25.04.2023, 10:15
Оқылды: 514

Күнкөзілдірікті қалай таңдаймыз? Көз дәрігері жауап берді

 

Көктем, жаз мезгілдерінде көзілдіріксіз жүру қиын. Шаң-тозаң былай тұрсын, күн сәулесінен көзім жиі жасаурайды. Көз жанарымызды ультракүлгін сәуледен қорғау үшін қандай көзәйнек кигеніміз абзал?

Орал қалалық  №5 емхананың көз дәрігері Жазира Өмірзақ жауап берді.

очки

Фото: zhaikpress.kz

– Жақсы көзілдірік – көктем, жаз мезгілдерінің сәнді акссесуарларының бірі ғана емес, көзімізді қоршаған ортаның жағымсыз факторларынан, яғни шаң-тозаңнан, ультракүлгін сәуледен қорғайтын әмбебап дүние. Күн ыстық кезде сыртта көп жүрген адамның көзі жиі жасаурап, тіпті катаракта секілді сырқатқа душар болуы мүмкін. Күннен қорғайтын көзілдірікті сатып аларда оның әдемілігінен гөрі, адамның жанарына зияны жоқ па, күн сәулесінен жақсы қорғай ма, соны ескеру керек. Өйткені арзан бағадағы көзілдірік көздің көру қабілетін нашарлатады.

Ең алдымен, көзілдіріктің жасалған материалы мен линзаның түсін анықтап алыңыз. Яғни әйнек пе, пластик пе? Әйнекті линзалар тікелей түскен ультракүлгін сәуледен көзіңізді қорғайды. Алайда қауіпсіз емес. Оқыста сынып қалса, көзіңізге зиянын тигізуі мүмкін. Пластикалық линзаларға қарағанда ауырлау болып келеді және мұрынның айналасын терлетуі мүмкін. Ал пластикалық линзалардың салмағы жеңіл әрі қауіпсіз. Десе де ультракүлгін сәулелерді өткізіп жібереді. Арнайы химиялық ин-гредиентке бай, зиянды сәулелерді ұстап қалатын линзалар да болады. Заманауи пластикалық линзалардың құрамына арнайы химиялық қоспалар қосылады. Ол қоспалар көзге ешқандай зиян тимеуін қамтамасыз етеді. Олардың екі түрі болады: А және В.

жазира омирзак

Сапалы көзілдіріктердің этикеткаларында: «Blocks at least 90% UVB and 60% UVA» деген жазу болады. Әрине, сандары өзгертіліп жазылуы мүмкін. Сәуледен толық қорғауды қамтамасыз ететін көзілдіріктердің өлшемі – 400 нанометр. Көзілдіріктің көлемі кішкентай және көзді дұрыс жаппайтын болса, күн сәулесінен нашар қорғайды деген сөз. Көзәйнекті сатып аларда, еш жерінің сырылмағанына көз жеткізіңіз. Жиектерінің сапасына назар аударыңыз, тұтқасын қайта-қайта ашып-жауып тексеріңіз. Кеңсірік тұсын қысып тұрмайтынына, жанарыңызды бұлдыратпайтынына көз жеткізіңіз.

Екіншіден, линзаның түсіне мән беріңіз. Көзді күннің ультра сәулесінен қорғау үшін қара-сұр және қара-жасыл көзілдірік таңдаған дұрыс. Алғашқысы айналадағы түстерді шынайы етіп көрсетсе, екіншісі ультракүлгін және инфрақызыл сәулелерден жақсы қорғайды. Көк линзалы көзілдірікті тақсаңыз, ыңғайсыздықты сезінесіз. Көзді күйдіріп жіберуі де мүмкін. Көлік жүргізушілерге сұр және қызыл-қоңыр линзалы көзәйнек таққан дұрыс. Ал көздің көру қабілеті нашар адамдарға сары түсті линзаларды  ұсынамыз.

 

Гүлмира Айдынғалиева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале