Теректі десе көпшіліктің көзіне ана тілін білмейтін, өзге тілде шүлдірлеген «шалақазақтар» елестейтін сыңайлы. Себебі, аудан атауын атасақ «Ол жақта қазақтар көп пе?» деген ерсі сауалға жолығасың. Иә, аудан аумағында 29 ұлт өкілі тату-тәтті тірлік кешуде. Ауданымызда орыс атаулары бар ауылдар жетерлік. Алайда, жылдар бойы қатқан сең қазіргі таңда жібіп келеді деуге негіз бар.
Мысалы, аудан орталығы - Теректі ауылы осыдан бірер жыл турасында Федоров болған. Федоров хақында тарихта түрлі дерек айтылады. Бірақ, оның қазаққа «үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын» оқырман, сіз жақсы білесіз. Осы мәселе біраз күн тәртібінен түспей, ақыры аудан орталығына қазақша атау берілді. Бөркімізді аспанға атып қуануға ерте, әрине. Бірақ, ауданды қазақыландыруға жасалған алғашқы қадам барын жоққа шығара алмайсыз.
Одан кейін көпшілік тілге тиек қылатын көше атаулары. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы 50 лет Пионерий, Тракторная, Крупская, Набережная секілді көшелер келмеске кетіп, теректіліктер енді Бейбітшілік, Жеңіс һәм Тәуелсіздік көшелерінде тұрады.
Әрине, ауданды қазақыландыру бойынша жұмыстар әлі көп. Соның бірі әрі бірегейі – орысша атаулары бар ауылдарға тарихи атауларын қайтару мәселесі. Әйтпесе, Богданов, Долинный, Приречный, Покатилов, Новопавлов деген атаулар құлаққа түрпідей тиетіні хақ. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тек жергілікті атқарушы биліктің жұмыстануы дұрыс емес. Жергілікті халық, соның ішінде ауылдың байырғы тұрғындары, қала берді ақсақалдар тарихқа көз жүгіртіп, келешек ұрпаққа қазақы тәрбие беру мақсатында жұмылғандары абзал. Әйтпесе, Покатилов ауылында тарих болмаған дегенге кім сенеді? Әлде, орыстың көпесі келгенше сол ауыл тып-типыл болып, сайын дала жатты ма? Сайын дала болса да, бабаларымыз жер-су атауларына мұқият қараған. Деректерге жүгінсек, сол тарихи атауларды тауып алуға да болады.
Әңгіме ауанын тағы бір орысша атауы бар Новопавлов ауылына бұрайық. Осыдан үш жыл бұрын ауылдың тарихи яғни қазақыланған атауын қайтару мәселесі көтерілді. Арнайы жергілікті қоғамдастықтың жиыны өтті.
Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің журналистері ауылға арнайы ат басын тіреп, округ әкімі, жергілікті қоғамдастық мүшелері және тұрғындармен жүздескен болатын.
Деректерге сүйенсек, ауыл тарихы 1909 жылдан басталады. Украинадағы Павловка деген жерден сол жылы қоныс аударушылар келеді. Дегенмен, дәл қазіргі ауыл тұрған жерден 7-8 шақырым жерде Құмақсай деп аталатын ауыл болған. Қоныс аударушыларды ауыл тұрғындары қабылдамай, сондықтан Павловкадан келгендер сәл әрірек қонып, үй тігіпті. Сол кездегі саясатты айтпасақ та түсінесіз. Қоныс аударушылар жайғасқан жерге бір жылы мектеп салынып, үйлер бой көтеріп, содан Новопавловка ауылы «дүниеге кепті». Әрине, барлық жағдай жасалған ауылға қоныстанушылар саны артып, Құмақсай ауылы бір күнде құмға сіңген. Алайда, тақыр жерге кеп үй салдық, ешқандай ауыл болмады деген деректер қате екендігін қазіргі тұрғындар да жақсы түсінеді. Бірақ сан түрлі адам - сан түрлі пікір.
Тұрғындар арасында ауыл атауына байланысты тағы бір дерек бар. Новопавловтан сәл қиыс жатқан әйдік сай бар. Сай басында кезінде құдық болған. Ол кездері құбыр бойлап ағатын су жоқ кез. Ауыл-жұрт суы бар жерге, құдық басына қарай қоныс тебеді. Шыңырау құдықтарды небір жанкешті қайсар құдықшылар қазатын. Су көзін табатын білгірлер, құдық қазушылар еңбегі деген сол кездерде бағалы еді. Шеген құдықты сол жерді мекендеген бай салғызса керек-ті. Есімі ұмытылған. Жер атауында «Аққұдық сайы» атаныпты. Қазір сол жерде тұратындардың бірі білсе, бірі білмес те. Аққұдықты мекен еткен бай алашапқын қызыл төңкерістен соң «халықты қанаушы» тап ретінде қудаланып, жер аударуға кесім шығыпты. Елінен, жерінен айырылып, босып бара жатқан бай өзі салғызған құдықтың қайнар көзін киізбен тығындап, топырақпен бітеп кеткен-мыс. Құдық құлап, иесі кеткен соң ауыл да тарам-тарам болып, тарап кеткен-мыс.
Қарап тұрсаңыз, Құмақсай болсын, Аққұдық болсын, бастысы естіген құлаққа жағымды ә?Ал ең маңыздысы, ол тарихи атаулар.
Сайып келгенде, арнайы жүргізілген сауалнамаға қарасақ, ауыл тұрғындарының 73 пайызы Құмақсай атауын қайта жаңғыртуға қарсы емес екен. Үш жыл бұрын көтерілген мәселенің бүгінгі таңдағы жағдайын білу үшін округ әкімі Бақтияр Асқарұлына (суретте) хабарласқанбыз.
- Қоғамдастықтың жиыны өтетіндігі туралы хабарлама басылым бетінде жарық көрді. Күн тәртібіндегі мәселе де анық болды. Қоғамдастық мүшелері өзара пікір алмасып, ойларын айтып, басым көпшілігі «Құмақсай» атауын қолдады. Халықтың да пікіріне құлақ асып, үйді-үйге кіріп, ойларын білдік. Тарихи атауды қайтару мәселесі бойынша ауыл халқының басым бөлігі оң көзқараста. Одан кейін аудандық мәслихат депутаттары аталмыш атауды құптап, қолдады. Содан соң облыстық онамастикалық комиссия қарауына жіберген болатынбыз, - деді Бахтияр Карл мырза.
Ауыл тұрғыны Арман Мұхамедьяров (суретте) та өз пікірін білдірді. Ол ауылға тарихи атауды қайтару мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқандығын айтты.
- Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылға «Құмақсай» атауын беру туралы әңгіме көтерілді. Менің қолымда 1987 жылғы ауылдық округтің картасы бар. Ол картада Құмақсай деген ауылдың атауы анық көрсетілген. Павловкадан келгендер ауылға кіре алмай, сай бойын жағалап қоныстанған сәтте де бұл арада адамдар болған. Дегенмен, қоныс аударушылар кеп қонған жерге мектеп, балабақша салынғасын, 1970 жылдары Құмақсай ауылы түгелімен көшіріліп, Новопавловка екеуі бір ауыл болды, - дейді Арман Кенжеғалиұлы.
Дәл осындай пікірді ауыл тұрғыны Надир Оджиев (суретте) те ұстанады.
- Шыны керек, Новопавловка атауы бір ғасырға жуық қызмет етті. Қазір заман басқа, қазір адам басқа. Еліміз Қазақстан болған соң, ауыл атаулары қазақыланғанын мен құптаймын. Себебі, тарих дегенді ұмытпау керек. Новопавлов қалыптаспай тұрып бұл жерде де адамдар тұрды, яғни өзіндік тарихы болды. Сол кезеңде ұстаным өзгеше болғасын , атаулар да өзгеріп жатты. Қазір сол тарихи атауларды қайта жаңғырту керек. Ол жастар үшін маңызды.
Сиырқұйымшақтанған мәселені алдыға тартып, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне сауал жолдағанбыз. Бөлімнің бас маманы Венера Шин (суретте) аталмыш мәселе күн тәртібінен түспегенін, алға жылжу бар екендігін жеткізді.
- Новопавлов ауылына тарихи атауын қайтару бойынша жұмыстар шарықтау шегіне жетті деуге болады. Құжаттар Әділет департаментіне келісуге жолданды. Олардың келісімінен соң облыстық мәслихат депутаттарының қатысумен сессия отырысына ұсынылады. Сол себепті Новопавлов ауылы Құмақсай боп өзгеретін күн алыс емес, -деп сендірді Венера Бектемірқызы.
Қазір тек орны қалған Құмақсай ауылына барып, қорымдар мен зираттардың, құлпытастардың көп екендігін көрдік. Сайын далада бақандай бір ауыл болғандығын бізге құлпытастар дәлелдеп тұр.Ендеше, тарихи атауды ұрпақ санасында жаңғыртудың еш әбестігі жоқ сыңайлы. Бұл – ең алдымен тарихқа тағзым, одан кейін тілге деген құрмет. Новопавлов қайта түлеп, Құмақсайға ат басын бұрғанда осы екі атауды не байланыстырады деген сауал санада көлбеңдеуі мүмкін. Сол себепті аталмыш мақаланы жарыққа шығаруды ұйғардық. Жалпы, Теректіде қазақылану үрдісі қарқынды жүруде. Алдағы уақытта, Подстепный – Төркінжол, Приречный – Шұбарсай, Долин – Тіксай, Покатилов – Атамекен боп өзгеріп жатса, таң қалмаңыз. Уақыт – төреші!
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz