31.03.2023, 11:15
Оқылды: 68

Анаға құрмет – баршаға міндет

Әйелдің қоғамда алар орны зор. Мұхтар Әуезовтің «Адамзаттың негізі – әйелден» деуі де сондықтан болса керек. Дегенмен де бүгінгі заманда рухани мүгедек қыз-келіншектер аз емес. Бұл да - қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі.

0ae820a5-175a-4be4-b5cb-ba0def3f406b

Переметный ауылында өткен «Ана – гүл, ана – жыр, ана – өмір шуағы» атты аудандық аналар форумында сынау жайттар кеңінен сөз болды.

Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған шарада өмірлік, еңбек отбасылық, аналық тәжірибелері бар ардагер-ұстаздар, көп балалы және өмірдің түрлі сынақтарына мойымай келе жатқан қайсар аналар ой бөлісіп, пікірлерін айтты. Мәселен, ғұмырының біраз жылын аудан орталығындағы Қ.Аманжолов атындағы орта мектепте өткерген, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген Роза Тасанова қазақ әйелінің, соның ішінде ананың қазір-қасиеті, ұрпақ тәрбиесі жөнінде сөз қозғады.

7a9b7fb9-da2e-46a3-874d-798ad166e5cd

-Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов әйел басындағы тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайтынын, қазақ мешел болып қалам демесе, тағылымы мен бесігін түзеу керектігін айтқан.

Қазір заман түзелген, бұрынғыдай қиыншылық жоқ кезде де бұл мәселе әлі де алдымыздан шығуда. Оқыған, білімі мен біліктігі бар әйелдердің отбасын тастап кетіп жатқанын естіп, көріп жүрміз. Басқа да келеңіздіктерге жол беріп жүргендер қанша ма? Сол себепті біз «әйел, ана деген атқа лайықтымыз ба?» деп өзімізге сұрақ қойғанымыз жөн, - деді Роза Төлеуқызы.

Щапов ауылынан келген көп балалы ана Ақжан Елеусінова қазақ отбасындағы ұлттық құндылықтар туралы айтты.

7a796bb7-d97c-46d4-88d0-27065f313842

«Біз ұлттық құндылықты үш ұл, бес қызды дүниеге әкелген анамыздан көріп өстік. Анамның айтқан өнегелі сөздерін бүгінде дастархан басында перзнеттеріме жетізіп отырамын. Анам секілді көп балалы ана атанғаныма қуаныштымын. Қазір ұлымды ұяға, қызымды қия қондырып, әже болып отырған да жайымыз бар. Кіші балаларым Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте білім алып жүр. Сол Бауыржан атамыздың келіні, жазушы Зейнеп Ахметованы да үлгі тұтамын. Ол кісінің «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» сынды шығармаларын оқып, салт-дәстүрге қатысты айтқандарын тыңдап жүремін. Өзім мектепте қызмет атқарған соң аналарға, әйелдерге арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастырамын. Мұны өзімнің ұлт тәрбиесіне қосып жүрген үлесім деп білемін», - деді Ақжан Нәбиқұлқызы.

Ал Дарияндағы Абай атындағы мектеп-гимназиясынан келген қайсар ана Нұрзила Бердіғалиева төрт ұлы өзінің байлығы екенін айтып, ұл тәрбиесіндегі ананың рөліне тоқталды.

-Аналарымызға қанша күн арнасақ та, тіпті жыл он екі айды арнасақ та артық емес. Өйткені адам тәрбиесіндегі ананың рөлі, мәртебесі зор. Оны ғалым да, ақын да айтып, жазып дәлелдеп кетті. Қазір Жаңа Қазақстанды құру табылдырығында тұрған сәтте әке, ана, отбасы тәрбиесіне, адамгершілік құндылықтарға үлкен екпін берілуі ел болашағын тәрбиелеудегі серпіліс беретін бастама деп есептеймін. Жаңа отбасындағы тәрбиенің үлгісін бүгінгі спикерлеріміз жақсы айтып өтті. Иә, жанұяларда үлгі боларлық отбасылық құндылықтар бар екені белгілі. Міне, осыны біз өзгелерге жөнді ұсына алмай келеміз. Оның үстіне біреулер айтқанды тыңдағысы жоқ. Сондықтан осындай алаңдарда ортақ көзқарас тудыру бағытында ұйымдастырылған сәтті форум болды деп есептеймін,- деген аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыр сахна төрінде өз ой-пікірлерімен бөліскен аналарға аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табыстады.

Жалпы шара барысында осы кешке арнайы шақырылған ардагер ұстаздарға да құрмет көрсетіліп, ән шашу шашылды.

Қуаныш Қали,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале