11.04.2023, 11:16
Оқылды: 227

Мектеп те керек, жатақхана да қажет

Жуырда БҚО кәсіпкерлер палатасында өткен іс-шарада «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері білім беру саласының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған іс-шаралар жөнінде ақпарат берді. Олар мемлекеттік қолдау шеңберінде студенттік жатақханалар, жекеменшік мектептер мен интернаттар салудың жай-жапсары туралы айтты.

47cd8461-aa03-47ac-80f3-00b4ac9a47a8
«Қаржы орталығы» АҚ ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Диас Жамбыловтың айтуынша, республика бойынша 62 000, ал облыста 500 студент жатақханаға зәру.
– Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыс механизмі іске қосылды. Бұл механизм кәсіпкердің құрылысқа кеткен инвестициялық шығыстарын кезең-кезеңімен өтейді. Сондай-ақ бизнес субъектілерінің студенттік жатақханаларды салуға және қайта құруға кеңінен қатысуын көздейді. Компания нысандарды өз қаражаты есебінен салады немесе қайта құрады. Оларға жаңадан салынған 100 орындық жатақхананы пайдалануға бергеннен кейін 6 жыл, қайта құрған ғимарат үшін 8 жыл бойы мемлекеттен ай сайын қаражат алуға кепілдік беріледі. Төлем жатақханада тұратын студенттердің санына қарай төленеді, – деді Диас Жамбылов. Оның баяндауынша, субсидия мөлшері жаңадан салынған жатақханада бір студент үшін жылына – 195 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал ғимаратты жатақхана етіп қайта құрған жағдайда бір студентке жылына – 47 АЕК. Мемлекеттен берілетін төлемдер мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа нысан құрылыс салушының меншігінде қалады. Жалғыз шарт – 20 жылға дейін жылжымайтын мүліктің нысаналы мақсатын өзгертуге болмайды. 2018 жылдан бері облыста 394 орындық жатақхана пайдалануға берілген.
Іс-шараға инвесторлар мен банк өкілдері қатысты. Олар елордадан келген мамандарға сұрақтар қойды. «Болашақ-Т» ЖШС-ның қаржылық директоры Елена Галянина мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизміне қатысты туындаған мәселені айтты. Аталмыш компания былтыр облыс орталығында 150 орындық су жаңа жатақхананы пайдалануға берген еді. Ондағы студенттер ай сайын 20 000 теңге төлейді. Жатақхана оқу ғимаратының жанында орналасуымен де қолайлы. Қыркүйек айында жатақхана кезегінде тұрғандар өте көп болған екен. Бұлай болуы заңды да. Себебі колледжде көбінесе аудан-ауылдардан келген балалар оқиды.
– Жатақхананы пайдалануға бергенімізге 7 ай өтті. Бірақ біз мемлекеттік қолдау аясында берілетін қаражатты әлі алған жоқпыз. Ғимаратты күтіп ұстау үшін қыруар қаражат керек екені белгілі. Біз бағдарламаның барлық талабын орындадық, қаражаттың есебін шығардық. Бұл жатақхананы несие қаражатына емес, өзіміздің компанияның ақшасына тұрғызғанымыздың дұрыс болғанына көзіміз жетіп отыр. Әйтпесе, несиені қалай төлеген болар едік?! Бізге бастапқы төрт айға ешқандай төлем жасалмайтынын айтты. «Қаржы орталығы» АҚ – инвестор мен тапсырыс берушінің арасындағы делдал. Сонда бұл механизм неге жұмыс істемей тұр? Тиісті қаражатты не үшін ұзақ күтеміз? Қаржыландыру мен құжат рәсімдеу неліктен көп уақыт алады? – деді Елена Галянина. Қаржы орталығы өкілдерінің айтуынша, тиісті ведомстводағы құжаттарды рәсімдеу ұзаққа созылған. Сондықтан оқу жылының басында жатақхана салуға бюджеттен қаржы қарастырылмаған.
Іс-шара барысында қаржы орталығындағы департаменттің жетекші маманы Азамат Амангелдіұлы адам басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру шеңберінде жеке мектептер салу жөнінде баяндады. Оның сөзіне сүйенсек, елімізде 270 мыңнан астам оқушыға, облыста 5 198 шәкіртке орын жетіспейді. Бүгінде облыста 5 жекеменшік мектеп қаржыландырылуда. Сондай-ақ 700 орындық 2 жекеменшік мектеп салу жоспарда бар. Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру мектеп ғимараты пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл бойы жүргізіледі. Кәсіпкерлер мемлекеттен мектеп салғаны үшін 1 оқушыға жылына 96 АЕК, ал бар ғимаратты мектеп етіп қайта құрғаны үшін 1 оқушыға жылына 47 АЕК мөлшерінде қаражат алады.
Жан басына шаққандағы норматив бойынша бір оқушыға жылына орта есеппен 590 000 теңге төленеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер аяқталғаннан кейін нысан кәсіпкердің меншігіне өтеді.
«Қаржы орталығы» АҚ өкілдері басқосудан кейін баспасөз мәслихатын өткізіп, орталықтың қызмет бағыттарының бірі саналатын білім беру депозиттері мен несиелері жөнінде баяндады. Сондай-ақ «AQYL» депозиті мен «BilimLife» жинақтаушы сақтандыру бағдарламасының ерекшеліктері туралы айтты.

Айна Имашева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале