4.04.2023, 14:30
Оқылды: 55

Бөрліде мемлекеттік жәрдемақы 500-ден астам отбасыға төленеді

Балалы отбасылардың құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау - әрбір елдің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Соған сәйкес, Бөрлі ауданында да  көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жүйесімен ұсынылған моделі негізінде жүзеге асып келеді.

тенге

Мәселен, биылғы жылдың басынан бері ауданда мемлекеттік жәрдемақы орта есеппен 500-ден астам отбасыға төленіп отыр.  Бұл мемлекеттік жәрдемақыны отбасындағы табысына қарамастан төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанындағы студенттері бар жанұялардың алуға мүмкіндіктері бар.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимованың айтуынша, ауданда 589 отбасы асыраушысынан айрылғандықтан жәрдемақы алады.

Ал 78 отбасы, оның ішінде 211 бала атаулы әлеуметтік көмек алады.

-  Әрине, қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға көмек қолын созу өте маңызды. Ол үшін әлеуметтік тапсырыс шеңберінде аудандағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтар санатындағы адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған 6 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Жұмыспен қамту  үшін де бірнеше бағдарлама іске асырылуда. Парламент сенатының депутаттары жақында Әлеуметтік кодекске өзгерістер енгізіп, көп баласы бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа шараларын қабылдаған болатын. Ол алдымен бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту мәселесі болған еді. Ауданда аталған төлемді 1 072 адам алады. Одан соң атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау қаралды. Бөрлілік 112 балаға ай сайын осы төлем төленеді. Оған қоса, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқалармен марапатталған әйелдерге наградталған аналар мәртебесін беру және оларға жәрдемақы мөлшерін саралау және халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарына мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін ұлғайту бойыншада жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Ольга Махметқызы.

Көмек алмайтын бес ауыл

«Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз керек. Сонда ғана жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады. Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік. Кез келген еңбекті жоғары бағалау қажет. Біздікілер еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды». Бұл да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі.

Бұл ретте ауданымызда масылдықтан арылып, мемлекеттік көмекті қажет етпейтін ауылдардың саны көбейіп жатқаны қуантады.  Мәселен, өткен жылдары Жарсуат және Достық ауылдық округтерінің тұрғындары атаулы әлеуметтік көмек алмайтын бірден бір ауыл болса, биыл бұл тізімді Приурал, Қарақұдық, Ақбұлақ ауылдары жалғап отыр. Бес ауылдағы бұрын мемлекет көмегіне мұқтаж жандардың дені өз ісін ашқан, мал басын көбейткен немесе тұрақты жұмысқа орналасқандар болып отыр.

Биылдан бастап ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» пилоттық  жобасы іске қосылады. Оған әзірше ауданымыздағы Приурал, Успен, Қарағанды және Пугачев ауылдары қатысып, жалпы 36 ниет білдіруші қатыспақ. Жобаға Пугачев ауылынан әзірше 8 адам ниет білдіріп отыр. Сегіз адамның екеуі жұмыссыз болса, біреуінің тұрақты жұмысы бар. Ал бесеуі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 65 млн. теңге қаражатқа тұрғындар сүтті бағыттағы мал басын көбейтуді жоспарлаған. Жобаға қатысуға ауылдың тағы екі тұрғын мен бір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацисы (ӘКК) ниет білдіріп отыр.

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале