Қандай қиын кезеңде де оқытудан, үйретуден, баулудан танбаған мұғалімнің қоғамдағы орны бөлек, жолы қилы-қилы... Біз көре қалған тұлға – ұстаздар көші алыстаған сайын биіктеп барады. «Сол биіктік аласарып кеткен жоқ па?» деген сұрақ бар бүгінгі қоғамда. «Мұғалімнің бұрынғы беделі қайда?» деген сұрақ тағы да алдымнан шықты жақында қалалық мектептердің біріне ұжыммен кездесуге барғанда. «Ұстаз бен мұғалімнің айырмашылығы неде?» деген де сұрақ бар екен сценарийлерінде...
Фото: edu.mcfr.kz
Қайда болсын, тұрмыстың тасасында, пендешіліктің көлеңкесінде... Үш мектепте оқитын бала бір мектепте (бәрі демей-ақ қояйын, бірақ бар ондай...) екі-үш «сменмен» оқып, аузы-мұрнынан шығып жатса, бап бола ма? Үйірме дегендер мектептен еншісін алып, бөлек кеткен. Бала барып-келіп жүреді ондай жерлерге ақысын төлеп... Ал ұстаздың шығармашылық қырлары ашылмайды, олар тек сабақ берушілер ғана болып қалған. Қашаннан басталып еді бұл өзгеріс?
Мұғалімнің жолын кесіп өтпейтін қоғамның көңіліне неғып кірбің түсті? «Кірбің» деген не, тіпті, мектепке «шабуыл салып», мұғалімнің «басына шығып» алғанды да көретін болдық. Рухани құлдыраудың алды емес пе бұл? Мектеп азса, қоғам тозады...
«Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді... Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет... Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады.
Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің алғашқы сессиясында (29.03.2023 ж.) сөйлеген сөзінде.
Тектен-тек айтылып отырған жоқ бұл сөз, Парламент мінберінен жалпыға бірдей қағылған дабыл! «Кез келген адамды мектепке жұмысқа ала беру» басталып кеткелі қашан... Араласып кеткені сонша, арылту оңайға түспес...
Мектептерде жаға ұстатар жағдайлардың, қылмысты оқиғалардың жиілеп кетуінің де, мүмкін, бір себебі сол шығар. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар ғой. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, білім саласы туралы елдің қаптаған пікіріне тап боласыз.
«Мектеп ұстаздары өз «эго» мен «гонорларын» баспаса, әлі қанша бала жапа шегерін айтсаңызшы! Баланы алалау, бөлу, өз «любимчиктерін» көтермелеу, мектептің барлық шараларына, олимпиадаға тек өзінің сүйікті шәкірттері, «мұғалімнің баласын» ғана қатыстыру…»; «Мұғалім бір айдың тек төрт күнінде сабақ өткізіп, қалған уақытта желкілдеп «Жайдарманда» жүретін дәуір болды ғой. Балаларға обал тіпті…»; «Енді ше, мектепке кім көрінген кіріп кетті де, сауатсыз ұрпақ қалыптаса бастады. Кейбір мұғалімдерге қарап «осылар қалай білім беріп жүр» деп шошисың»; «Өз біліміне сенетін мұғалімдер қандай кәсіптік аттестацияға да келіседі. Бірақ портфолио бас ауруына айналды. Неге?! Зерттеуші категориясын алу үшін облысқа 4-5 бала шығарып 4-5 марапатты қанжығаға байлау керек. Олимпиада, ғылыми жобадан орын тие бермейді. №414 бұйрықпен бекіген олимпиада саны да шектеулі. Амал жоқ, мұғалімдер күнде уатсап желісі арқылы келетін сайыстарға қашықтықтан қатыса бастады. Ала-шапқын болып, «бер» деген ақшасын беріп, портфолиосын қағазға толтырды. Содан жоғарыдан тағы бұйрық келді, «Ақылы сайыстар жарамайды, тіке барып қатысуы керек» деген.
Мұғалім байғұс манағы портфолияға жинаған қағазын қоқысқа тастады (оның бәрі ақша!). Сонда министрліктегілердің ойлағаны не? Мұғалімнің деңгейін жанындағы әріптестері мен оқушылары біледі. Кімнің қалай сабақ беретінін, мұғалімнің өз ісіне адалдығын мектептегі педагогикалық кеңес біледі...Бірақ олардан пікір сұрап жатқан кім бар? Қазір бізде ешқандай жүйе жоқ! Мысалы, №561, №130, №18 бұйрықтар бір-біріне қарамақайшы жазылған. Бүгін өтінішті былай тапсырсаң, ертең басқаша болып мың құбылып келіп тұрады...»; «Мұғалім білімді болу үшін университет өзіне қажетті абитуриентті дұрыс таңдап, дұрыс білім беруі керек»; «ҰБТ-дан «2» алып, шығармашылықпен университетке түсіп, «қызыл дипломмен» бітіріп шыққанды білемін. Қазір ауданның мықты мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп жүр...»; «Мектепте жақсы оқыған оқушыда бастапқы базалық білім мықты болады. Мықты мұғалім сондай жастардан шығады»; «Кешегі сабақтан қашқан оқушылар, кітап оқи алмайтындар, жазуларында үтір, нүктенің қай жерге қойылатынын білмейтіндер ақылы оқуға түсіп, төрт жыл түнімен кафе, «ночной» барда демалып, содан соң «зачёт» пен емтихандарын ақшаға «разводить» етіп бітіріп шығып жатқанда дұрыс маман бола ма? Сондайлар көбейді...» деп шындықты ашына айтып отыр қоғам.
Төртінші тоқсанда басталатын аттестация «жыры» жылда «арнасына сыймай» жатады, биылғысы тіпті сөкет.
«Сарапшы», «Зерттеуші», «Шебер» деген кәсіби деңгейдің жолында қып-қызыл «майдан». «Сарапшыны» 14балдан 12 балға түсірген екен, «Зерттеуші» мен «Шеберді» де 14/16 деп түсірмей ме бірге? Әлде олар тоқалдан туды ма? Әлде «жоғары категория ақшаны көп алады» деп үкіметтегілердің жаны шығып бара ма? Қандай сұраққа дайындаларын білмей, мұғалімдердің басы қатты. Ватсап чаттарды ашсаң, «тестте 100% келеді, ақшасы мынадай» деген жарнамадан көз тұнады... Бәрін айт та бірін айт, бұл тест мұғалімдердің біліктілігін (шетел ғалымдарының тұжырымын жаттау біліктіліктің шегі емес!) көрсететін емес,тест сатқыш, пайда тапқыштардың жолын ашқан тест болды... Айналып келгенде зардап шегетін мұғалім...» деген пікірлер де жетерлік. Қайсыбірін айтарсың... Шеті мен шегі жоқ. Басшы бір жақта, қосшы бір жақта. Бала қайтіп бетімен кетпесін? Мектеп қайтіп азбасын?
Құрылысы бітпей, сай-сел болған балалары мен мұғалімдерін сүйретіп, аттестацияларымен бірінің-бірі басын қатырып, бала тәртібінің шектен шығу себебін ата-ана мектептен, мектеп ата-анадан көріп, ырматылып-шырматылып жүргенде, міне, төртінші тоқсанның да тәмамдалуына ай жарымға жетер-жетпес уақыт қалды. «Алмақтың да салмағы бар» дейді қазақ, жалақысын өсіргенде ұстаздар осылай қырғиқабақ болып, сағатқа таласып, ақшаның соңына түсіп кетсін деп өсірмеген шығар...Бәлкім, қамқорлықтың есесін еңбекпен, біліктілікпен, парасатпен қайтарар деп үміт еткен шығар үкімет, осынау қоғамдық сананың іргесі сөгіліп тұрған тұста ұстаздардан ұстаздық көмек болар ма деген дәмемен. Төртінші тоқсан. Оның да бітуі жақын. Барша жұрттың сәл тоқтай қалып, жылдың өткен тоғыз айына көз жіберетін есепті кезеңі. Не бітірдік? Не тындырдық? Балаға ғана емес, салаға да, санаға да жылдық баға қойылатын есепті мерзім. Нешеге тапсырдық екен биылғы оқу жылын? Қандай бағаға жұмыс істеді оқу-ағарту ісінің басы-қасында жүрген мамандар? Мұғалім ше? Қоғам ше?
Сарапшы – Уақыт.
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі