Аламан десе, арқасы қозатын алаш баласы үшін түрлі деңгейдегі ат жарыс нағыз мерекеге айналары сөзсіз. Айталық, жақында Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешені мен БҚО Бәйге федерациясының Бөрлі аудандық филиалы көпшілікке ашық аудан біріншілігін өткізіп, керемет мереке сыйлады.
Расында, шаң қаптырар шабандоздар жарысы бағы мен бабы қатар келген шын жүйріктерді анықтады. Төрт бөлімнен тұрған сайыста тай жарысы, құнан жарысы, топ бәйге және аламан бәйге жарысы ұйымдастырылды.
Жазғы маусымының ашылуына орай өткізілген жарысқа 45 жылқы қатысты. Тай жарысында текеректілік Шоқанов Мирамның «Нұртобелдісі» бірінші келіп (шабандоз - Мерлан), 50 мың теңге ұтып алды. Ал, құнандар арасынан жаңақалалық Иман Қыдыровтың «Алтын алқасына» тең келер ешкім болмады (шабандоз - Арсен, жүлде қоры - 150 мың теңге). Көрермен қиқулап, шабандоздар тақымын мықтап қысқан топ бәйгеде ауданымызғаа қарасты Достық ауылындағы атбегі Берден Досмурзиевтің «Көк тау» атты сәйгүлігі бірінші келіп (шабандоз - Ильяс, жүлде қоры - 200 000 теңге) жергілікі жанкүйерлерді қуантты.
Ал бәйге төресі - аламан сайысында шашасына шан жұқтырмаған атыраулық Бақтыбек Байзаковтың «Қарлығаш» атты тұлпары бірінші келіп, 300 мың теңге ақшалай сыйлықты ұтып алды.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz