Газеттің халықтан басқа қолдаушысы жоқ. Иә, осы сөзді айтудан, қайталаудан шаршаған емеспіз. Расымен, қандай заман болмасын газеттің осы кезге дейін жетуі қарапайым халықтың арқасында. Шынайы әрі шындыққа жанасқан ақпаратты сіз секунд сайын құбылатын ғаламтордан емес, газеттен оқисыз.
Сіздің атаңыз һәм анаңыз, бауырыңыз бен жай ауылдасыңыз туралы естелікке толы мақаланы сіз компьютерден таба алмайсыз. Ол тек газет бетінде ғана. Әлеуметтік желіден жылт етіп көрінген ақпаратты бір сағаттан кейін іздеп табу мүмкін емес. Ал газет – ол тарих. Ол әрдайым жаныңызда. Қандай нәубет болмасын газет оқырманын ешқашан тастап кеткен емес, сол себепті оқырман да өз газетін құрметтегені абзал.
40 мыңнан астам тұрғыны бар Теректі ауданының төл басылымы «Теректі жаңалығы - Теректинская новь» қоғамдық-саяси газеті үшін өткен, яғни І жартыжылдық жаман болған жоқ. Егер 2020 жылы газеттің таралымы 1400 дана болса, үш жылдың ішінде газет таралымы екі есеге өсті. Бұл жақсы көрсеткіш, бірақ масаттанатын жағдай емес. Ауылдық округтер бойынша Подстепный, Теректі секілді үлкен ауылдарда оқырман санын арттыру миссиясы тұр алда. Әр жазылым науқаны сайын тұрақты түрде аудандық газетті қолдайтын Ақсуат, Приречный, Ақжайық, Ақсоғым, Богданов секілді округтердің тұрғындарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өзге ауылдар да «Теректі жаңалығы» төрімізден табылсын деп жұмыстануда.
Жасырып қайтеміз, қазір адамдар газетті әжетхана «құралы» немесе тамақтанып болған соң, қол сүртетін, аяқ киім астына қоятын зат ретінде көреді. Ащы шындық. Түрлі жиналыстарда ел ағаларының аузынан осындай сөздерді естігенде, төбе шашың тік тұрады. Мойындайықшы, газет бетінде әр теректіліктің есімі бар. Біреудің ағайыны, біреудің анасы, біреудің атасының суреттері болуы мүмкін. Аудан тарихында есімдері қалған құрметті азаматтардың өмір жолы суреттеледі. Сонда сол газет, әр теректіліктің тынысы-тіршілігі жазылған құнды дүние әжетханада тұруға лайық па? Ойлап көріңіздерші! Газеттің су жаңа нөмірін мемқызметкерлер шоғырланған әжетханадан көргенде, еңбек еш кетіп жатыр ма деген ойда қаласың. Кейбір мекемелерге бас сұқсаң, аяқасты болып жатқан газетімізді көргенде, жүрегің ауырады.
Газет үшін әр оқырман маңызды. Аудандық басылымда қызмет жасап жүрген әр қызметкер өз қамынан гөрі, халықтың қамын ойлайды. Олар жай ғана фотографтар, яки «барып кел-шауып кел» емес. Олар - жақсылықты әрлеп, олқы тұстарды қымсынбай көрсете білетін халық жанашырлары. Кей кезі мақала жазарда халықтың пікіріне мұқтаж болып қалып жатамыз. Тұрғындар газетке сенім артуды бүгіннен бастауы тиіс. Өмірлеріңізде орын алған түрлі қиындықтарды, күрмеуі шешілмей тұрған мәселелеріңізді бізге айтыңыз. Газет халық жақта. Аудандық басылымның елге берері әлі көп.
Бүгінгі таңда республикалық, облыстық және аудандық газеттерге ІІ жартыжылдыққа жазылу басталды. Бұл дегеніміз - өткен жартыжылдықта көрінген үдеден шығу. Бұл дегеніміз – халық пен газеттің арасындағы байланысты тағы бір мәрте нығайту. Жаттанды сөз яки жалған ұран емес. Әр оқырманның ойы, пікірі, ұсынысы, жанайқайы біз үшін аса маңызды. Аудандық редакцияның есігі сіздер үшін ашық.
Газет – әкімдіктің жеке меншік құралы емес, ол халықтың мұңын жеткізетін мінбер, тұрғындарды саяси сауаттылыққа жетелейтін құрал, шынайы ақпараттар ұсынатын дүние. Сондықтан халық пен газетті бөлек қарастыру қате, олар егіз ұғым іспетті. Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов атамыздың «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы» деген сөздерінде қаншама мән жатыр десеңізші?!
Газет оқу мәдениеті - қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық – осы. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше.
Олай болса, талғамы жоғары оқырман, «Теректі жаңалығы» төріңізден табылсын!
Әділет Орынбасаров,
«Теректі жаңалығы - Теректинская новь»
қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы