Көктем келді. Дала шіркін қырмызы тонын лақтырып жіберіп, желдің алдына желпілдеген жібек көйлекпен шыққан қыздай құлпырып кетті. Ажары күннен-күнге ашылып келеді.
Былайғы жұрттың көңілі көктемді күтетін болар. Ал мал қыстатып отырған Қайраттай шаруа жігіттер қыстың аяғына тыңғылықты дайындалады. Бірінші шаруа – тірлік бүтін, түлік түгел күйде қыстақтың қақпасын жауып, көктемге жетіп алу. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер уағында малдың күйін күйттемей болмайды. Жауапты сәт. Әйтпесе, «Қыстан шықпай жүрмін бе? Көктем көрмей жүрмін бе?», - деп ақпандағы сәл жылымыққа алданып, арқасын кеңке салған талайлардың дәулеті осы көктемге кіреберісте алаңғасар баланың айырындағы шөптей сау етіп шашылып қалған.
Екінші шаруа – баққан малдың басына бас ерту, яғни төлін аман – есен түлету.
Жайсаң қарт Кеңес үкіметі уағында папка ұстап сартылдайтын да жүретін партияның жұмыстары қызықпай, ауыл-айналадан аял тауып, мал баққан адам еді. Социалистік жарыс деп бір дән көктеп, бір қой туса да қызыл жалауды алып шабатын заман кетті. 90 жылдары одақтың шаңырағы ортасына түсті де, Қазақстан сияқты мемлекеттер тағдырлармен бетпе-бет қалды. Елге де, ерге де бір тәуекел керек болды.
Малшының ұлы Уәлихан атакәсіпті жаңа заманға аман жеткізуді ойлады. Сөйтті де, әкенің ісін дәуірдің доғасына қарай бейімдеп, шаруа қожалығын ашты. Атын қарияның құрметіне «Жайсаң» деп қойды. Бұл 1998 жылдар – тұғын.
Қазір «Жайсаң» шаруашылығын Уәлихан ағамыздың ұлы Қайрат Ерғалиев басқарады. Қожалықтың басында – қайнаған жұмыс, қауырт тірлік. Сақман ең бір сақылдаған шағында.
Кеше Қызылағашқа барып, төл алу науқанын көзбен көріп қайттық.
Шаруашылықтың иелігінде 200 бас жылқы, 270 ірі қара және мыңға тарта қой бар. Былтыр Бұлдырты ауылына жұмыс сапарымен келген Батыс Қазақстан облысының экс әкімі - Ғали Есқалиев: «Сырым ауданы – облысты ғана емес, тұтас республиканы сапалы мал етімен қамтып отырған еңбекқор аудан», - дегенді. Міне, сол үденің ішінде қызылағаштық Қайрақаңдай жігіттердің үлесі зор.
Негізгі кәсіп ет өндірісі болғандықтан, «Жайсаң» шаруа қожалығы түліктерінің тұқымдық түрленуіне баса мән беріп отыр. Былтыр мемлекеттік бағдарлама негізінде Арқа жағынан, Астананың маңынан 55 герефорд қашар алып келген. Биыл бірінші бұзаулары жер баса бастады. Жалпы, 200 бас аналықтың 50% -ы төлдеп болады. Қойлы ауылдың да шуы артыпты. 800 бас аналық қойдан 200 қозы түскен. Қошақан басы 1000-ға жетеқабыл болады жоспар бар. Ешкілер де қалыс жатқан жоқ. 300-дейі лақтады. Бір сөзбен айтқанда, даланың көркін, төлдің шуын естігенде, «қозы-лақтың ойнағаны әдемі» деген әнді еріксіз ыңылдайсың.
- Етті тұқымға екпін қойдық. Қой арасында қазақтың еділбайы көп. Гиссар деген тұқымнан 15 шақты қошқар бар. Гиссар өзінің сапасын ақтап тұр. Былай қойлардай емес, жаңа туған қозысының өзі 5-6 келі болады. Күзде 500 бас тоқтыны, 200 ешкіні, 30 шақты жылқыны бордақылауға қоямын. Бір жасар гиссар қойлар көктемде 45 келіге дейін ет береді, - дейді Қайрат Ерғалиев.
«Жайсаң» шаруашылығы жылына 80 ірі қараны, 500 қой, 200 шақты ешкіні бордақылап, жөнелтеді. Қызылағаштың қырында жайылып, Қоржыной қыстағында семірген малдардың етін Оралдан бөлек, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалалары тұрақты тұтынады.
- Мал басы өскеннен кейін әрі ет өндірісін жолға қойғасын, оларды сапалы азықпен қоректендіру қажет. Сондықтан, егінді қолға алдық. Жыл сайын 500 га алқапқа бидай мен арпа егіп, орып аламыз. 150 га жерге екпешөп ектік. Қазір де көктемгі далалық жұмыстар жүріп жатыр, - дейді кәсіпбасы.
Малға азығың, азығыңа техникаң сай болғаны дұрыс. «Жайсаң» шаруашылығының техникалық паркі бай. 10 шақты трактор, оның дені – жаңа, бір дана К-700 тракторы, бір дана жүк тиегіш (погрузчик) көлік ыңыранып, алқапқа «сұранып» тұр. Егін үшін қосымша дәнсепкіш агрегат пен қуатты трактор және сайланып тұр. Болашақта Қызылағашқа қара жердің кемесі – «John Deere» кешені келуі ықтимал.
Атакөрген Қайрат адам еңбегін асылға балайды. Қазір оның қожалығында 4 адам төл алу жұмыстарымен айналысуда. Жұмысшы саны маусымдық жұмыстарға байланысты өседі.
- Малшы табу қиын болып барады. Жақсы малшы – ауылға олжа. Жұмыстары оңай емес, демалыс дегенді білмей, таңнан кешке дейін мал соңында, жел өтінде жүреді. Табиғаттың жауын-шашыны, ыстық-суығына қарамай қызмет етеді. Менің ойымша, үкімет мал бағумен айналысқан жандарды зейнеткерлікке ертерек жіберу керек. Сол кезде бұл мамандықтың өкілдері көбейеді, - дейді Қайрат Ерғалиев.
Бауыржан Ширмединұлы,
Қызылағаш ауылы
Фото: Айжан Амангелдина
zhaikpress.kz