жасадық. Жақында жасқа толатын қызымыздың тұсаукесерін жасауды да жоспарлап отырмыз, - дейді жас ана.

 

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

62e4cae9-6b9f-4a18-a31d-b33d61df194f

​Әлбетте өзге елде жүріп тек қазақылықты ұстан деген қате болар. «Болашақта балаларыңызды қай елдің немесе қандай болмыста тәрбиелейсіздер» деген сұрағымызға Айдана Тынышқали:

- Біз шетелде тұрсақ та, салт-дәстүр, қазақылықты ұмытқан емеспіз. Болашақта ұрпағымызды саналы, тәриелі, жан-жақты болып өсуі үшін қазақы болмыс пен қатар заманауи білімді де меңгергенін қалаймыз. Әрбіріміз ұрпағымыздың ертеңін ойласақ, жан-жақты етіп тәрбиелеуіміз керек деп санаймыз,- деп жауап берді.

 

«Туған жерге жетері жоқ»

 

​Ұлық мерекеміз, әз-Наурызда жерлестеріне деген Айдананың тілегін тыңдадық.

- ​Жаңа жылымыз, жыл басы саналатын Наурыз тойымыз құтты болсын, жерлестер! Америкада тұрып жатқанымызбен елдің, туған жердің топырағы, саф ауасына жетері жоқ. Жастарымыз болашағына нық қадам басып, әлемдегі дамыған технологияның «тілін» ұғып, елімізге, Қазақстанымыздың гүлденуіне айрықша үлес қоссын деген тілегіміз бар. Еліміз бейбіт күн кешіп, туған жеріміз көркейе берсін, - деп ағынан жарылды талдыбұлақтық Айдана.

 

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале