25.04.2023, 16:15
Оқылды: 83

Теректі ауданы: жарығы жоқ, суы жоқ, пенде қайтіп күн көрер?

Жарығы жоқ, суы жоқ, пенде қайтіп күн көрер? Оған тіпті газ жоғын қоссаңыз.

Жұмбақтамай айтсақ, біз бүтін бір ауылдың мәселесін көтеріп, жоғын жоқтағалы отырмыз.

Жері бар да, үйі жоқ Әңгімені әріден бастайық.

теректі (3)

Теректі ауданының облыс орталығына жақын жатқан Подстепное, Шаған, Ақсуат ауылдық округтеріне қоныстануға қызығушылар көп. Сондықтан да, жер телімін алуға кезектер тұрғандар қарасы қалың. Соңғы жылдары, нақты айтсақ, 2019 жылы Шаған ауылдық округі орталығы – Жаңа өмір  ауылы шетінен жеке тұрғын үй салуға бірден 780 жер телімі берілді. Жылдап жер кезегінде тұрғандар «алақайлап» жатты. Тек, қуаныш ұзаққа бармады.

Қолды болған желі

Неге дейсіз бе?

Жер берілгенімен, үш жылдан бері сол алаң бос жатыр.

Оған себеп - мемлекеттік бюджеттен қыруар ақша жұмсап, жер телімдері басына тарттырған электр желісі пайдасыз болған. Пайдасыз болғанда да, орнатылған  тарату трансформаторларының  қисайып, құлап жатқаны өз алдына, тек қаңылтыр қаңқасы қалған. Бағана басына ілген сымдардың бүтін қалған жері жоқтың қасы. Қадау баған басында қалған жарық шамдары ғана бір кезде бұл жерді адам мекендейтініне сенгендей...

Ашық құдық, терең сай

Су желісін тарту үшін алқапты айналдыра қазған арналар онсыз да аңғал-саңғал жерді құдды фантастикалық бейнебаян түсіруге арналған алаңға ұқсатып тұр.

теректі (1)

2022 жылдың жазында мердігер «ҚазЕвроСтрой» ЖШС 780 жер теліміне ауыз су тарту жобасын бастаған. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде құрылыстың жалпы құны 380,7 млн.теңге. Бүгінде мердігер жұмыстың 60 пайызын орындаған көрінеді. Жоспар бойынша су тарту құрылысы биыл аяқталады деп белгілеген.

Дегенмен, көрген көзде жазық жоқ – әзірге ашық терең жыра, әр жерде шығып жатқан пластик құбыр. Баған басына ілінген сым қолды болған жерде жердегі құбыр ұрланбасына  кім кепіл?! Егер салынған құдықтар немесе құбырлар тағы «аяқ бітіп» кетсе, шығынды кім толтырады?

Газдың «иісі» шықпайды

Ал тұрмыстық газға келсек, бұл жерде оның әлі «иісі» де шықпайды.

теректі (4)

Жергілікті әкімдік берген анықтамаға сүйенсек, жобалаушы ұйым - «STROYCONSALTING» ЖШС осы нысанға газ желісін тарту жобасын жасақтаған. Қазір жобалық есептеу құжаттамасы кешендік сараптамадан өтіп жатыр. Болжамды құны – 430,3 млн.теңге.

Кешендік сараптаманың оң қорытындысы шықса, көгілдір отын құбырын тартуға қаражат бөлу жөнінде бюджеттік тапсырыс тиісті органдарға жолданады.

«Электр қуатын берсе де жарар еді»

дейді  жер телімін алған Жаңа өмір ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Айсұлу Бахтиярова.

- Жаңа өмір – туған ауылым. Тұрмыс құрған соң біраз жыл қалада пәтер жағалап жүрдік. Содан жұбайыммен ақылдаса келе ауылдан жер алуға кезекке тұрдық. Бақандай он жыл бойы күттік. 2019 жылы жеке үй салуға жер телімін берген кезде өте қуандым. Тездетіп  іргесін салып, қабырғасын да қалап алдық. Сол жылы дүниеге келген қызым  Назым биыл төртке толды. «Өз үйімізге қашан көшеміз?» деп сұрап қояды. Әлі сол, пәтер жалдап жүрміз. Өз үйімізге көшіп, еркін отырғымыз келеді-ау. Амал нешік, электр желісі жоқ. Яғни, жарық жоқ. Тоңазытқыш та қоса алмайсың. Былтыр жазда бала-шағамызбен көшіп, өз үйімізде отырып көрдік. Қиналдық. Су мен газ жоғына шыдар едік амалдап. Пеш салармыз. Құдық қазармыз. Ал жарықсыз өте қиын, - деген Айсұлу үй салынбаған жер телімін өз меншігіне рәсімдей де алмай жүргенін айтты. Амал жоқтықтан уақытын ұзартып,  қайта-қайта жалдау ақысын төлеп жүретіні тағы бар.

теректі (5)

Бірқатар лауазымды адамның қабылдауында болып,  жағдайын айтып жүрген ол «болмай тұрған» көршілерімен бірге күні кеше  «AMANAT»  партиясының  Батыс Қазақстан облыстық филиалының қабылдау бөлмесіне,  Батыс Қазақстан облыстық  мәслихаты депутаты Сержан Идиятовқа хабарласқан.

Депутаттан – әрекет

780 отбасының жақсы тұрмыс, жайлы баспанаға деген үміті байланған жер туралы Сержан Идиятов:

- Үлкен жұмыс тобымен Жаңа өмір ауылына барып, жағдайды өз көзімізбен көрдік. Халықпен кездесіп, бірқатар мәселені талқыладық.

«AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гаухар Шайхиниязова,  партияның Теректі аудандық  филиалының төрағасы Мирхат Ибраев, Шаған ауылдық округінің әкімі Мақсот Мұрзақаев және аудандық құрылыс бөлімі басшысы Қанатжан Айбергенов бұл кездесуге арнайы келді.

Қазір бүтін бір ауыл болатын жерде бірен-саран ғана үй тұрғызылған. Үй салғанымен, қоныстанып отыра алмайды. Өйткені, кезінде салдыр-салақ жұмыс нәтижесінде таланып кеткен электр желісі өз алдына, бұл жерде газ, су да жоқ. Қоныстанбай, бос тұрған үйлерді кейбіреулер бұзып алып кетуі де мүмкін. Екіойлы болып, үйді не саларын, не салмасын білмеген  халық  осы күрмеулі мәселенің шешімі күтеді.

780 жер телімі – 780 аула. Әр отбасында 3-4 адамнан бар дегеннің өзінде 3 мыңға жуық адам қоныстанар жер әлі бос жатыр. Сондықтан бұл мәселені тек аудан деңгейінде талқылап қоймай, жоғары жақта  көтереміз.

Бұл мәселелер бойынша мен Батыс Қазақстан облысы мәслихаты депутаты ретінде лауазымды қызметкерлермен бірлесіп жұмыс жасаймын.  Жұмыс нәтижесі туралы баяндап отырамын, - деді. 

Қаржы бөлінсе, қалпына келтіріледі

Үш жылдан бері жері бар да, жерсінуі болмай күпті жүрген Жаңа Өмір ауылының халқы үшін жақсы жаңалық әзірге жоқ.

«БҚО Теректі ауданының Жаңа өмір ауылындағы 780 жер телімін электрмен жабдықтауды жаңғырту» жобасы бойынша есептік жобалау құжаттары жасалған. Жыл басында, қаңтар айында бұл жобаның кешендік сараптамасының оң қорытындысы шығыпты. Нысанның жалпы құны – 658,4 млн.теңге. Бұл – жемқорлық пен немқұрайлық,  ашкөзділік пен сұғанақтықтан келер шығын.

Осы жобаны қаржыландыру туралы «Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына» тапсырыс хат жолданған.  Қаржы көзі табылған соң мердігер анықталып, таланған желі қалпына келтіріледі. 

«Жаз жайлауға көшеміз»

780 адамның бірі – Болат Нұрмұқанов астаң-кестең алаңдағы бірден-бір аяқталып тұрған үйдің иесі.

Жасыл шатырлы үй тұрғызып, бақшаға жер қоршап қойған ол:

- Ауылдық жерде тұрған соң бау-бақша егіп, мал ұстағың келеді. Өз басым жер алып, үй салуды ұзақ күттім. Бірден үй салуға кіріскенім де содан. Қазір үйім дайын. Жазда отбасымызбен келіп, күзгі суық түскенше тұрдық, 30 метр тереңдіктен тұтынуға жарамды су шықты. Бақша суардық. Биыл да солай, жайлауға көшеміз деп отырмыз. Бастысы, электр қуатын берсе екен. Газ, су, жол керек әрине. Жайлы жерде, өз үйімізде тұрудан үміттіміз, - деп көпшіліктің ойын жеткізді.

 

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале