Соңғы жылдары Еділ-Жайық популяциясына жататын ақбөкендер саны едәуір артқаны белгілі. Жалпы 2022 жылғы санақ бойынша Қазақстанда шамамен 1 млн. 318 мыңдай киік болса, оның 70 пайызы Жайық популяциясының еншісінде. Өткен тарихқа көз жіберсек, 1957-1958 жылдары киіктер 2 млн.-нан асып жығылған. Содан кейін ғана Кеңес үкіметі киік санын реттеуге рұқсат беріпті. Енді мәселе қалай болмақ?! Киік жыл санап өсу үстінде. Әзірге реттеуге нақты шешім қабылданған жоқ.
Фото: Қайырбек Сариев
Ақбөкендер көбейген сайын табиғи миграциясын да өзгертіп жатыр. Бұрын Атырау жағы мен Қамыс-Самар көлдерінде мекендеген дала еркесі облысымыздың oңтүстік аудандарына қоныс аударып жатыр. Мұның басты себебі – су тапшылығы екенін айтады мамандар. Киіктердің миграциясы өтетін Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов аудандарының шаруалары мен тұрғындары: «Киіктер жайылымдарды таптады, шабындықтарымызды жеп қойды, - деп жар салуда. Расында, қай мақұлықта шамадан тыс көбейсе, зиянын тигізетіні сөзсіз. Дегенмен, былтырғы жылы аталмыш аудандарда жауын-шашын мол түсіп, даланың шүйгін шөбі киікке де, төрт түлік малға да жеткенін ешкім жоққа шығармас. Керек десеңіз, 2022 жылы республикамыздың түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен блогерлер тапталған жайылымдар мен шабындықтарды таба алмағаны да рас. Енді ол аз болғандай, биылғы жылы көктем ерте шығып, даланы кене қаптады. Бар бәлені киіктен іздеген шаруалар: «Кене киікпен бірге келіп жатыр» деген ақпарат таратуда. Әлеуметтік желілерді де шулатып жатыр. Мәселені мәнісін білмейтіндер: «Расымен, кене киікпен тарап жатыр» деп ойлауы заңды. Бірақ, нақты мәліметті арнайы ветеринар мамандар берген дұрыс шығар?!
Осыған орай біз «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының аға ғылыми қызметкері, ветеринария ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Ғайса Абсатировпен хабарласқан болатынбыз. Мәселеге қатысты ғалым төмендегідей жауабын жолдады.
– Соңғы жылдары кене үй жануарлары үшін де, жабайы фауна үшін де бас ауыртар мәселеге айналды. Әлеуметтік желілерге назар аударсақ, кененің Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы жануарлары мен ақбөкендерге жасаған қолайсыздығы туралы ақпараттарды оқимыз.
Ақбөкендердің мекендейтін және қоныс аударатын аумағындағы аудандардың халқы, сондай-ақ кейбір мамандар қателесіп, ауылшаруашылық жануарларының кенелерден жапа шегуіне киіктің тікелей қатысы бары туралы қате мәліметтер таратуда. Әрине, бұл дұрыс емес пікір.
Биоценоз немесе қауымдастық – бұл жануарлардың, өсімдіктердің, саңырауқұлақтардың және микроорганизмдердің, соның ішінде бір-бірімен, сондай-ақ олардың қоршаған ортасымен байланысты салыстырмалы түрде біртекті тіршілік кеңістігін (белгілі бір жер немесе су аймағын) мекендейтін кенелердің тарихи қалыптасқан жиынтығы.
Қазіргі уақытта адамдар мен жануарлардың кенеден зиян көруі Қазақстанның барлық дерлік аймақтарында, соның ішінде, киіктер мекен етпейтін өңірлерде де кездеседі. Мысалы, біздің тәжірибемізде кенелердің таралуы ауылшаруашылық жануарларында, мамандандырылған жоғары оқу орындарының клиникасында, питомниктегі иттерде және тағы жерлерде анықталып отыр. Кенелердің шамадан тыс белсенділігі табиғи-климаттық жағдайлармен байланысты. Көктемнің ерте және салыстырмалы түрде жылы болуы, жоғары ылғалдылық оң әсер береді. Осындай жағдайлар кенелер үшін қолайлы және олар зоофагтар сияқты қан сору үшін жылы қанды жануарларға шабуыл жасайды. Мұнымен қоса, кенелер қанпаразиттік, вирустық және бактериялық аурулардың (пироплазмоз, бабезиоз, бруцеллез, энцефалит және т.б.) қоздырғыштарының тікелей көзі болып табылады.
Табиғи ортада кенелермен күресу қиын. Өйткені, бұл ақбөкендердің тіршілік ету ортасы мен қоныс аударуының кеңдігімен байланысты. Кенеден арылу немесе алдын алу үшін жайылымдарды инсектоакарицидтік препараттармен бүркіп, өңдеу қажет. Бірақ, бұл іс жүзінде мүмкін емес.
Үй жануарларына келетін болсақ, жануарларды паразиттік жәндіктер мен кенелерден қорғау үшін бұрыннан қалыптасқан жүйені жүзеге асырған дұрыс. Ол үшін бұрын ұмытылған инсектоакарицидтік препараттармен шомылу ванналарын, репелленттерді профилактикалық қолдануды қолдануға болады. Мысалы, бүгінде Түркістан қаласында кенелермен күресу үшін үш шомылу ваннасы салынып, оларды қалада да, аудандарда да салуды жоспарлап отыр.
Осыған байланысты ауылшаруашылық жануарларының иелері өз жануарларын қорғауда белсенді болуы керек. Кенелермен күресу және алдын алу үшін ауылшаруашылық жануарларына әртүрлі препараттар қолданылады:
Жануарлар пайдаланылған машина майын жағыңыз. Оны бүкіл денеге емес, денесіне, шабына кең жолақтар түрінде жағылады. Өңдеу жайылым маусымының басында жүзеге асырылады. Бұл өңдеу сүттің дәміне әсер етпейді. Егер денеде жәндіктер табылса, онда олар теріден арнайы ажыратылмайды. Оларға май тамызу жеткілікті. 1-2 сағаттан кейін олар өздері түсіп қалады, - деп нақты жауабын берді Ғайса Ғарапұлы.
Кенеге қатысты сауалымызды Казталов аудандық веринарлық станциясы мамандарына да жолдадық. Бізге станция директорының орынбасары Жасұлан Дүйсенов жауап берді.
Биыл жайылымдық жерлерде кене көбейіп тұрғаны рас. Оған көктемнің ерте шығуы мен жерде ылғалдың мол болуы себеп. Кене аса қауіпті зиянкестер тізіміне енбеген. Сол себепті онымен күрес шараларына арнайы қаржы бөлінбейді. Тек елді мекендердің айналасын улауға жергілікті бюджеттен мәслихат шешімімен ғана ақша қарастырылады. Ал шаруа қожалықтары жерді жалға алу шартына сәйкес, жерлерін өздері өңдеуі шарт. Сондай-ақ малдарын кенеден тазарту да шаруашылықтардың өз міндетіне жатады. Рас, малдың кене шаққан жері құрттап, шаруа адамын әбігерге салып жатқаны болмаса, кенеден жаппай мал өліп жатқан жоқ. Өткен жылдан бері кене тым көбейіп, шаруаларды әбігерге салуда. Былтыр кененің зерттемесін облыстық мекемеге жібердік. Биыл да Орал обаға қарсы станциясының мамандары кененің сынамасын алып, біздің жақта кененің «hyalomma marginatum» атты түрінің бар екенін анықтады. Және бұл кененің ерекшелігі – шапшаңдығында. Тез өрмелеп, тез жүретіндігі.
Жалпы, кенеге қарсы күрес шараларын жүргізуге қаржы қаралмайды. Малды кенеден арылту шаралары мал иелерінің қаржысымен атқарылады. Күні бүгінге дейін бізге түскен сұраныстар бойынша тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. Қазіргі күнде кенеге қарсы жақпа да, екпе де, дәрі-дәрмек те баршылық. Дұрысы, кене қаптаған малды арнайы дәрімен жуу қажет. Жуған жағдайда дәрі малдың барлық денесіне дариды. Содан бір айға дейін зиянкес жақындамайтыны дәлелденіп отыр. Қазіргі күнде кененің күннің ысуына байланысты белсенділігі төмен. Дегенмен, түбегейлі жойылған жоқ. Сұраныс болса, біз көмектесуге әзірміз, - дейді маман.
Міне, біз өз тарапымыздан күрделі мәселеге жауап іздеп көрдік. Қорыта айтқанда, кене көбеюі бүгінгі күнде күрделі екенін ескергеніміз жөн. Кене малға ғана емес адамға да қауіпті екенін ұмытпайық! Ал зиянкестің киік арқылы тарап жатқанына нақты дәлдеме жоқ. Сонымен қатар мал басының да жыл санап өсіп жатқанын ескергеніміз жөн. Сіз қалай ойлайсыз?!
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz