26.04.2023, 17:45
Оқылды: 131

БҚО-да кәмілетке толмағандар арасындағы қылмыс екі есе өскен

2022 жылы 16 жасар бала бір жыл төрт айға сотталған. Тағы бір бала бір өзі 12 рет ұрлыққа барған. Жаңа жыл басталғалы тек үш айда балалар арасында 44 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 7-еуі жыныстық сипаттағы қылмыстық істерге жатады.

Бұл туралы ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО-дағы басқармасының бастығы Жанат Нұрмағамбетова айтты.

Апта басында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен БҚО әкімдігі жанындағы кәмілетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысы өткен болатын. Жоғарыдағы статистика сол жиында айтылды.

баха2
Бұрын үлкендер кейігенде «бала дегеніміз бәле болды» дейтін. 18-ге толмаған балалар арасындағы қылмыстың саны артып отыр дегенді естіп үлкендердің осы сөзі есімізге сап ете қалды.
Полиция мен прокуратура балалар арасындағы қылмыс саны өскенін айтады. Мәселен, биылғы жылдың үш айында 44 іс тіркеліпті. Бұл өте көп деп дабыл қағып жатыр мамандар.

- Балалар негізінен ұрлық, тонау, алаяқтық сияқты қылмыстарға, - барады дейді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқармасының бастығы Жанат Нұрмағамбетова.

1
-Ересектер арасында тіркелген қылмыстар санымен салыстыратын болсақ, кәмілетке толмаған балалар арасында тіркелген қылмыстар саны өскенін байқауға болады. 2020 жылдың бірінші тоқсанында 25, 2022 жылдың сол кезеңінде 21 қылмыстық оқиға тіркелді. Тек биылғы жылдың үш айында 44 іс тіркеліп отыр. Балалар арасындағы қылмысты негізінен бұрын қылмыс жасаған балалар жасайды. Мысалы, 2022 жылы 2006 жылғы бала бір жыл төрт айға сотталды. Бірақ, ол пробациялық бақылауда жүргеніне қарамастан,түзелу жолына түспей, керсінше тағы да үш рет ұрлық жасап, істі болды, - деді басқарма басшысы Жанат Нұрмағамбетова.

Кәмілетке толмағандар арасында жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу да өте өзекті. Бірақ бұл бағыттағы жұмыста ойдағыдай жүргізілмей отырғанға ұқсайды.

Статистикаға қарасақ, жыныстық сипаттағы қылмыстар жылда тіркеледі.

- Мәселен, 2020 жылы жыныстық сипаттағы 22 іс, 2021 жылы 29, 2022 жылы 25, осы жылдың бірінші тоқсанында 7 жыныстық сипаттағы қылмыстық оқиға тіркелді, - деп атап өтті Жанат Нұрмағамбетова.

Кәмілетке толмаған балалар арасындағы қылмыстар туралы статистика мұнымен бітпейді.
Қоғамдық тәртіпті бұзу, ұрлық, алаяқтық, жылдамдықты асыру, т.б деп. кете береді.

БҚО ПД Жергілікті полиция басқармасының бастығы Ернар Сұлтанғалиев былай дейді.

2
-Кәмілетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан биыл көрсеткіштің өскенін байқауға болады. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың саны Орал қаласында және Ақжайық ауданында өсіп отыр. Кәмілетке толмағандар арасындағы қылмыстардың негізгі себебі дұрыс бақылау мен қадағалаудың жоқтығы. Қылмыс жасайтын балалардың арасында мектеп оқушылары мен колледж студенттері бар. Көбіне балалар телефон ұрлау, алаяқтық, велосипед ұрлау сияқты қылмыстарға барады, - деді Ернар Сұлтанғалиев.

Балалар арасындағы қылмыстардың жиілеп кетуіне бірнеше фактор әсер етсе керек. Алдымен әрине отбасындағы тәрбие мәселесі. Екіншіден, оқу орындарындағы тәрбиелік бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылуы керек.

Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқармасының бастығы Жанат Нұрмағамбетова: -"Оқу орындарындағы психологтардың жұмысын күшейту керек, бізде психологтар қылмыстық оқиға тіркелгеннен кейін барып баламен жұмыс істейді, балаларды спорттық шараларға көбірек тарту қажет, толық емес отбасылардың, тұрмысы қиын отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөліну қажет. Бұл жұмыстар кешенді түрде ұйымдастыру қажет, - деп атап өтті.

         Балалар қылмысы неге өсті? Мектеп психологы немен айналысады?

Жоғарыдағы жаға ұстатар статистикадан соң еріксіз қалалық білім бөліміне хабарластық. Мектептерде психологтар жеткілікті ме? Олар немен айналысады?

- Психололгтардың барлығы дипломды мамандар. Біліктілік санаттарын уақтылы көтеріп отыр. Зерттеушілер, сарапшылар және модератор психолог тар бар», - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова.

WhatsApp Image 2023-04-26 at 09.18.41
Орал қаласы бойынша 116 психолог бар екен. Әр мектепте үш психологтан жұмыс істейді. Одан бөлек әлеуметтік педагогтар бар, учаскелік полиция бар.
Қала бойынша 38 мыңнан астам бала қосымша үйірмеге барады. 14 мыңнан астам бала 6 қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелерге барады. Девинантты мінез-құлықты балаларды үйірмелермен қамту ісі қатаң бақылауда .

Қала бойынша 50 мектеп бар. Тек Орал қаласының өзінде 5 191 бала толық емес отбасында тәрбиеленіп жатыр.
Мектептерде тәрбие жұмысы мүлдем жүрмейді деу қате болар. Қалалық білім бөлімінің басшысы әр мектеп жанында түрлі тәрбиелік шаралар, үйірмелер, спорттық секциялар, ата-аналармен бірге өтетін семинар-тренингтер бар екенін айтты.

Ал биылдан бастап қала мектептерінде әкелер клубы жұмысын бастапты. Қалалық әкелер ассоцияциясы құрылған. Бұл бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыруға, әкелердің білім беру ұйымдарымен байланысын нығайту мақсатында қолға алынып отырған жұмыстар дейді қаланың бас педагогы.

Психолог, әлеуметтік педагог, учаскелік полиция, тәрбие ісі жөніндегі жеткші осынша адам жұмыстанып жатқанда балалар арасындағы қылмыстың өсуіне не себеп болды екен?

Бұл сұрақтың жауабын өзіңізге қалдырдық, оқырман!

Жанат Көшкінбай,

Фото авторы: Сержан Кенжебаев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале