Жуырда Оқушылар сарайында мектеп директорлары мен STEM мұғалімдеріне арналған «STEM & SCHOOL» атты облыстық конференция өтті.
Іс-шараны Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жанынан құрылған Америка бұрышы мен Maker space шеберханасы ұйымдастырды. Екі бөлімнен тұратын конференцияны Quantum STEM мектебінің ғылым бөлімінің меңгерушісі, National Geo-graphic Qazaqstan тренері Динара Сағадатова, Назарбаев университетінің түлегі және магистрі, «Ел арна» каналы түсірген «Қарапайым ғылым» атты ғылыми бағдарлама қатысушысы Айбиби Қален, Quantum STEM мектептің физика пәнінің мұғалімі Назымгүл Каримова жүргізді. Конференцияда мектепте ғылыми жәрмеңкелер ұйымдастыру жолдары, бастауыш мектепте STEM білімді ұйымдастыру, STEM негіздері, онлайн-ресурстар, жаратылыстану сабақтарындағы медиасауаттылық, орта мектепте ғылыми көрмелер ұйымдастырудың оқушылардың ғылыми сауаттылығын арттырудағы маңызы, STEM оқытуда физика заңдарын қаншалықты терең білу керек, дарынды және талантты оқушыларды анықтау жолдары, информатика сабағында жобалау әдісін қолдану, BLAST бағдарламасы арқылы белгісіз гендерді зерттеу сынды тақырыптарға шеберлік сағаттары мен практикумдар өткізілді.
Ауқымды кеште Хамза кітапханасы мен Оқушылар сарайының директорлары болашақта әріптестік жобаларды біріге өткізу мақсатында әлеуметтік ынтымақтастық меморандумға қол қойды.
Заманауи-технологиялық Maker Space Oral шеберханасы 2021 жылдың қазан айында ашылған. Бұл шеберхана – АҚШ елшілігі мен «Шеврон» компаниясының біріккен жобасы. Қазіргі таңда еліміздің төрт қаласында – Астана, Алматы, Өскемен, Павлодарда қызмет етуде. Қаламыздағы Maker Space – 3D-принтермен, роботтық техникамен, элек-троникамен, ғылыми тәжірибелермен, гаджеттермен, сонымен қатар STEM-ның басқа да заманауи құралдарымен жабдықталған жарқын зертхана. Барлық бағдарламалар мен семинарлар көпшілікке ашық және тегін. Шеберхана болашақта жоғарыда аталған салалар бойынша ғылыми жұмыстармен, түрлі жобалармен айналысып жүрген мамандармен әріптестік танытуға дайын.
– Шеберхана ашылғаннан бері «Ардуино қазақ тілінде» курсы, 3D-принтерден шеберлік сағаттары, радио-электроника курсы, аэро модельдеу шеберлік сағаты тұрақты түрде жүргізілуде. Оларды өз жобаларын ұсынған облысымыздың білікті ұстаздары грант есебінен жүзеге асырады. Ауыл балаларының болашақ мамандығын дұрыс таңдауына көмектесу мақсатында былтыр Қаратөбе және Сырым ауданының орта және негізгі мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған Career Choice Support онлайн-шарасы ұйымдастырылды. Шараға жастардың елімізде және шетелдерде заманауи мамандық таңдап, білім алуына көмектесіп жүрген кәсіби профориентолог мамандар қатысып, шеберлік сағаттарын өткізіп, өзекті сұрақтарға жауап берді. Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күніне орай Сырым ауданындағы орта және негізгі 19 мектептің 9-11-сынып қыз балаларына Virtual Camp ұйымдастырылды. Іс-шараға АҚШ, Ұлыбритания, Египет, Нидерландия оқу орындары мен осы елдердің түрлі бағдарлама түлектері қатысып, қыз балаларға шеберлік сағаттарын өткізді, – деп атап өтті Maker space шеберханасының үйлестірушісі Айнұр Базарова.
Өткен жылдың желтоқсан айында шеберхана роботтық техника, информатика, физика, математика пәндерінің қалалық мектеп мұғалімдеріне арналған 32 сағаттық «Роботтық техника» курсын ұсынды. Мұғалімдер курсқа қатысу арқылы Mindstorm EV3 негізіндегі роботтарды жинақтап, FLL/WRO олимпиадаларына команда дайындау тәсілдерін үйренуге мүмкіндік алды. Курстан кейін қатысушылар оқушылардан құралған команда жасақтап, үй тапсырмасымен жұмыстанып, шараның қорытындысы ретінде Demo day-де бақ сынады. Жеңген командаға роботтық техника жарыстары мен олимпиадаларына дайындалатын карта сыйға (карта құны 190 000 тг) тартылды. Шеврон гранты бойынша өткен іс-шараға 120-дан астам педагог қатысты.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»