2.05.2023, 14:30
Оқылды: 13

Жас ғалымдарды қолдау қажет

Жұма күні облысқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен келді. Сенбіде ведомство басшысы Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының жұмысымен танысты.

Жас ғалымдарды қолдау қажет (2)

Министр бірінші Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне барды. Алдымен, кездесуге келген қонақтар мен студенттер оқу ғимаратының алдындағы аллеяға шырша отырғызды. Игі іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ҚР ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, Түркиядан келген ғалымдар қатысты. Кейін ведомство басшысы Саясат Нұрбек профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Бұл басқосуда министр наурыз айында қабылданған «Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен» таныстырды. Оған қоса инфрақұрылым, Қазақстан аумағында беделді шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу,  студенттерді тәрбиелеудің кешенді жүйесі, үздіксіз білім беру және сертификаттау жүйесін дамыту, азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыру бағыттарына тоқталды. Ведомство басшысы жоғары оқу орындарында жастарды ғылымға тарту қажет екенін баса айтты.

Министр университет оқытушылары мен ғалымдарының ғылыми еңбектерінің көрмесін тамашалады. Оқу телестудиясының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Заманауи жабдықталған мамандандырылған оқу кабинеттері мен зертханалардың жұмысы туралы ақпаратқа қанықты. Сондай-ақ министр үздіксіз білім беру үрдісін қамтамасыз етуге бағытталған «Айяна» балабақшасына, ветеринария және биотехнология ғылыми-өндірістік орталығына барды.

Келесі кезекте Саясат Нұрбек Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде болды. Оқу орнындағы «Радуга» көрме залын, әскери даңқ мұражайын, спорт кешенін, кітапхананы аралады. Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің ғылыми жетістіктерінің көрмесін, генерал-майор Рүстем Қайдаровтың оқу-криминалистік орталығын көрді. Сондай-ақ университеттің жаңа оқу ғимаратының ашылуына қатысты.

– Батыс Қазақстан облысында төрт жоғары оқу орны бар. Бұл облыс – ғылым және жоғары білім бойынша әлеуеті өте жоғары өңір. Ресейдің бес облысымен шектеседі. Экспортқа да қолайлы аймақ. Осы бағытта Президенттің алдағы 5-7 жылда Қазақстанды өңірлік академиялық хабқа айналдыру жөніндегі нақты тапсырмасы бар. Қазір Батыс Қазақстан облысында шетелдік жоғары оқу орнының филиалын ашуды қарастырудамыз. Былтыр елімізде өзге елдің төрт университетінің филиалы ашылса, биыл алтауы қызметін бастайды. Ақтөбеде Шотландияның Heriot-Watt ең көне техникалық университетінің филиалы ашылды. Биыл онда алғаш рет 300 студент үш мамандық бойынша қабылданады. Бүгінде қолданбалы ғылым мәселесі кеңінен талқылануда. Президенттің жанынан ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Қазақстандық ғылымның жаңа моделі қабылданды. Енді университеттердегі ғылыми ізденістерге, зерттеулерге басымдық беріледі. Сондықтан өңірлік ЖОО-лар қосымша қаржыландырылады. Біздің негізгі мақсатымыз – өңірлік университеттердің әлеуетін көтеру, оларды  қолданбалы зерттеу орталықтарына айналдыру, – деді министр.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне де барды. Білім ордасындағы «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми өндірістік және жастар бастамасын дамыту орталығының, ихтиология және аквакультура зертханасының, сынау орталығындағы ғылыми зертханалардың, «Жәңгір хан» спорт клубының жұмысымен танысты. Ғылым және білім беру бағыттары бойынша жасақталған көрмені аралады.

– Қазіргі уақытта әлемде ауыл шаруашылығы, биотехнология, биомедицина, генетика, селекция салаларында түбегейлі өзгерістер орын алуда. Сол өзгерістер мен жаңалықтарды түсініп, хабардар болу үшін, алдымен, тіл білу керек. Себебі осы салалардағы мақалалар, ізденістер, жобалар жүз пайыз ағылшын тілінде жазылады. Күннен-күнге бұл тілдің маңызы артуда. Қытай тіліне де сұраныс жоғарылайды. Қазір биотехнология саласына өте үлкен инвестиция тартылуда. Кейбір мықты университеттер жылына 1 млрд доллардай ақша «құяды». Ауыл шаруашылығы саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Қазір оны «екінші революция» деп атайды. Ғалымдар микроағзаларды бағындыра бастады. Мысалы, биомедицина саласында жасанды ағзалар жасалуда. Сондықтан ғылыми кадрларды, PhD докторларды даярлау, зертханаларды күшейту, жалпы осы саланы дамыту негізгі бағыт болмақ. Қазір елдегі PhD докторлардың саны 1 пайызға да жетпейді. Ал 36 500 профессор-оқытушы құрамының 38 пайызының ғана ғылыми дәрежесі бар, – деді министр. Ол  Жәңгір хан университетінің ғылыми әлеуетіне оң баға берді. Саясат Нұрбек ғылымды дамытуға үлестерін қосып жүрген бірнеше ғалымды «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен  марапаттады.

Министрдің бұл күнгі жұмыс сапары М. Өтемісов атындағы БҚУ-да аяқталды. Профессор-оқытушылар мен студенттердің ғылыми еңбектерімен танысты. Жастармен кездесуінде оларды ғылым жолына түсуге шақырды. Себебі елдегі жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 92 пайызы ғылыммен айналыспайды. Сондықтан қазір елде ғалымдар тапшы. Министр университет ғалымдарымен кездесіп, «Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жөнінде баяндады. Кездесу соңында тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықовты «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Кейін осы оқу орнының студенттеріне арналған жатақхананың құрылысымен танысты.

Жас ғалымдарды қолдау қажет (1)

– Жастарды жатақханалармен қамтамасыз ету – өте үлкен мәселе. Инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Былтыр тамыз айында 87 000 студентке жатақхана қажет болған еді. Өткен 9 айдың ішінде бұл сұранысты 55 000-ға дейін қысқарттық. Астана, Алматы, Ақтөбе, Семей, Ақтау қалаларында жатақханалар пайдалануға берілді. Алдағы 7 жылдың ішінде 70 000-нан астам студент жатақханамен қамтылады. Алдағы 3-5 жылда елдегі жатақхана мәселесі түбегейлі шешіледі. Орал қаласында  қыркүйек айында 600 орындық жаңа типтік стандартқа сай жатақхана ашылады. Мұндағы бір секцияның ішінде екі-екіден төрт студент тұрады. Олардың өздерінің асханасы, душ кабинасы, дәретханасы бар. Былай қарағанда, пәтер сияқты жабдықталған. Екіншіден, бөлмелер мүгедектігі бар жандарға ыңғайлы етіп салынған, – деді министр. Сала басшысы қай оқу орнына барса да, оқытушылар мен студенттердің қойған сауалдарына жауап беріп, ЖОО-лардың ілгері дамуына жол ашатын маңызды мәселелерді талқылады.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале