Бүгінде Теректі ауданында кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін үкіметтен көрсетілетін қолдау көп. Әмәнда, қолдау бар жерде самғау бар екені сөзсіз. Тек, тың жобаларды жүзеге асырып, бағдарлама бағытын барынша байыту керек. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қарасы күн артып өсуде. Олардың арасында ірілі-ұсақты кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқандардың ұмтылысы ауданның әр азаматының еңбектен енжар еместігінің куәсі іспетті. Солардың бірі — Аңқаты ауылының тұрғыны Ханшайым Аққалиева.
Халқымыз қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігін дегеніміз - тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді. Бұл өнер өте қарапайым болғанымен шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді.
Бала күнінен анасының қасында жүріп-ақ, іс тігудің қыр-сырына қанық болған кейіпкеріміздің бауырлары да осы салада кәсібінің нәсібін көріп жүргендер. Бір қызығы, олар әр аймақта жүргенімен қанмен келген текті өнердің қадірін біліп, өздері тұратын өңірдің білікті тігіншілеріне айналған. Жеке кәсіпті қолдайтын ағайындылардың бірі дизайнер, бірінің тігін шеберханасы бар. Тігіншілік тынымсыз тірлік болғанымен, олар үшін ерекше махаббатпен атқаратын іс.
Ханшайымның қолынан шыққан қандай да болмасын туындылары көздің жауын алады. Ол өзінің еңбегін абыроймен атқарып жүр.
— Бұл мен үшін жаныма жақын мамандық. Өйткені, тігіншілікке бала күнімнен қызықтым. Ата-анам қолы алтын, шебер кісілер. Әкем ертеректе аяқ киімдерді жөндейтін. Ал анам тоқыма тоқып, түрлі киімдер тігетін. Аяулы жандардың осындай асыл қасиеті біздің де бойымыздан табылды. Оқушы кезімде еңбек сабағын жақсы көрдім. Апайыммен бірге бәрін де жасап үйренетінмін. Суретті де сала аламын. Өзім негізінен Тайпақ ауылының қызымын, бүгінгі таңда Аңқаты ауылының келінімін. Қол қусырып отырмайын деген оймен «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы білімімді жетілдіріп алдым. Сөйтіп, мемлекеттен 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұттым. Ол ақшаға төрт тігін машинасы, үтік секілді басқа да құрал-жабдықтарды сатып алдым. Оған дейін қыздарға арналған шашқа тағатын бұйымдарды жасайтынмын. Енді қазір ұлттық киімдер тігемін. Сонымен қатар құрақ құрап та үйреніп жүрмін. Маған тапсырыс берген жандардың көңілінен шығып, оны межелеген уақытта дайындауға тырысамын. Себебі, ең бастысы - халықтың көңілен шығу. Нарықтық заманның да қояр талабы осы. Тігін өнерінде барлық нәсібің зор еңбекпен келеді, – дейді он саусағынан өнер тамған шебер. Бір сөзбен айтқанда, Ханшайымның тігіншілігі тіршілігіне жарап тұр. Ол келешекте Аңқаты ауылынан тігін шеберханасын ашқысы келетінін тілге тиек етті.
Ұлттық бұйымдарды ою-өрнекпен көмкере білген шебердің күнделікті атқарар еңбегінің оңай емес екендігін байқадық. Дегенмен, ісмер «Еңбектің наны тәтті» деген қағиданы қатаң ұстанатын көрінеді. Кәсібіне қадам басқан сәтінен бастап, жауапкершіліктің не екенін түсіне біліп, ел алғысын арқалап келеді. Иә, қол жайып қарап отырмай, іске кіріскен жанның еңбегі еш кетпейтінінің тағы бір дәлелі осы.
«Бақыттың кілті еңбекте» демекші, шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол. Күні бойы тапжылмай отырып, тігінші шеберлердің келістіріп тіккен киімдеріне құрметпен қарап, еңбегін бағалауға болады. Тігінші - еңбек нарығында ерекше танымал, сұранысқа ие мамандық. Одан бөлек заманның талабына сай талғаммен киіну табысқа бастайтын алғы шарттардың бірі. Тігін тігу өнері махаббат пен сұлулыққа деген құштарлықтан туындаса керек. Сұлудың мүсінін айшықтайтын киімнің өз қолыңнан шыққаны жарасымды болары анық. Әсіресе, бүгінгі күні бәріміз сәнді әрі талғаммен киінгіміз келеді. Тігіншілік — қол мен қиялдың еңбегі. Осылайша, шаруасын шырайландырып отырған Ханшайым Мұратқызының жайына қанықтық.
Отбасының ұйытқысы қашанда әйелге байланысты. Ер адам табыс тауып, отбасы асыраушысы болса, үйдің берекесін келтіруші, ондағы ырыстың артуы әйелдердің қолында.Сүйікті жар, ибалы келін, ардақты ана атанған Ханшайым жолдасы Ержан екеуі - сүп-сүйкімді үш қыз тәрбиелеп отырған жас жанұя.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz