Күрделі де қиын-қыстау қазақ тарихының ұлы көшінде қара нардың бұйдасын үш кесіп, үш жалғап жүріп, азап күннің қақтарын қара қайыс боп кешіп өтіп, азат күннің ақ таңына, бүгінгі көк байрақты заманға жеткен қазақ жұрты, ең әуелі, әйел-анаға қарыздар. Қандай заман болса да, ұлттың арын арлап, түтінін түзу ұшырып, көсегесін көгертіп, ұрпақты нұрлы таңға жеткізген – қазақ қызы, қазақ келіні, қазақ әйелі. Сонау көне түркі заманындағы Ұмай анадан бастап, бергі тарихтағы ел анасы болған Домалақ, Ұлпан сияқты шешелеріміздің жалғасы, ортамызда жүрген қарапайым қазақ әйелінің бірі – Батыралиева Клара Орынғалиқызы. «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді, Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе?» деген ұлы Ғабит Мүсіреповтың қаламынан туған сөз біздің Клара апамызға бағытталып айтылғандай. Бүгінде жарты ғасырдан астам қол ұстасып өмір сүріп келе жатқан Құсайынов Мұрат Дәуешұлы ағамыз бен Клара апамыз берекелі, мерекелі үлкен әулеттің ақсақалды атасы, ақжаулықты анасы болып отыр. Елге үлгі боларлық жанұя. Енелердің тәрбиесінен өткен Клара апамыз — өзі де келіндерді тәрбиелеп, алыс-жақын ағайынды ұйыстырып отырған, қазан құлағынан билігі кетпеген, абысын-ажын сөзін екі етпейтін беделді бәйбіше, ел анасы.
Клара Орынғалиқызы 1953 жылы Жымпиты ауданындағы Қоңыр ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1970 жылы Абай орта мектебін үздік бітіріп, сол тұстағы мектеп директоры Ғ. Сармағанбетовтің қолынан қазақ тілі мен әдебиетін оқып үйренудегі ерекше жетістігі мен үлгілі тәртібі үшін «Мақтау грамотасын» алғанында «Ұлым менің ұлығым, қызым менің қызығым» дейтін қайран әкесі ерекше қуанған екен. «Ағаларым, інілерім оқуда болғандықтан, әкеме серік болып, еңбекке ерте араластым. Ардақты әкем Орынғали бауырынан тараған алты баласын оқытып, тәрбиелеуде бар күш-жігерін салды. Әкем Жымпиты ауданының Тасқұдық, Аралтөбе, Жосалы, Көгеріс елді мекендерінде ауыл кеңесінің төрағасы болып көп жылдар еңбек етті, кейін «Абай» совхозында механик, токарь да болды. Ол кісі – іскер, ағайынға бауырмал, жанына дос жинаған сыйлы азамат еді. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, еңбек пен оқуды ұштастырып, Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика бөліміне сырттай оқуға түсіп, математика мамандығына оқыдым, еңбек жолымды Абай орта мектебіне қарасты Чапаев бастауыш мектебінде ұстаз болудан бастадым», – дейді апамыз өз сөзінде.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы». Клара Орынғалиқызына орта мектепте білім берген математика, физика, тарих пәндерінің білікті мұғалімдері – М. Сұлтанова, С. Русманова, М. Есқабылов еңбек жолында да тәлімгер болып, ұстаз болудың қыры мен сырын үйрете білді. Жас маман алдыңғы толқын аға ұстаздардың соңына еріп, еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен, білімділігімен қатар, шебер ұйымдастырушылығымен, мамандыққа адалдығымен көзге түсті. Аға пионер вожатый, мұғалім бола жүріп, жас өскіндерді тәрбиелеуде жетістіктерге жетті. Жемісті еңбегінің арқасында аудандық, облыстық білім бөлімі басшыларының тарапынан «Мақтау грамотоларын» алды. Облыстық білім, спорт (үстел теннисі, шаң-ғы, дойбы т.б.) сайыстарында өзі де, шәкірттері де жүлделі орындар алып, Абай орта мектебінің абыройын асқақтатты. Адамды орта, жақсы ұжым тәрбиелейді деген сөз – нақ шындық. Білім беру саласында еңбек ете жүріп Клара Орынғалиқызы да өсті, білімді, білікті маманға айналды. 1975 жылы ұжымның ұсынысы бойынша партия қатарына қабылданды. Аудандық партия комитетінің бюросына жүрексіне барып, барлық саяси сұраққа толық жауап беріп, «Партия қайда болса, мен де сонда» деп ант-су ішіп шықты. Сол заманның талабына сай білікті, өрелі кадр, шын мәніндегі адал коммунист бола білді. 1976 жылы аудандық комсомол комитетінің ұсынысы бойынша «Абай» совхозындағы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып, партия-кеңес қызметкері ретінде еңбек жолының жаңа бір белесін бастады.
Клара апамыз ел үшін білек сыбанып еңбек еткен жалынды шақтарын сағына еске алады. «Ол кезде ауыл жастарының еңбекке деген құлшынысы өте жоғары еді. Жастарды еңбекке баулу – партияның талабы. Техниканың түр-түрін, шаруашылықтың сан-саласын меңгерген жалынды жастар көп болатын. «Ұшқын» комсомол жастар бригадасы мыңдаған қой өргізіп, алға қойған міндеттемелерін асыра орындап, абыройлы еңбек етті. Қыздарымыз да техниканың құлағында ойнайтын». Дегенмен ол заманның идеологиясы ауыл жастарын еңбекке үндегенімен, жоғары оқу орындарына түсуіне, білім алуына көңіл бөліне бермейтін. Осы олқылықты байқаған Клара Орынғалиқызы талапты ауыл жастарына жоғары оқу орнына жолдама алып беріп, талай жанның бағын ашты, қолдан келген көмегін аямады. Халық сенім артып, бірнеше рет Жымпиты аудандық кеңесінің депутаты етіп сайлады. Республикалық комсомол мектебінде оқып, тәжірибе жинақтауы да жастар арасында қоғамдық-саяси жұмысты жандандыруға септігін тигізді. Жемісті еңбектің нәтижесінде 1981 жылы БЛКЖО Орталық комитетінің (ЦК ВЛКСМ) төсбелгісімен марапатталды.
1980 жылы тұрмыс құрып, отбасылық өмірі басталды. «Отбасылық өмір мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүруіме ата-енемнің көп көмегі тиді. Ене мектебінен өттім. Атам - Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Оларға деген құрметім шексіз», – дейді апамыз.
Үкімет пен партия қай салаға жұмсаса да, еңбектен қорықпайтын, бел шешіп кірісіп кететін Клара Орынғалиқызының алғырлығын замандастары да әлі күнге айтып отырады. «Бұлдырты» кеңшарының мәдени шараларын жүргізу үшін аудандық мәдениет бөліміне қарасты автоклуб меңгерушісі әрі Көгеріс клубының меңгерушісі болып, мәдениет саласында да өнімді еңбек етті. Партия ұйымының ұсынысы бойынша 17 жыл Көгеріс ауылдық партия ұйымының хатшысы болып жүру де жеңіл болған жоқ. Партия талабын, алға қойған міндеттерді орындау үшін халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, саяси-әлеуметтік, шаруашылық мәселелерді шешу табандылық пен іскерлікті, тіпті батылдықты да қажет ететін. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Клара Орынғалиқызы аудандық кеңестің депутаттығына кандидат болып, әртарапты бағдарлама қабылдаған. Бағдарламада еңбек адамдарының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауыл мәдениетін көтеру, халыққа медициналық қызмет көрсету саласын жандандыру т.б. қарастырылған, сол бағдарламаны жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етті. Көгеріс елді мекеніне жаңадан мәдениет ошағын салдырып, іске қосқанының өзі бір төбе. 8 жылдық мектептің 10 жылдық мектепке айналуына, жаңадан балабақшаның салынып ашылуына үлес қосып, халық аманатын орындап, қарапайым еңбек адамдарына жаңа үй салдыруы да өткен күндердің ертегісіндей әңгімелер. Халық үшін атқарылған игілікті істерді ел де ұмытпайды. Өндірістік жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін, жастарға коммунистік тәрбие беру жолындағы белсенді қызметі үшін Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Клара Орынғалиқызы жемісті еңбегінің арқасында бірнеше қайтара аудандық, облыстық, республикалық сиездердің делегаты да болды. Ел ағаларымен иықтасып еңбек етті. Д. Қонаевтың қолынан да мақтау қағаз алды.
1990 жылдары шаруашылық ыдыраған соң бала-шағаның қамымен қалаға қоныс аударуға тура келді. Еңбек пен білім алуды ұштастырып жүретін Клара Орынғалиқызы Целиноград қаласындағы қаржы-экономикалық колледжін тәмамдап, «Мерей» сауда үйінде база меңгерушісі болып зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. «Бала туу, асырау арқылы ата-ана өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа – адам, қоғамға – қоғамдық қызметкер, мемлекетке – азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра кімде-кім оны орындамаса – айыпты» (Руссо). Бұл тұрғыда өрімдей төрт бала тәрбиелеп, қатарға қосқан Мұрат ағамыз бен Клара апамызда айып жоқ. Келісті қазақ келіні, киелі шаңырақтың отанасы болып, қазан аузын жоғары ұстады, өнегелі ұрпақ өсірді. Қазақ мәдениетінің туын көтеріп жүрген ел азаматы Нұрғисадай республикаға танымал дәулескер домбырашы, Наурыздай мемлекеттік қызметкер тәрбиеледі. Сәмбі талдай сұлу қыздары – Сындар мен Шынар да педагогика саласында еңбек етуде. Бүгінде ел анасы немерелерінің қызығына тоймай өмір сүруде. Мұрат ағамыз бен Клара апамыздың шаңырағы - тойы көп үй. Немересіне айтар ертегісі, келінге берер өнегесі таусылмайтын осындай қазақ әйелі елдің құты емес пе?! Клара апамыз 100 жасасын дегім келеді.
Мұрат Сабыр,
филология ғылымдарының докторы, профессор