Адамдардың діттеген жеріне темір тұлпармен қауіпсіз қатынауы үшін жолдың тегіс әрі сапалы болуы маңызды. Сондай-ақ елдегі жүк тасымалының қарқыны, түрлі салалардың дамуы тас жолдардың сапасына тікелей байланысты. Өңірімізде жол құрылысы саласында әп дегеннен-ақ білек сыбана іске кірісіп кететін мамандардың тапшы екені рас.
Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әлия Кабенова мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы жол құрылысы саласында облыс бойынша білікті мамандар жетіспейді.
– Соңғы жылдары автожол саласын дамытуға қомақты қаражат бөлініп, облыс аумағындағы барлық аудан көлемінде және Орал қаласында 80-нен астам жоба іске асуда. Бұл жобалардың басым көпшілігін жергілікті мердігер ұйымдар атқарып жатыр. Штаттағы жұмысшылардың үлгермеуіне байланысты қосымша мамандарды жұмысқа тарту қажет, – деді Әлия Қайдарқызы.
Ал «Қазақавтожол» ЖШС облыстық филиалы автомобиль жолдарын пайдалану бөлімінің басшысы Аңсар Рахматуллин мекемеде автогрейдер, тиегіш машиналар, бульдозер, трактор сияқты жол құрылысы машиналарының машинистері, механизаторлар және тағы да басқа мамандардың жетіспей тұрғанын ашық айтты.
– Қай салада болмасын, ең әуелі, мамандардың жұмыс сапасына мән берілетіні белгілі. Қазіргі таңда жол саласында оқығандардың білім деңгейінің әр түрлі екені де жасырын емес. Әрине, талаптарға сай біліктіліктерін жақсы меңгерген мамандарды да кездестіруге болады. Дегенмен бүгінде жастардың жол салу және жөндеу ісіне аса бір ұмтылыстары байқалмайды. Себебі бұл өңірде оларға төленетін жалақының көлемі де ауыз толтырып айтарлықтай емес, – деді бөлім басшысы Аңсар Ұзақбайұлы.
«Қазақавтожол» кәсіпорнының облыстық филиалы жол құрылысы саласының мамандарын даярлайтын А. Иманов атындағы жол-көлік колледжімен әлеуметтік серіктестік байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс атқаруда. Оқу орнының студенттері өндірістік сараманнан осы мекеменің жол пайдалану бөлімшелерінде өтеді.
Осындай маңызы зор мамандықты оқытатын аталған жол-көлік колледжіне бардық. Ондағы оқытушылардың мәлімдеуінше, биыл жол құрылыс машиналарын техникалық пайдалану мамандығында 396 студент түрлі біліктілік бойынша білім алуда. Облысымызда осы бір ғана колледж жол құрылысының (жүргізуші) мамандарын даярлайды.
– Студенттер бұл мамандықтың жауапкершілікті талап ететінін көбіне сараман кезінде сезініп жатады. Себебі сол уақытта жол құрылысына пайдаланатын автокөліктерді жүргізудің бұрын білмеген құпиясын тапқандай болады. Біз олардың өндірістік сараманда мол тәжірибе алуы үшін әлеуметтік серіктестерімізбен тұрақты байланыс орнаттық. Қазіргі кезде «Қазавтодор», «Дэу-38», «Орал жолдары», «Перспектива КАН», «Юнисерв», «Жайық құрылыс», «Болашақ» ЖШС сияқты 37 әлеуметтік серіктесіміз бар.
Біздің колледжде жұмысшы мамандықтар оқытылатын болғасын 99 пайыз ер балалар білім алады. Былтыр түлеп ұшқан 134 студенттің 74-і жұмысқа орналасты. Алайда оның көбі өзге өңірлерде қызмет етуде. Мұның басты себебі – қыс мезгілінде жол құрылысы тоқтап қалады. Сосын, жалақы мөлшері де көңіл қуантарлықтай болмайды. Мәселен, біздің облыста жол саласында қызмет ететін жүргізушілерге 180-200 мың теңге көлемінде төлейді. Ал вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер одан жоғары жалақы алады. Оқу бітіріп кеткен түлектермен байланыс жасау барысында тағы бір уәжі барын аңғарамыз. Дипломды жаңа алған жас мамандарды кейбір мекемелер әуелі жұмысқа шақырып алып, кейін үйретудің орнына тауын қайтарып тастайды. Колледждегі ішкі сараман жұмыстары кезінде оқыту шеберлерінің үйрету әдісі басқа. Ал ол жақтағы жұмыс жүйесінің жөні бөлек екені түсінікті. Десе де тәжірибе жинауға талпынғандарды талаптың тым қатты болуы да шошытатын шығар, – деді колледж директорының оқу өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Нұрлан Уранаев.
Айта кетейік, 2021 жылы колледжде республикалық «Жас маман» жобасы бойынша автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану мамандығы ашылған. Сондай-ақ жоба аясында бөлінген қаржы есебінен осы мамандық бойынша сараман жұмысын жүргізетін арнайы жабдықтар мен крандар алынған. Атап айтсақ, алдыңғы тиегіштің, экскаватордың, автомобиль кранының динамикалық тренажерлері (кабиналары) мен порталдық кранның, автомобиль кранының симуляторы аталатын жабдықтар және «HYUNDAI Mighty EX8» маркалы автомобиль негізінде жүк тиегіш краны мен қысқа негізді кран. Оқытушылардың сөзінше, студенттер сараман кезінде жаңа крандар мен жабдықтарды пайдаланады. Бұл өз кезегінде олардың сарамандық жұмыстарына оң ықпал етуде.
Колледж директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Марал Жантулинаның айтуынша, колледжге оқуға түсіп, техниканың қыр-сырына қанық боламын деген студенттердің грантқа ілігуге толықтай мүмкіндігі бар. Сонымен қатар мемлекет тарапынан шәкіртақы, бір мезгіл ыстық тамақ қарастырылған. Шалғайдан келгендерге жатақханасы бар және қыс, жаз мезгілдерінде жол жүру ақысы да төленеді. Оған қоса түлектер негізгі дипломымен бірге «В», «С1» санатты жүргізуші куәлігіне ие болады.
Аталған колледждегі жол құрылыс машиналарын техникалық пайдалану мамандығына 2017 жылы түскен Мейірбек Төлеевті сөзге тарттық. Айтуынша, тоғызыншы сыныпты бітіріп келген ол 2 жыл 10 ай оқып, мамандығын жан-жақты меңгерген. Содан, 2020 жылы оқуын тәмамдап, әскер қатарына алынған. Мейірбек қазір «Uniserv» ЖШС мекемесінде жүк тиегіш оператор маманы.
– Ең әуелі айтарым, тракторды жүргізіп үйренгеннің жол салуда да, ауыл шаруашылығында да пайдасы мол.
Бүгінде өзім құралпы жас жігіттердің біразында техниканы меңгеруге құлшыныс жоқ. «Қара майға былғанып не керек?», – дейді көбі. Біріншіден, қазіргі таңда кез келген мекеме су жаңа техникалармен жұмыс істейді. Екіншіден, бұзылған көлікті арнайы мамандар жүргізушілерсіз-ақ жөндейді. Сосын, дәл осы жол құрылысы саласындағы жүргізушілердің жалақысы жеткілікті. Рас, жұмысқа алғаш орналасқан уақытта, яғни 2021 жылы айлық табысым 170-180 000 теңге көлемінде болды. Мен де сол уақытта мұндай ақшаны аз деп есептейтінмін. Екі жылдың ішінде тәжірибелі мамандардан біраз нәрсе үйрендім. Тапсырылған міндетті ретімен орындауға дағдыландым. Қазіргі кезде 350 000-400 000 теңге шамасында айлық аламын.
Айта кетейін, бұл мамандықпен шет мемлекеттерге де барып жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Себебі жол салу немесе жөндеу жұмыстары жер-жерде жүзеге асуда. Ең бастысы, қай істе болса да, құлшынысқа қоса, білім-білік қажет екенін түсіндім, – деді жас маман Мейірбек Нұрбекұлы.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Абылайхан Ерболұлы Алшынбаевтың айтуынша, филиал қызметкерлері болашақ түлектерге кәсіби бағдар беру мақсатында өңірдегі барлық білім ордасында болып, шәкірттермен кездесулер өткізіп жүр. Бұл жұмыстар жастарды жол құрылысы саласына тартуды көздейтін «2000 мектеп» бағдарламасы арқылы жүзеге асуда. Олар жыл басынан бері өңірдегі 20 мектепте болып, кәсіби бағдар берген.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»