«Жұбанның жыры – Үзілдіктің үні». Дәл осындай атаумен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті музейінде әдеби кеш өтті.
Филология факультетінде әдістемелік апталық басталды. Жоспарға сай әр түрлі форматтағы сабақтар жоспарланған. Апталық аясындағы алғашқы сабағымызды аудиториядан тыс, әдеби кешпен бастауды жөн көрдік.
«Жұбанның жыры – Үзілдіктің үні» атты ақын, ұстаз, тіл жанашыры Үзілдік Елеубаевамен кездесу кеші... Емен-жарқын сырласу, әсерлі сұхбат, танымдық, тағылымы мол кешке ұласқан сабаққа магистранттарымыз жақсы дайындықпен келген.
“Өлеңмен өрнектелген өмір». Осындай тақырыпта баяндама оқылды. Ақын апамызды жан-жақты қырынан тануға тырысқан магистранттар шығармашылығын талдаумен аяқтады.
«Поэзия - мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны, махаббат, сүйіспеншілік, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген жұп-жұмыр жауһар дүние». Ақынның жауһар дүниесі өз оқырмандарының жүрегінен орын алғанын, өлеңдерінің тақырыптық аясы да кең екендігін, соның ішінде туған жер, азаматтық лирикадағы өлеңдерінің көркемдігіне тоқталып өтті.
Ақынның айтыс өнеріндегі орны мен айтыскер ақындық келбетін де ашуға тырысты. Сонымен қатар ұзақ жылдық еңбек өтілін қамтыған ұстаздық еңбегіндегі үлгі-өнегесіне тоқталды. Тіл майданының сардары бола білген ақын апамыздың осы жолдағы еңбегіне де бүгінгі жастарымыз куә.
Үзілдік апамыз 1981 жылы Орал қаласының А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. Біздің университеттің, факультетіміздің түлегі. 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақ өз түлектерімен қашанда мақтанады. Әдеби кеш орнын таңдауымызда университет тарихы қатталған музейді таңдауымыздың өзі жайдан-жай емес еді. Университет түлегі студенттік жылдар мен білім алған ұстаздар қауымын еске алып, ерекше сәттерімен бөлісті.
Кеш барысында ақынның өлеңдері де оқылды. «Сайқұдығым» өлеңі - ақынның балалық шағы өткен ыстық мекені. Өлеңді оқи отыра, алаңсыз балалық шаққа сапар шеккендей боласың. Сайқұдық – даңқты ақындардың мекені. Расында, туған жердің топырағы бар қайғы-уайымды ұмыттыратындай ақын үшін. Қара өлеңмен туып-өскен өлке табиғатының сұлулығын әсем бейнелеген.
"Айналамыздағы барлық адам бақытты ма? Бақыт - расымен көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін сиқырлы күш. Ақын «Бақыттысың дейсің сен» өлеңінде бақыттымын дейтін адамдардың шынында бақытты ма?" деген сұраққа жауап іздейді. Өлеңді жазудан бөлек, сезіндіре білу – ақынның басты ерекшелігі.
Әдеби кешіміздің екінші бөлігі әдеби сұхбатқа ұласты. Магистранттарымыз мағыналы да мазмұнды сұрақтары арқылы ақын апамыздың жұбантанушы қырын ашуға тырысты. Апайымыздың әр сөзінде Жұбан ақынның жыры сөйлейді. Жұбан ақынға өлеңдерін арнаған ақын ғана емес, жұбантануда өзіндік орны бар азаматтық қырын таныдық. Әдеби кеш атауы сыр-сұхбатта айқын ашылғандай.
Әдемі кештің әрін кіргізетін де әуелеген ән. Әні мен сөзі келіскен, орындаушысын тапқан әсерлі ән әдемі көңіл сыйлары анық. Кеш қонағы боп келген студентіміз Әділ Ахметов әдемі әнін орындаса,Үзілдік апамызбен бірге келген досы магистрант жастарға алғысын білдіріп, достық лебізін білдірді. Университетіміздің Ғылыми кітапханасы тарапынан әдеби кеш тақырыбын ашқан көрме де ерекше дайындалған.
“Түсінген туған ауыл, жұртым мені,
Қызынан жылы-жылы жыр күтеді.
Мен, сiрә, абыройсыз емеспiн-ау,
Азамат деп ел сыйлайды бұл күндері” - деп жырлайды ақын апамыз. Ел сыйлаған азаматтық болмысы, ақынның қарапайым келбеті – бүгінгі жастарға үлгі-өнеге.
Рита Сұлтанғалиева,
қауымдастырылған профессор, ф.ғ.к.