Бүгінгі таңда ата-анадан кәмелетке толмаған балалардың пайдасына сот шешімі бойынша алимент өндіру - өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Негізгі заңымыз – Конституцияның 76-бабының 3-тармағы және ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 21-бабына сәйкес соттардың шешімдерін, үкімдері мен өзге қаулыларын барлық мемлекеттік құрылым, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар міндетті түрде орындауы тиіс. Сөйте тұра, алимент төлеуден жалтарушылар азаяр емес.
Алимент дегеніміз – заңда белгіленген жағдайларда бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық көмек. Алимент төлеудің негізгі мақсаты – отбасының еңбекке қабілетсіз және көмек қажет ететін мүшелерін асырау.
Алиментті сот тәртібімен өндіріп алған кезде кәмелетке толмаған балалар үшін өндіріліп алынатын алимент мөлшерін заң анықтайды. Кәмелетке толмаған бір балаға ата-анасының бір айлық еңбек ақысынан немесе басқа да табысынан 4/1 бөлігі, екі балаға 3/1 бөлігі, үш және одан көп балаға тең жартысы мөлшерінде белгіленеді. Сот шешім шығару арқылы тараптардың материалдық, отбасылық жағдайларын ескере отырып, алименттің мөлшерін көбейтеді немесе азайта алады.
Борышкердің берешегі жиналып қалса, онда сот орындаушылар оның көлігін сатып, қарызды өндіреді. Дүние-мүлкін пайдалануға тыйым салып жатады. Сосын, борышкерлердің Қазақстан аумағынан шығуына шектеу қояды. Алимент бойынша қарызын өтемегенше, автожүргізуші куәлігінің күшін жояды. Сондай-ақ сот шешімін орындамаған борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту да қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 669-бабы сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамағандарға 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.
Мысал келтіретін болсақ, биыл жыл басынан бері алимент өндіру туралы сот актілерін орындамағаны үшін 17 кісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2 ақпан күні Орал қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының шешімімен кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарып, яғни сот актісін орындамағаны үшін бір азамат 2 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен қатар қазіргі таңда ҚК-ның 139-бабы бойынша қылмыстық қудалау құрылымдары (органдарымен) екі іс бойынша тергеу жүргізуде.
Мұның сыртында Орал қалалық прокуратурасы ағымдағы жылы жеке сот орындаушылардың алимент бойынша атқарушылық іс жүргізу құжаттарының заңдылығын тексерді. Соның нәтижесінде 10 млн теңге алимент өндірілді.
Түйіндей айтқанда, алдағы уақытта да алимент өндіруге айрықша мән беріледі. Осы күндері жұмыспен қамту орталықтары мен прокуратура құрылымдары бірлесіп, алимент төлемдері бойынша қарыздары бар және жұмыссыз борышкерлерге арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін өткізіп, жұмыссыз жүрген борышкерлерді жұмысқа орналастыруды жүзеге асыруда. Нақтылай айтқанда, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокуратура құрылымдарының үнемі назарында.
Әсел Зайдулина,
Орал қаласы прокуратурасының азаматтық,
әкімшілік істер және атқарушылық іс-жүргізу
сотында мемлекеттік мүдделерді
білдіру бөлімінің аға прокуроры