Жеңіс күні — абырой мен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік сұм соғыста Жеңіске жеткізді. 9 мамыр — мереке ғана емес, бұл халықтың батырлығы, бұл жанкештілікпен жеңіске жету жолындағы ерен еңбек.
Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған мерекелік шара Теректідегі «Жеңіс» алаңында өтті. Жиынға аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова бастаған ел ағалары, еңбек және тыл ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Жиналған қауым, яғни аудан әкімі Әлия Биғазықызы, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, БҚО қорғаныс істері бойынша департаменттің бастығы, полковник Жақсылық Айтбаев, БҚО мәслихат депутаты Сержан Идиятов, «Аманат» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мерхат Ибраев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Білікбай Қазиханов, ауданның құрметті азаматары, бөлім басшылары соғыста қаза болғандарға арнап «Азат етуші жауынгер» ескерткешіне және Кеңес Одағының батыры Иван Зреловтің ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан әрі «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі би орындап, аудан өнерпаздары майдан әндерін шырқады.
Шарадан соң аудан әкімі ҰОС ардагері Александр Кушнердің жесірі Людмила Николаевна, тыл ардагері Карима Сағынғалиева, Теректі ауданының Құрметті азаматы Александр Поповтың үйлеріне барып, хал-жағдайын сұрап, мерекемен құттықтады.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz