4.05.2023, 9:30
Оқылды: 101

«Қалалық көпбейінді ауруханамен кураторлық байланыс жасаймыз!»

Артур Шерғалиевтің Сырым ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғанына 7 айдың жүзі болды. Оның кабинеті аудандағы экономика, бюджет саласына, қоғамдық-саяси әрі идеологиялық жұмыстарға жетекшілік етеді. Идеологиялық жұмыс – нәтижесі бір күнде көрініп – білінбейтін, бірақ салдары бір-ақ сәтте сыр беретін өте нәзік сала. Сырым ауданының бұл саладағы аяқалысы, ажар-келбеті қандай? Күн тәртібінде қандай мәселелер тұр? Әкім орынбасарымен осы жөнінде әңгімелестік.

IMG_9748

Артур Мұратұлы! Орал қаласының спортын дамытудағы еңбегіңізді, іскерлігіңізді әріптестеріңіз айтып жүр. Ал туған жерге білім-білік, тәжірибеңізден бөлек нақты қандай ой – жоспарлар алып келдіңіз?

Әрине, әр ауданның, әр ауылдың дамуын мемлекеттік саясат қамтамасыз етеді. Дегенмен, мемлекеттің мойыныма артқан міндетімен қоса перзенттік парызымды жете түсінемін. Туған жерімнің бір пайдасына жарасам деген ниет мені алға бастайды.

Сіздің сезінуіңізше, Сырым ауданының идеологиялық саласы қалай тыныстап тұр?

Біздің басты назар – әлеуметтік салада. Әлеуметтік сала – халықтың тұрмысы, тағдыры. Сырым өңірінде спорттың даму қарқыны өте жақсы. Жерлес спортшылар жеңісіне ел куә. Оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Жымпитыда жаңадан спорт залын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауданымызда жаңадан екі әмбебап спорт алаңы салынбақ. Нысанның біреуі БҚО Футбол ассоциациясының демеушілігімен салынады. Мәдениетке де көңіл бөлмей болмайды. Алдағы уақытта аудандық мәдениет ошақтарын жаңғырту бағытында жаңадан екі мәдениет үйі ғимараты салынады. Білім нысандарын жаңарту да – маңызды. Биыл Жосалы ауылдық округінің Қоңыр ауылының мектебіне күрделі жөндеуді жоспарға қойып отырмыз.
Білім беру саласында балалардың білім алуымен бірге қауіпсіздігін де ойлауға тиіспіз. Мектептердегі бейнекамераларды жаңарту қолға алынуда. Жуырда өткен облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында облыстық «Тәлімгерлік» бағдарламасын кеңейтуді ұсындым. Сол арқылы әлеуметтік осал топтардың балаларына тәлімгерлік тағайындау арқылы оларды қоғамдық өмірге тарту, жасөспірімдерді ортаға бейімдеу ісі ілгерілейді.
Облыстық білім басқармасына да бірқатар ұсыныстар түсірдік. Білім беру саласын дамыту бойынша облыстық деңгейдегі алдыңғы қатарлы мектептермен аудандық мектептер арасында байланыс орнату, олармен тәжірибе алмасу жұмысы кезекте тұр.

Ал балаларды қосымша біліммен қамту, демалысын ұйымдастыру жағы қалай?

Биыл оқушылар тасымалын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру үшін жаңадан 3 автобус берілді. Осы жылы жазғы лагерь Бұлан ауылынан Шағырлой ауылына көшірілуде. Шідерті жағасындағы «Достық» лагерінің ғимараты жөндеуге мұқтаж. Балаларға жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу мақсатында жаңадан бағдарламалар дайындалуда. Аудандағы туризм орталығын жөндеу, материалдық базасын жаңғырту бағытында облыстық білім беру басқармасына арнайы сұраныс хат жолданды.

Ауданның денсаулық сақтау саласындағы кадр жетіспеушілігі мәселесін қалай шешеміз?

Иә, бұл мәселе ауданда өте өзекті. Бүгінде ауруханамызға акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелі дәрігер терапевт, педиатр, хирург, онколог секілді мамандар жетіспейді. Ауылға жас мамандарды тарту мақсатында еліміздегі медицина саласы үшін мамандар даярлайтын алдыңғы қатарлы университеттерінің студенттерімен кездесулер өткізіліп, жас мамандарға берілетін бір жолғы көтермеақы, қызметтік үймен қамтылатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта осы мамандардың өзімен тікелей байланыста отырмыз.
Сонымен қатар, Орал қалалық көпбейінді ауруханамен кураторлық байланыс орнатылады. Яғни, аталған аурухананың білікті дәрігерлері аудандық ауруханаға келіп тұрғындарға қабылдау жасайды. Тәжірибе алмасу жергілікті дәрігерлер үшін де тиімді болады.
Қазіргі таңда аудандық аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ жасақталуда. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жаңадан «Соболь» жедел жәрдем көліктерін, жылжымалы медициналық кешен көлігін алу жоспарлануда.

Аудан билігі халықтың әлеуметтік желілерде көтеретін мәселелерін аңғара ма, сараптап, шешуге жұмыстана ма?

Иә! Біз үшін халықпен байланыстың қай жолы да ыңғайлы. Әлеуметтік желідегі жазбаның бәрі негізді, дәлелді деуге болмайды. Көңіл – күйдің ретімен я болмаса жеке мүдде үшін көтерілетін шу-даулар болады. Негізді болса, жұмыстануға дайынбыз. Арандатудан да, арандап қалудан да аулақ болғанымыз жөн. Қазақта «Қойшы көп болса қой арам өледі» деген сөз бар. Кейде ақыл айтушы, жөн – бағыт көрсетуші, сөйлеуші адам көбейіп, іс жасайтын жандар табылмай жатады.
Әрине, әлеуметтік желіде де халықтың шынайы жанайқайы, маңызды мәселелері көтеріліп жатады. Жолдарды, электр желілерін жөндеу, ұялы байланыс сапасын жақсарту, ауыз су – тұрғындар бетпе – бет кездесіп жүрген жанды мәселелер. Әріптестеріміз оларды шешіп, ауданды тұрғындарға өмір сүруге қолайлы ету үшін барын салып жатыр.

Алдағы мамыр, маусым айларында Сырым ауданы облыстағы мәдени – көпшілік шаралардың орталығына айналғалы тұрған секілді. Қандай тың жобалар қолға алынуда?
Иә, Жымпиты өңірі әуелден тарихи оқиғалардың орталығы, дәуірінің даңқы болып келді. Биыл Сырым ауданы жылды дүбірлі бастады. Алашорда үкіметінің құрылғанына 105 жыл және Алаш қайраткері, дәрігер, педагог Халел Досмұхамедовтың туғанына 140 жыл толуына орай наурызда «Далагер» аймақтық этнофестивалі өтті. Алаштану үрдісі Сырым ауданы осы мамырда Астана қаласында жалғастырады.
Ұлттық спортымыз – ұлттық рухымыз. Мамыр айының 5-9 - ы мамыр аралығында Жымпитыда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтеді. 8 мамырда Сырым даласына желаяқтар жиналып, Жеңіс күнінің құрметіне жартылай марафонға жүгіреді. 10 мамыр күні «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу кезеңі күрестің Отаны – Сырым ауданында өтеді. Аудан халқынан мәдени – көпшілік шараларға белсенді араласып, рух байрағын бірге желбіретуге шақырамын.

Руханият туралы сөз қозғап қалдыңыз. Халық қызметшілерінің ой – білім жағынан кемелденуі үшін газет оқығанның пайдасы бар деп санайсыз ба? Қандай газеттер оқисыз?

Әрине, мемқызметкерлердің дүние танымын, ой-өрісін кеңейтуде газет таптырмас жәрдемші. Жеке пікірім, әр адам газет оқуды өзінің хоббиіне айналдыру қажет. Зиялы адамның бір белгісі – оқыған болуы. Қалада қызмет еткен кезімде де туған жерімнің төл басылымы - «Сырым елі» газетін оқуды үзбедім. Себебі осы газет арқылы Сырым ауданының тыныс-тіршілігін, барлық өзекті де соңғы жаңалықтарды біліп отыруға мүмкіншілік мол. Қазіргі уақытта да «Сырым елі», «Ел және мұғалім», «Орал өңірі» секілді басылымдарға жазылып, оқимын.

Ендеше, өзіңіз айтып отырған аудан айнасына берген сұхбатыңыз үшін рахмет. Еңбегіңіз елге игілікті болсын!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале