30.03.2023, 11:14
Оқылды: 20

Жаңа жоба — жаңа бағыт

2020 жылдан бері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде халықаралық «Эразмус+» бағдарламасы бойынша үш жоба іске қосылған. Аталмыш бағдарлама  еуропалық одақтың білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты және спорт жүйесін жаңғыртуға,  тұрақты дамытуға көмектеседі. Биыл қаңтар айында аталған үш жобаның бірі сәтімен аяқталып, екі жоба еуропалық комиссия шешімімен  тағы бір жылға ұзартылды.

Team DIARKAZ_IMG_0463

Бұл жобалардың алғашқысы – Қазақстандағы өнеркәсіптік автоматтандыру және роботтық техника бойынша дуальды білім беруге бағытталды. (DIARKAZ). Оның еуропалық координаторы – Сербия еліндегі Нови-Сад университеті. Ал бағдарлама жетекшісі Австрияның Грац қаласындағы FH JOANNEUM қолданбалы зерттеулер университеті мен Германияның DHBW Баден-Вюртемберг мемлекеттік университеті. Олар Хайльбронн және Штутгарт қалаларында орналасқан. Елімізде аталған бағдарламаларды М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті іске асыруда. Осы жоғары оқу орындарымен қостанайлық «СарыаркаАвтоПром» ЖШС  мен «Орал трансформатор зауыты» ЖШС серіктестер ретінде бірлесіп жұмыс істейді.

Жалпы бұл жобаны жүзеге асыру барысында алға қойылған мақсат-міндеттер де ауқымды. Алдымен өнеркәсіпті автоматтандыру және роботтық техника бойынша қосарлы оқыту бағдарламасы әзірленеді. Одан соң бакалавриат және үздіксіз білім берудің жаңа бағдарламалары дайындалады. Өндірісті автоматтандыру үрдістері мен озық тәжірибелеріне салыстырмалы талдау жасалады. Оқу материалдарын және соған сай жабдықтар сатып алу да жоспарланған. ЖОО-ның оқу үрдісіне білім беру бағдарламасын енгізіп, Қазақ-станда еуропалық бағдармен өнеркәсіптік автоматтандыру үшін қосарлы оқыту бағдарламасын тарату сынды мақсаттар көзделді.

Осы айтылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін үш серіктес университет бірлесіп, кемінде 240 академиялық ECTS кредитін қамтитын бірлескен білім беру бағдарламасы мен оқу жоспарын әзірледі. Бағдарламаны дайындау барысында кәсіби құзыреттіліктерге, яғни оқыту процесінде алған білімдерін, дағдыларын кәсіби қызметте тәжірибелік тұрғыда пайдалану қабілеттеріне назар аударылды. Бағдарлама «Жаңа кәсіптер атласын» талдау бойынша инженерлік бағыттағы «Роботтық техникалық жүйелер» білім беру бағдарламасы деп аталды. Болашақта Австрияның қолданбалы зерттеулер университетімен бірлесіп қос диплом беретін бағдарлама әзірлеу жоспарланды. Еуропалық серіктестермен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп  жатыр.

Әзірленген білім беру бағдарламасы жоғары оқу орындары серіктестерінің, Орал трансформатор зауыты секілді академиялық емес серіктестердің, сондай-ақ еуропалық серіктестердің сараптамасынан өтті. Білім беру бағдарламасы сол кездегі ҚР Білім және ғылым министрлігінің тізіліміне енгізіліп, сарапшының оң бағасына ие болды. Сондай-ақ 2021 жылы бұл бағдарлама негізінде алғашқы білім алушылар қабылданып, «Роботтық техникалық жүйелер» білім беру бағдарламасы 5 жылға аккредиттеуден өтті.

Білім алушылар жоба бойынша ресми серіктес болып табылатын Орал трансформатор зауытында тәжірибеге бағытталған сабақтардан өтеді. Осы жоба аясында университетке мехатроникадағы старт; SIEMENS 1200+ бағдарламаланатын логикалық контроллер; өнеркәсіптік роботы бар мехатрондық модуль; сандық және микропроцессорлық техника негіздері; РОБИН-Электр роботының электрлік автоматикасы секілді зертханалық кешендер  алынды.

Жоба шеңберінде жоғарыда айтылған Австрия және Германия мемлекеттерінің университеттеріне оқу сапарлары ұйымдастырылды. Жәңгір хан университетінен осы жолдардың авторымен бірге машина жасау жоғары мектебінің жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Дәурен Көшәлиев, ақпараттық технологиялар жоғары мектебінің аға оқытушылары Жанаргүл Абуова мен Лунара Диярова және машина жасау жоғары мектебінің аға оқытушысы Аңсарбек Иманғалиев өз біліктіліктерін арттырып, дуальды оқытуды игеріп  келді.

Тағы бір айта кетерлігі, осы жоба бойынша LLL (біліктілікті арттыру) бағдарламасын әзірлеу көзделген болатын. Әзірленген бағдарламаға сәйкес, 2022 жылдың маусым айында Орал трансформатор зауытының инженерлері мен операторларын қатыстыра отырып, оқыту жүргізілді. Қатысушыларға сертификаттар берілді. Алдағы уақытта өңіріміздегі Батыс Қазақстан машина жасау комбинаты, Орал механикалық зауыты, «Зенит зауыты» АҚ және басқа да кәсіпорындар үшін осындай курстар өткізу  жоспарлануда. Осындай үлкен халықаралық жобамен жұмыстана келе, өзіміздегі білім сапасын, шетелдік озық оқу орындарымен іскерлік байланыстарымызды  арттыруға мүмкіндігіміз бар. Нәтижесінде Жәңгір хан университеті қазіргі заман талабына сай цифрлық трансформациялауда өнеркәсіптерге қажетті мамандарды даярлауға  үлесін  қосуда.

Гаухар Камалова,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ «Цифрлық  даму» орталығының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, ақпараттық технологиялар жоғары мектебінің доценті, DIARKAZ  жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале