Янайкин ауылындағы Т.Бигелдинов атындағы орта мектепте осындай атаумен аналар форумы өтті.
Іс-шара мектептегі жас мұғалімдердің ана туралы жазған жыр жолдарын оқумен басталды. Одан соң қазақтың батыр, ерекше қасиетке ие аналары, олардың ұлт тарихында алар орындары туралы таным-тағылымы мол әңгімелер айтылды.
Кеш барысында аталмыш ауылдық округтің әкімі Сәуле Аққайырова, ауылдың өнегелі әжесі Нұржамал Жақсымбетова, кәсіпкер, көпбалалы ана Ақмарал Омарова бүгінгі әйелдің, ананың, әженің қоғамдағы орны туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Әлеуметтік педагог, мектептегі «Назерке» қыздар клубының жетекшісі Гүлсара Әбуова қазақ әйелдерінің ұлттық киімдері туралы баяндамасы да әсерлі шықты. Мектеп мұғалімі Замир Ғұмаров, оқушылардан құралған «Бәйтерек» ұлдар ансамблі, «Жас өрен» қыздар ансамблі кешті әнмен әрледі.
-Дәстүрлі қазақ мәдениетінде қазақ әйелі отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, әлеуметтік-қоғамдық өмірде де маңызды рөл атқарды. Қазақы ортада жеке адамның қарақан басынан көрі, қоғамдық мәселелердің жоғары тұруына нәзік жандылар өз үлесін қосты. Домалақ ана, Болған ана, Дарабоз ана, Қызай ана, Айман ана, Ұлпан ана сынды жандар елдің ұранына да айналды. Бүгінде кейбір рулар сол аналардың есімін алған. Мәселен, бізде бастыс өңірдегі шеркеш руының қаракемпір деген бөлімі бар.
Ал Бәйдібек бидің Айбике деген қызының мұрны үлкен болуы себепті мұрын аталып кеткен екен. Найманның мұрын деген тармағы содан шыққан. Екінші қызы Күнбике әдемі болуы себепті қызай деген атауға ие болып, найманның қызай тармағының атауы содан шыққан дейді. Керейдің абақ деген бөлімінің атауы абақ деген батыр қызбен байланысты. Міне, бізде осындай қолбашсысы, өнерпаз аналарымыз көп. Сол аналарымыздың жолын, өнегесін бүгінгі қыздарымыз, апаларымыз, аналарымыз, әжелеріміз білсін, перзенттерін осы бағытта тәрбиелесін деген бағытта осынау іс-шараны ұйымдастырған едік. Алдағы уақытта ол жалғасын табатын болады, - деді кешті қорытындылаған аталмыш мектептің директоры Жасталап Сабыров.
Форум соңында жиналғандар мектеп ауласында жасақталған «Аналар аллеясына» тал-терек екті.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz