4.04.2023, 17:45
Оқылды: 22

Мүсілім мақтанышымыз!

Біз ауданымыздың тағы бір жас талантымен таныстырмақшымыз. Ақсай қаласындағы  №3 мектептің 7 сынып оқушысы Мұхамбет Мүсілім Махамбетұлымен мен Наурыз мерекесі күндерінде таныстым.

14e628fb-cd64-4817-b747-18c8934a7719

Мектепішілік бір шарада гитарамен үзілдіріп әдемі ән айтты. Дауысы ашық, өзі еркін. Кәдімгі кәсіби әнші сияқты. Жұрт елти тыңдады.  Артынша келесі бір шарада  баянмен ән салып тұрғанын көрдім. Сұрастыра келе әнші баланың кәсіби болмаса да кәсібилікке жақындап жүргенін, өнерде өз жасына лайық біршама биікті бағындырғанын білдім. Қатты риза болдым. Екеуміздің арамызда мынадай әңгіме өрбіді:

  • Мүсілім, сен өлең айтқанды жақсы көресің ау деймін. Бала кезден ән айтасың ба?
  • Иә, кішкентайымнан ән айтқанды жақсы көремін. Тек ән айтқанды емес, оны аспапта өзім сүйемелдеп айтамын. Солай қызық, әрі дұрыс сияқты маған.
  • Гитарамен ән айтқаныңды көрдім. Тағы қандай аспаптарда ойнайсың? Саз аспаптарында ойнауды қайдан үйрендің?
  • Біраз аспаптарда ойнай аламын. Кейбірін жаңа үйреніп жүрмін. Мәселен, гитараны өзім ән салып отырып, үйреніп кеттім. Бір ай репититорға бардым. Ары қарай өзім алып кеттім. Қазір аудандық саз мектебінде Алексей Мирошниченконың класында баян тартуды  үйреніп жүрмін. Домбыра да шерте аламын. Негізі маған «слухың жақсы» дейді. Сондықтан кез келген аспапты да үйрене алатын шығармын. 
  • Көбіне қай тілде ән айтасың?
  • Әзірге екі тілде. Қазақ және орыс тілінде. Ән ұнаса болды талғамаймын. 

3c9d5532-a23f-48d2-952f-cd1c1e543170

  • Үй-ішің, туыстарың мен достарың, ұстаздарың үнемі қолдап отыратын шығар?
  • Иә, осы кезге дейін айналамның бәрі де ыстық ықыластарын білдіріп келеді. Әсіресе анам Мөлдір менің әрбір жетістігіме шын қуанады. Не үйренгенімді бірінші анама көрсетіп, сол кісімен бөлісемін. Анам «мықты» деп бас бармағын көрсетеді. Жалпы мен кішкентай кезімнен ақ үйде ойыншық аспаптардың бәрі болды. Ойыншық домбыра, ойыншық баян дегендей. Мен басқа ойыншықтардан көрі саз аспаптарымен көбірек ойнаған сияқтымын. Анам өнер адамы болмағанмен, жақсы ән салатынын білемін. Сондықтан мүмкін әншілік қабілет анамнан дарыған шығар. Әйтеуір, анам менің ең бірінші қолдаушым.

Содан кейін мені ұстаздарым да жақсы қолдап, үнемі көмектесіп отырады. Үлкен байқауларға дайындалғанда ұстаздарымның еңбегі мол екені сөзсіз. Әсіресе,  сынып жетекшім Қарлығаш Асхатқызына, пән мұғалімдері Мейрамбек Тілекқабылұлы мен Гүлайым Ерсайынқызына айтар алғым көп.

  • Облыстық, республикалық біраз байқаудың жеңімпазы екенсің. Осы туралы біз де біле отырсақ?
  • Менің ең үлкен жеңістерімнің бірі «Бақытты елдің ұрпағымын» байқауы болды. Бұл байқауда үздік деп танылып, Өзбекстан елінде, Ташкент қаласында өткен халықаралық байқауда өнер көрсеттім. Сөйтіп, үшінші жүлделі орынды иелендім.  Сонымен бірге «Дала сазы» ән байқауының облыстық жарысында жүлделі бірінші орынды жеңіп алдым. Батыс Қазақстан облысы атынан Алматы қаласында өткен республикалық байқауға қатыстым. Бұл жолы да бірінші орын бұйырды. Бұлардан басқа да ән салып, өнер жарыстарған байқаулар болды.
  • Жақсы оқисың ба? Қай пәндерді ұнатасың?
  • 4 пен 5-ке оқуға тырысып жүрмін. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағын ерекше жақсы көремін.
  • Кітап оқисың ба?
  • Көп емес. Негізінен фантастиканы оқимын. Сол қызық сияқты. Көркем әдебиетті ара-арасында оқимын. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты кітабын оқыдым. Ұнады. Өзім де жазуға талпынып жүрмін.
  • Иә, мен сені жыр мүшайраларынан, эссе байқауларынан көріп жүрмін. Жетістіктерің де бар шығар?
  • Негізінен мен ән саламын ғой. Дегенмен, бұл бағытта да аудандық, облыстық байқаулардан құралақан емеспін. Ең үлкен жетістігім Астана қаласында «Білім өркениеті» инновациялық ғылыми орталығы ұйымдастырған «Мен сенемін жастарға» атты дарынды оқушылардың республикалық сайысында эссе аталымы бойынша І орынды иелендім. Осы жолы мен кеудеме  «Қазақстанның үміт артары» деген төсбелгі   тағып қайттым. Иә, солай жазулы тұр.  
  • Біз де саған үміт артамыз, Мүсілім! Биіктерден көріне бер. Ол үшін талмай еңбектенеді деп сенеміз.

-Рахмет.

 

Әңгімелескен Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале