6.04.2023, 11:46
Оқылды: 38

Сағаттың сағаты соқса дедік...

Сағат ақын туралы айтсақ, көзі тірісінде там-тұм өлеңдері қолымызға тигені анықты. Бірақ қалың ой қозғауға, сөз өруге ол жеткіліксіз еді.

Алдында ардың   ақтығың  санаттан  өшіп,

Сәтсіздік сайқал –  жатқанда  тамақтан  осып.

Шайыр  біткендер шырмалып   шырмауық   мұңға,

Жұтады сосын қайғыны шарапқа қосып, – деп Сағат ақын туралы тебірене жыр шумағын қалдырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, бард-ақын, сазгер Табылды Досымовтың көкірек көзі ойлаған жерін дәл сәулелендірген.

07d2ddb1-c6eb-4570-a932-f0898b5230aa

Кейіннен Табылдының өзі де өмірден баз кешті. Жарық күннен жазатайым шұғыла алып, жүрегін жылытып жүрген жазғандар тоңмойын өмірдің топас тіршілігіне төтеп тұра алмады. Бәріне жүрегін ашып, жүзін бұрып жүретін, жақсының жақсылығын жария етіп, жаманның бетсіздігін бетпе-бет айтып, шындық үшін шырқырай білетін шамшырақтарымыз, сөйтіп, жастай жер құшты. Тоңмойын заманның тұтқыны болып жүре алмады. Бұл заңды да еді. Сөйтіп, біздерге беймәлім жұмбақ тірліктен күдер үзіп, қайтпас сапарға аттанған санаулы жандардың ішінде Сағат Әбдуғалиевтың да жүруі кездейсоқ емес.

«Тақырып таңдауының өзінде үлкен талғам, оны жұп-жұмыр етіп жазуының өзінде үлкен әдеби мәдениет жатыр. Мұндай жігіттер, мен білсем, үнемі үйренуге, үнемі өсуге бейім. Оларды көре білу, қолдай білу керек» деген болатын қазақтың халық жазушысы Қадыр Мырза Әли. Шынында да, ақын өлеңдері өкпесі өшкенше жүгіріп, жүлде алмаса да жүлдеден үміткер жандай күй кештіреді. Адастырмайтын айдау жолдағы жалғыз жолаушыдай бағытының дұрыстығына бек сенген жан еді.

Қайран ақын,  тірі болса, 75 жасқа толар еді...  36 жасында қайтыс  болған жанның өмірі сол кезде ешкімге керексіз еді. Өлеңі де, өзі де елеусіздеу өмір сүрді. Оның бар екенін анда-санда аудандық «Ленин жолы» газетінде (Тайпақ ауданы) шығатын өлеңдері сездіретін,  сілкіндіретін, сағындыратын.

Тағдырыңнан құтылмайсың қашқақтап,

Күштімісің, қозғалмайтын  жасат  тақ.

Машинамен ауып қалған мас  болып,

Жиырмадағы   жігітіңнің  шашы  аппақ.

Көрсетуге   асығатын  «жер  түбін»,

Түрме  адамның талғамайды  өң-түрін.

Үш жыл алып жетпістегі  шал отыр,

Қорқытам деп 40 жылғы кемпірін, – деуі кеңес кезеңінің «кереметін» көз алдыңа алып келеді. Осы бір өлеңнің аты «Қырық тұрба» екен. Оралдағы сотталғандардың орны. Сағат өзінің санаулы ғұмырында Орал, Ақтау, Ақтөбе  түрмелерінің «дәмін» татты. Біреудің басын жарып, көзін шығарған жоқ: орынсыз қиянатқа шыдамайды, боқтап жібереді, ішімдік ішкені де жығылғанға жұдырық болды. Сөйтіп, саңлақтың санаулы ғұмыры темір тордың ар жағында күлімсі, сасық иісі шыққан түрменің түбінде өтті. Заңға сыйымсыз болсаң көретін күнің осы. Не болса соны ілік етіп, түрмеге жабу ол кездің айнымайтын деспесі сияқты. Ал оны Сағат сияқты салмақтай білетіндер сол күйінде қағаз бетіне түсірген, өлең өрген. Осы мен оқыған екі шумақта ой екпіні нені меңзеп отыр. Біріншіден, түрменің қатал заңы, жассың ба, жасамыссың ба бәрібір, заң ортақ. Одан ешкім қашып құтыла алмайды. Кесілген жылдарды арқалап кете барасың. Үзілген үміт, өшкен от деген – осы. Талай ақынды оқып жүрмін және өлеңнен от аулайтынымды айтқым келеді. Солардың ішінде табиғаттың тылсым тірлігін тап басып табуда Сағатты санаулылардың қатарына қостым. Қоспас та едім-ау, бірақ төмендегі өлеңін оқығанда көз алдыма жаздың айсыз тылсым тыныш түнін тербете білген, үзілдіріп үнсіз жырға қосқан ақынды аяламасқа амалым жоқ. Сұлу сурет сөйлеп көрсін:

Жүзінде  шүпір-шүпір  түйме  толып,

Мүлгисің,  аспаным-ау,  күйде тұнық.

Зымырандай  зулайды жұлдыз-құлын,

Соңынан  күміс  шылбыр  сүйретіліп.

Желпінді  жұпар  ауа   түндікті  ашып,

(Жүрегім,  жәдігерім  жыр күшке  асық.)

Тоң-торыс тыныштықты  бұзады  иттер,

Иттерге  үру  деген  кіндікке  кәсіп, – дейді. Жүзіне жыр төгілген жаздың мақпал түнін жырға қосқан әлемде екі ақын болар болса, соның бірі осы Сағат. Айтуында қапы жоқ. Түнгі аспанның жүзіндегі шүпір-шүпір түйме, жұлдыз құлын, күміс шылбырдың сүйретілуі, жұпар ауаның түндікті ашуы, иттердің кәсібі сияқ-ты тапқырлықтарды тануын қалай бағаламассың? Өлеңнің сүйсіндіріп, сүйекті атануы да осындай соны теңеу, ұтқыр  ұйқастың  көрінісі.

Ол көзімен көргенін жүрегіне түсіріп жыр етті. Өлеңдері өмірдің өзінен алынған. Оны Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Жанғали Набиуллин, Рақымжан Отарбаев, Ғайсағали Сейтақ, Табылды Досымов, Бауыржан Ғұбайдуллин, Сағынтай т.б. дәлелдеп жазды, үн қосты. Мен де, ақын туралы бұрында да айтқан болатынмын. Олар мерзімдік баспасөзде  жарық көрді, кітаптарда басылды. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетінде (30 шілде, 2016 жыл) «Жасын» деген атпен жарияланған мақала Сағаттың санаулы өмірін арқау етеді. Бірақ ол туралы қаншалықты айтылса да, соңғы нүктесіне тірелдік деп ойламаймыз. Себебі әр өлеңінен өзіндік тамыр таралып, оқыс оқшау ой төбе көрсетіп отырады.

Қазақтың ұлы Абайына кімдер өлең арнамады, кімдер кестелеп сөз төкпеді? Олардың қатарында, нақтылап айтсақ басында М. Әуезов, А. Байтұрсынов тұрса, Абайдың осал болмағаны ғой.

Алатау  төріндегі  төре  мүсін,

Бұрады  сізге  менің  бөлек  ішім.

Жалғыз  жіп  екеумізді  жалғастырды,

Қазақтың  қоңыр  шекпен    өлеңі  үшін.

Әзірге  жібек  емес, жырым  сәтен,

Ботанның  байқадың  ба, түрі  шат-өң?!

Тұлғаңа  тағзым  етпей  тұра  алмаспын,

Өнердің  өріндегі  бірінші  әкем! –  деуінен не жалғандық көреміз? Ұлы Абайды Абай еткен М. Әуезов болса, олардан кейінгі сапта Сағатты да атау орынды болар еді. Оған төмендегі ойларым дәлел. Екеуінің арасын тура елу жыл бөліп тұрса да, тап табақтас көршісіндей жалғыз жіппен жалғасқан өлең-ғұмыр кеудемізден өшпейтіні кәміл. Абай мен Сағатты қасиетті қара өлең жалғастырып жатыр. Терең, түсінігі тамырлы таңғажайып жыр жолдары қолыңа таяқ ұстатқандай. Сөйтіп, оқшау ой алыстан танылса да, жақыннан ішкі әлеміңді айқара ашады. Қазақтың қара өлеңі алдында Абай да бала, Сағат та сәби. Сәби Сағаттың «Өлеңім жібек емес, жырым – сәтен» деуі де түсінген кісіге жібек пен сәтеннің айырмасын алдымызға алып келеді. Тани алсақ, өлеңнің тапқырлық тұсы да осында. Сағат өлеңдері бүгіннің де, келешектің де есігін қағып, қалғымайды. Сөйтіп, әркез алдыңнан шығып, айтарын айтып тұрады.

Кербез өлең, кестелі бояу көргің келсе, ақын өлеңдеріне жүгін. Өмірден қиянат көрсең Сағатқа шағын, мұңыңды соған айт. «Сағынышқа саяхат» атты өлеңін оқып көрелік:

Түндерде  құбылғанда түсім   қырық,

Болады сыртым – бүтін, ішім – бүлік.

Жүректің  жанталасқан жалқы  даусын,

Айтамын  қай  пендеге   түсіндіріп?!

Шықпайын  шындықтан  саяқ  қашып,

Жегізді  қателіктер  таяқты  ашық.

Келеді  сағынышым   саған  деген,

Өзіммен  қырыққа  да аяқ  басып, - дегені дүниені дүр сілкіндірсе де дегеніне жетпеген, бірақ оған беттеген жанның жарық одасы. Алған бағытының айқын екеніне өзі сеніп, өзгелерді де сендіруге күш салып келді. Өмірде жіберген қателіктері еске түсіп, ішіне бүлік салса да, сыртынан ешкімге білдірмей сыр мінез танытуын құптайсың. Жан  дүниесін ақтарып алдыңа салмағанмен, салғандай күй кешуін көріп тоқтайсың. Тірі пенденің алдына бас иіп көрмеген жанның енді келмегенін тілейсің. Ақын 40 жасқа да жеткен жоқ. Жеткенін көру бізге жазбаған бақыт. Дәл бүгін ортамызда отырса, қандай болар еді?

Жоғалса  жыл  артынан жыл  ескіріп,

Көшіне  көп  қиялдың    ілесті  үміт.

Жаныңның  қайғысы  мен    қуанышын,

Інің  жүр  өлеңменнен үлестіріп, – деген Сағаттың жырын оқығанда бәрі де есіңе түседі екен. Жылдардың жылжып бірін-бірі қуып келе жатқаны, қиял деген тұлпардың жалына жармасып, үкілеген үміттің шоғын үрлеп, отын көсеген  қайран ақын, 75 жас түгілі, 40-тың қырқасын да көре алмады. Жанының  қуанышы мен қайғысын бізге қалдырып кеткендей күй кешеміз. Мынау өмірде Жаратқанның жазғанынан екі аяқты пенделердің салғаны қашан да аяусыз, қашан да қауіпті. Демек,  Сергелдеңдер  соқпағында сандал  деп,

Түсінбестік – тоздырады   жанды  әлбет.

Төрт аяқты аңдар маған   түк  емес,

Түсінбейтін  екі  аяқты  аңдар көп, – деген ақынның жан жарасын түсіну де біздің еншімізде. Сөйтіп, Сағаттың сағаты соқса дедік...

Тілес  Жазықбай,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ақжайық  ауданының құрметті  азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале